Спорт

Бас мүфтидің жүлдесі үшін белдесетін ақтөбелік палуандар анықталды

Ақтөбе қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде мешіт жамағаттары арасында еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін қазақ күресінен IV республикалық турнирдің облыстық іріктеу кезеңі өтті.

Сайыста қала және аудан мешіттерінен келген 14 палуан өзара сынға түсті. Жарысқа Ақтөбе облысы бойынша ерлер арасында бас бапкер, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Бақтыбай Кеңесұлы, қазақ күресінен Ақтөбе облысы бойынша жастар арасында бас бапкер Нұржан Талжанов және аталған спорт мектебінің бапкерлері Мейрамбек Әбішев пен Азамат Жалғасов төрелік етті. Жиында «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан мен облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Орта есеппен 80-95 келі салмақ дәрежесінде белдескен көк және қызыл белбеулі палуандардың ойыны тартысқа толы болды. Ойынды тақымын қыса тамашалаған көрермендер барлық ойыншыларға бірдей жанкүйер болып, шаршы алаңға шыққан спортшыларға қолдау білдіріп, қолпаштап отырды. Палуандардың кіл мықтылары ғана ақтық сайысқа өтті. Соның ішінде, соңғы айналымға өткен Темір, Мұғалжар, Байғанин және Шалқар ауданының төрт майталман спортшылары өзара белдесіп, бас жүлде үшін сынға түсті.

Нәтижесінде көк белбеулі қарсыласына есе жіберген мұғалжарлық балуан Ерлан Көзбағаров төртінші орынға табан тіресе, шалқарлық Иса Нұржан ІІІ орынды иемденді. Темір ауданының палуаны Дархан Орынбаев ІІ орынға ие болды. Ал ақтық мәреде айқын басымдық көрсеткен Байғанин ауданының балуаны Төлеужан Жолмұханов іріктеу сайысының жеңімпазы атанып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Сайыстың белгіленген жүлде қоры бойынша І орынға 70 000 теңге, ІІ орынға — 50 000, ІІІ орынға — 30 000 және ІV орынға 20 000 теңгелік арнайы сертификаттар мен өкіл имамның атынан Мадақтамалар табысталды. ІV республикалық турнирге жолдама алған төрт палуан ақтық мәреде облыстың абыройын қорғап, Бас мүфтидің жүлдесі үшін белдесетін болады.

 Облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button