Спорт

Тағы да үміт ақталмады

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Тараз» — 1:1

10-турда «Шахтер» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Сырт алаңда ұтысқа ие болған «Ордабасы» «Қайраттан» екінші орынды тартып алды. «Ертіс» алғашқы үштіктен тыс қалды. «Ақжайық» алғашқы алтылыққа ілікті. «Атыраудан» жеңілген «Қайсар» турнир кестесінің екінші бөлігіне ығысты.

Ал Ақтөбеде футболды Орталық стадионда тамашалайтын күн де жетті. Мамыр айының алғашқы күндерінде бұндай қуанышқа қашан кенелгендері жанкүйерлердің есінде қалмаған да шығар. Оның үстіне бұл кездесуді көруге «Ақтөбенің» бұрынғы шебер футболшысы Эмиль Кенжесариевтің келуі тіпті елеулі оқиға болды.

Ал футбол есебі, расын айту керек, 8 мың жанкүйерді аса шаттандырған жоқ, тамаша алаңға ойнақтай шыққан футболшыларымыз өз қаламызда тағы да жеңіске жете алмады.

«Ақтөбе» ойынды әдеттегісінше белсенділікпен бастады. Витор Жуниор мен Жуниньо бірден шабуылдар ұйымдастыруға кірісті. Оларға Иури Мамуте қосылды. Бірақ тараздықтарды қапы қалдырудың сәті түсе қоймады. Рахымжан Розыбакиев допты бос қалған қақпаға басымен бағыттай алмай пұшайман болып қалды. Сөйтіп жүргенде қонақтар әбжілдік көрсетті. Сирек қарсы шабуылдардың бірінде Максим Фещук ақтөбелік қақпашы Андрей Сидельниковті алдап соқты — 0:1.

Бұл есепті жерлестеріміз бірінші таймның соңына таман өзгертуге мүмкіндік алғандай болып еді, бірақ ашық қақпа алдына келе қалған Асланбек Кәкімов нысананы дәл көздей алмады.

Екінші таймда алаң иелері шабуылдарды үдете түсті. Ақыры Бауыржан Байтана 57-минутта стандартты жағдайды сәтті пайдаланды. Оның қитұрқылықпен тепкен добы айып алаңында жүргендердің барлығының үстінен асып түсіп, тоғыздықты дәл тапты — 1:1.

Енді ақтөбеліктер басымдыққа ие болуға тиіс еді, тағы да сәті түспей қойды. Игорь Зенькович тәп-тәуір соққы жасағанымен тараздық қақпашыдан айласын асыра алмады. Одан кейін қонақтар мықты қорғанысқа көшіп алды. Жерлестеріміз қосымша уақыттағы тиімді сәтті де пайдалана алмады.

Сонымен Орталық стадиондағы алғашқы кездесу ақтөбеліктер үшін әйтеуір ұтылып қалмағанымызға шүкіршілік ететіндей көңіл жұбатарлық есеппен ғана аяқталды.

«Ақтөбе»-«Тараз» — 1:1

Гол авторлары: Максим Фещук, 27-минут (0:1); Бауыржан Байтана, 57-минут (1:1).

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Жуниньо, Витор Жуниор, Чако Торрес (Диас Морейра Кассиано, 46-минут), Александр Воловик, Папа Гуйе, Иури Мамуте, Бауыржан Байтана (Игорь Зенькович, 61-минут), Рахымжан Розыбакиев (Абылайхан Тотай , 46-минут), Кирилл Шестаков, Асланбек Кәкімов.

«Тараз»: Джурахон Бабаханов, Мохаммед Диара (Антон Молтусинов, 11-минут), Максим Фещук, Руслан Мухаметшин, Евгений Шипицин, Андрей Горбанец, Неманья Миюшкович, Бекзат Шадманов, Бактиер Зайнутдинов (Мадияр Райымбек, 71-минут), Нұртас Кургулин (капитан) (Мақсат Әмірханов, 87-минут), Абзал Таубай.

Ескерту қағазын алғандар: Жуниньо, 27-минут; И.Мамуте, 33-минут; К.Шестаков, 44-минут; В.Жуниор, 45+1 («Ақтөбе») — Б.Шадманов, 39-минут; Н.Кургулин, 45+1 минут; М.Райымбек, 87-минут; Р.Мухаметшин, 90+2 минут («Тараз»).

2 мамыр. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 8000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Оқжетпес»-«Шахтер» — 0:2
Голдардың авторы: Айдос Тәттібаев, 20-минут (0:1); 71-минут (0:2).

2 мамыр. Астана. «Астана Арена» стадионы. 500 адам.

«Ертіс»-«Ордабасы» — 0:1

Гол авторы: Пабло Фонтанелло, 75-минут (0:1).

2 мамыр. Павлодар. Орталық стадион. 4500 адам.

«Астана»-«Қайрат» — 1:1

Гол авторлары: Исламбек Қуат, 34-минут (0:1); Срджан Граховац, 87-минут (1:1).

2 мамыр. Астана. «Астана Арена» стадионы. 14 500 адам.

«Ақжайық»-«Тобыл» — 1:0

Гол авторы: Эдуард Сергиенко, 76-минут (1:0).

2 мамыр. Орал. «Ақжайық» стадионы. 2000 адам.

«Атырау»-«Қайсар» — 1:0

Гол авторы: Новица Максимович, пенальти,  49-минут (1:0).

2 мамыр. Атырау. «Мұнайшы» стадионы. 2500 адам

*   *   *

10-турдың нәтижелері:

Бұл турда 9 гол соғылды. Алаң иелері 4 гол соқса, қонақтар 5 доп өткізді.

Екі ойында қонақтар жеңіске жетсе, алаң иелері екі ойында ұтты, екі кездесу тең есептермен аяқталды.

Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ.

Чемпионат басталғалы 1:1 есебі оныншы рет қайталанды.

Бір футболшы бір ойында екі гол соқты —  Айдос Тәттібаев («Шахтер»)

Бір пенальти белгіленіп, орындалды.

Турнир кестесіне келсек, көш басында 23 ұпаймен «Астана» тұр.

2-3 орындарды 19 ұпайдан жинаған «Ордабасы» мен «Қайрат» бөлісті.

4-5 орын иелері — 17 ұпайы бар «Ертіс» пен «Тобыл».

6-орынға 13 ұпайы бар «Ақжайық» көтерілсе, 12 ұпай жинаған «Қайсар» 7-орынға түсті.

8 ұпайы бар «Оқжетпес» 8-орында, 7 ұпайы бар «Тараз» 9-орында тұр.

10-12 орындардағы үш команда 6 ұпайдан жинады: «Атырау», «Ақтөбе», «Шахтер».

Бір ескерерлік жайт, қазірге дейін төрт команда («Ордабасы», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл») 11 кездесуден өткізсе, төрт команда («Астана», «Ақжайық», «Қайсар», «Тараз») алаңға 10 реттен шықты. «Оқжетпес» пен «Шахтер» 9 ойыннан өткізсе, «Атырау» мен «Ақтөбе» өткізген кездесулер саны — 8.

Мергендер көшін 9 доппен Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

Жуниньо — 1 доп;

Кирилл Шестаков — 1;

Игорь Зенькович — 1;

Кассиано — 1;

Бауыржан Байтана — 1.

*   *   *

6 мамыр, сенбі күні өтетін 11-турда «Ақтөбе» Қызылордада «Қайсар» командасымен кездеседі.

Басқа ойындар:

«Тобыл» — «Астана»

«Ордабасы» — «Ақжайық»

«Атырау» — «Қайрат»

«Шахтер» — «Ертіс»

«Тараз» — «Оқжетпес»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button