Спорт

Бірінші айналым аяқталды

Премьер-Лига

2 «қызыл қағаз», 1 автогол, 2 және 4-минуттарда соғылған екі ең шапшаң гол, 90 минуттық екі таймға жалғанған қосымша уақытта соғылған екі гол…

Бірінші кезеңнің бірінші айналымының соңғы кездесулерін шамамен осылай суреттеуге болатын шығар.

11-турды «Ақтөбе» Қызылордада өткізді.

Бөгде алаңды жатсынды ма, әлде нұсқау дұрыс берілмеді ме, әйтеуір жерлестеріміз әп дегеннен қателесумен болды. Қорғаушыларымыз қақпашы Андрей Сидельниковке мығым қамқорлық жасай алмады. «Қайсардың» қарсыластар үшін қауіпті футболшысы Владимир Аржанов әуелі 16-минутта, сосын 41-минутта соққан екі гол үшін Андрейді айыпқа жығудың тіпті де жөні жоқ. Екі ретте де ақтөбелік қорғаушылар бұған дейін де әбжілдігімен танымал, «Тараз» бен «Шахтерді» жеңуге қақпаға өзі енгізіп жіберген доптарымен үлес қосқан, барлық кездесулерге де үзіліссіз қатысып келе жатқан жартылай қорғаушы В.Аржановты бақылаудан тыс қалдырып қойды. Әрі-беріден соң қызылордалық бұл футболшы аяғына оңтайлы келе қалған, ешкім де тартып алуға тырыспаған доптарды қақпаға бағыттай салмағанда үлкен сынға ұшырар еді.

Рас, екінші таймда Витор Жуниор мен Игорь Зенькович «Қайсардың» қақпасына бірінен соң бірін «жұмсап», екі гол тоғытты. 50 және 56-минуттардағы осы басымдылық, әттең, жалғасын таппады. Мейлі, сырт алаңда тең ойынды да азсынбайық деп отырғанымызда Оралдан келген төреші Денис Тевяшов қос команда футболшыларының арасындағы әлдебір қақтығыс-кикілжіңге белсене араласып, алаңның ортасында жүрген теңбіл допты дереу қайырып әкеліп, он бір метрлік нүктеге қойғызды. Оған қоса Папа Гуйеге «қызыл қағаз» көрсетіп, жасыл алаңнан сырттатты. Мұндай оқыс шешімнің себебін стадион толы жанкүйерлер де, пенальтиді мүлтіксіз орындаған Мақсат Байжанов та түсіне қойған жоқ. Былайша айтқанда «апам да аң-таң, мен де аң-таңмынның» кебі болды да қойды.

Жанкүйерлерді онсыз да жалықтырмаған ойын осылайша тым «қызықты» болып аяқталды.

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 3:2
Гол авторлары: В.Аржанов, 16-минут (1:0); В.Аржанов, 41-минут (2:0), В.Жуниор, 50-минут (2:1); И.Зенькович, 56-минут (2:2); М.Байжанов, пенальти, 90+3 минут (3:2).
Ескерту қағазын алғандар: А.Ламанж, 80-минут; В.Чуреев, 85-минут; Д.Камара, 86-минут («Қайсар») — В.Жуниор, 19-минут; Б.Айтбаев, 32-минут («Ақтөбе»).

90-минутта П.Гуйе («Ақтөбе») жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников (капитан), Кассиано (Игорь Зенькович, 46-минут), Жуниньо, Витор Жуниор (Абылайхан Тотай, 90+2 минут), Александр Воловик, Папа Гуйе, Иури Мамуте, Берік Айтбаев, Бауыржан Байтана, Асланбек Кәкімов, Антон Шурыгин (Рафхат Аслан, 61-минут).

6 мамыр. Қызылорда. Ғ.Мұратбаев атындағы стадион, қосалқы алаң. 2000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Атырау»-«Қайрат» — 2:1

Гол авторлары: Ян Вороговский, автогол, 26-минут (1:0); Владимир Двалишвили, 49-минут (2:0); Бауыржан  Тұрысбек, 90+6 минут (2:1).

6 мамыр. Атырау. «Мұнайшы» стадионы. 3500 адам.

«Тобыл»-«Астана» — 1:1

Гол авторлары: Алексей Щеткин, 71-минут (1:0); Жуниор Кабананга, 75-минут (1:1).

6 мамыр. Затобольск кенті. «Затоболец» стадионы. 2000 адам.

«Тараз»-«Оқжетпес» — 0:1

Гол авторы: Тимур Досмағамбетов, 45+1 минут (0:1).

26-минутта екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Берік Шаихов («Оқжетпес») жасыл алаңнан қуылды.

6 мамыр. Тараз. Орталық стадион. 3000 адам.

«Шахтер»-«Ертіс» — 0:1
Гол авторы: Пірәлі Әлиев, 4-минут (0:1).

6 мамыр. Қарағанды. «Шахтер» стадионы. 1000 адам.

«Ордабасы»-«Ақжайық» — 3:0

Гол авторлары: Пабло Фонтанелло, 2-минут (1:0); Темірлан Ерланов, 50-минут (2:0); Таңат Нөсербаев, 64-минут (3:0).

6 мамыр. Шымкент. «Намыс» стадионы. 3000 адам.

Бірінші айналымның қорытынды кестесіне келсек, көш басында бұрынғыша «Астана» тұр — 24 ұпай.

22 ұпай жинаған «Ордабасы» мен 20 ұпай жинаған «Ертіс» 2-3 орындарды бөлісті.

19 ұпайы бар «Қайрат» үштіктен сырғып, 4-орынға түсті.

5-орында 18 ұпайы бар «Тобыл» қалса, 6-орынға 15 ұпай жинаған «Қайсар» көтерілді.

«Ақжайық» 13 ұпаймен 7-орынға түссе, 8-орындағы «Оқжетпес» 11 ұпай жинады.

«Атырау» 9 ұпаймен 9-орынға көтерілсе, «Тараз» 7 ұпаймен 10-орынға ығысты.

11-12 орындардағы «Ақтөбе» мен «Шахтер» 6 ұпайдан ғана жинады.

Бірінші айналымда ең көп (23) гол соққан команда — «Қайрат».

Ал өз қақпасына ең көп (17) гол енгізіп алған команда үшеу — «Ақжайық», «Тараз», «Шахтер».

«Ақтөбе» 9 кездесу өткізіп, 1 рет жеңіске жетсе, 3 рет тең ойнады, 5 рет ұтылды. Қарсыластар қақпасына 8 гол соғып (оның біреуі — автогол, Д.Чертов, «Оқжетпес»), өз қақпасына 13 гол енгізіп алды. Осылайша бірінші айналым, әрине, «Ақтөбе» үшін сәтті болмады. Дегенмен алда әлі үш айналым бар екендігін де ұмытпағанымыз жөн. Чемпионат басталысымен үш жеңіске жетіп, турнир кестесінің басында жүрген «Қайсардың» кейін 7 тур бойы жеңіске жете алмай қойғанын немесе ең соңғы сатыдан әзер көтерілген «Атыраудың» соңғы турда «Қайратты» ұтып кеткенін көріп отырмыз. Ендеше алдағы күндерге үміт артайық.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович — 2 доп;

Жуниньо — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Кассиано — 1;

Бауыржан Байтана — 1;

Витор Жуниор — 1.

Бір ескерерлік жайт, қазірге дейін төрт команда («Ордабасы», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл») 12 кездесуден өткізсе, төрт команда («Астана», «Ақжайық», «Қайсар», «Тараз») алаңға 11 реттен шықты. «Оқжетпес» пен «Шахтер» 10 ойыннан өткізсе, «Атырау» мен «Ақтөбе» өткізген кездесулер саны — 9.

Мергендер көшін 9 доппен Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

*   *   *

Бірінші кезеңнің екінші айналымының ойындары 14 мамыр, жексенбіде басталады. Бұл күні өтетін 12-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдайды. Қостанайлықтармен бірінші айналымда тең ойнағанбыз — 0:0.

Басқа ойындар:

«Астана» — «Ертіс»

«Атырау» — «Ордабасы»

«Оқжетпес» — «Қайрат»

«Тараз» — «Қайсар»

«Шахтер» — «Ақжайық»

P.S.10 мамыр, сәрсенбі күні Қазақстан Кубогының ¼ финалының ойындары өтеді. Бір ғана кездесуден тұратын бұл ойынды «Ақтөбе» сырт алаңда өткізеді. Мұнайшылар астанасында «Атыраумен» күш сынасады.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button