Ауыл

Кедергі — кепілмүлік

Қараой ауылындағы «Сатым» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі — Ойыл ауданында алғаш құрылған кооперативтердің бірі. Бүгінде бұл кооперативтің құрамында 5 мүше бар.

Кооператив басшысы Жақсылық Хамзиннің айтуынша, кооператив өткен жылы мамыр айында құрылған. Кооператив материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында лизинг бойынша «АқтөбеАгросервис» ЖШС несиелік мекемесі арқылы қажетті техникаларға тапсырыс бермекші.

Облыс орталығына барып, құжаттарымызды дайындауға жол қатынасы қиындық келтіріп отыр. Көп ұзамай техникаларға тапсырыс беруіміз керек. Бізге әзірге екі трактор керек. Қазір кооперативімізде 400 гектар егістік, 3000 гектар жайылымдық жер бар. Көктемде егіс егу жұмыстарын қолға алып, арпа, тары, суданка дақылын еккіміз келеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 16 миллион теңге несие алып, егістікке қажет құрал-жабдықтарды сатып алсақ дейміз. Алайда бізге қазір кепіл қою мәселесі қолбайлау болып тұр, — дейді Ж.Хамзин.

Кооператив басшысы ауылдағы үйлердің бағасы тым арзанға бағаланатынын, басқа кепілге қоятын мүліктің жоқ екенін айтады. Ал қордан көп мөлшерде несие алу үшін бағалы кепілмүлік қажет.

  • Қазір кооперативтердің көбі осы мәселеге байланысты мемлекеттен несие ала алмай отыр. Сондай-ақ, ауылдағы тұрғындардың дені кооперативке бірігудің тиімділігін түсінбейді. Біздің Қараой сияқты ауылдық жерлерге келіп осы мәселеге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мамандар жоқ. Халық жеке малын кооперативке біріктіруге қорқады. Біздің кооперативте қазір бес-ақ мүше бар. Тағы да келіп қосылатындар бар. Бірақ олар кооператив өз жұмысын әлі тыңғылықты бастамаған соң ойланып отыр, — дейді шаруа.

Қазір «Сатымның» құрамында екі шаруа қожалығы бар. Олар  — «Ұлан» және «Барыс» шаруашылықтары. Екі қожалықтың техникалары алдағы уақытта егін егу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, кооперативте 50 ірі қара, 100 шақты қой, он шақты жылқы бар.

Жақсылық Хамзиннің мамандығы — агроном. Сондықтан ол егіс егудің қыр-сырын жақсы меңгерген. Бүгінге дейін ол басқарған «Барыс» шаруа қожалығы тары егумен айналысыпты. Енді ұжым да осы салаға бет бұрмақ.

— Кепілмүлік тауып, несие алсақ, ет бағытындағы мүйізді ірі қара малын көбейтіп, мал шаруашылығын да дамыту ойымызда бар. Оралдан ақбас сиыр тұқымын әкеліп, өсіргіміз келеді. Мал бордақылайтын, мал соятын алаң салмақшымыз.  Жоспар көп, ал оны жүзеге асыру қаражатқа байланысты, — дейді кооператив басшысы.

Айта кету керек, қазір кооперативте екі трактор, бір шөп машинасы, бір тіркеме мен тырма бар.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button