АуылЖаңалықтар

Қысқа уақытта жедел қимыл қажет

Көктемгі егіс

Ақтөбе аймағында биыл қыс созылып, көктем көп кешігіп жетті. Бұған дейінгі жылдарда сәуір айында көп шаруашылықтарда көктемгі егіс науқаны бірыңғайланып қалатын еді. Биыл олай болмады. Міне, мамыр айы табалдырық аттағалы тұр, бізде қырға техникасын шығармаған шаруашылықтар бар. Тіпті бірсыпыра серіктестіктер мен шаруа қожалықтары әлі күнге күбінумен отыр. Бұлай бөгелуге науқанның қалған аз күні мұрса бермейді. Ылғал жабу, егіс себу жұмыстарына өте жедел, қапыл кірісетін кез келді. Олай жасалмаса, жер кеуіп кетіп, кеш себілген дән бас тартпай, көктемей, еңбек зая кетуі әбден мүмкін. Егістің бабын білетін басшылар, мамандар осылай дейді.

Осы қысқа мерзімде облыс  диқандарының алдында тұрған міндет аса ауқымды. Биыл 641,7 мың гектар алқапқа егіс салынады деп жоспарланып отыр. Бұл былтырғы жылғы салынған егіс көлемінен 74,2 мың гектарға артық. Осы жылғы егістің 383, 9 мың  гектары дәнді, 40,6 мың гектары майлы, 205,9 мың гектары мал азығындық дақылдар. Мұнымен бірге,  6,13 мың гектар картоп және 5,17 мың гектар көкөніс-бақша салынады.

Көп жағдайда жазы қуаңшылықты келетін біздің өңірде табиғатқа тәуелді болмаудың бір жолы — суармалы егісті дамыту екені даусыз. Бұл жұмыс облыс әкімінің тікелей қадағалауымен  өткен жылдан бастап қолға алынды. Биыл суармалы жерлерді 18,3 мың гектардан 21,5 мың гектарға дейін өсіру жоспарланып отыр. Алдағы екі жылда қолданыстағы суармалы жерлердің көлемін 40 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Мамандардың мәлімдеуінше, дәнді дақылдар егісіне қажетті тұқым артығымен бар. Облыс аудандары барлық ауылшаруашылық  дақылдарының тұқымдарымен толық қамтамасыз етілген.

Көктемгі егіс науқанын өткеруге қажетті техника дайын, жанар-жағармай жеткілікті.

Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер алуға да облыс әкімшілігі тарапынан жағдайлар жасалып отырғанын айтады. Бұл ретте мемлекеттік жақсы қолдау көрсетілуде. Мәселен, ағымдағы жылы өсімдік шаруашылығын қолдауға 1 297,8 млн теңге бөлінді. Оның ішінде минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 38,4 млн теңге, гербицидтерді субсидиялауға 192,8 млн теңге қаралған. Бұл өткен жылғы бөлінген қаржыдан артық. Сондай-ақ тұқым шаруашылығына, жабық топырақта көкөніс өсіруге де субсидия беріледі. Көктемгі далалық жұмыстарды уақтылы жүргізу үшін қаржы-несиелік мекемелердің де қызметі әзір.

Жалпы, науқан алдындағы осындай дайындық шараларын саралап қарасақ, облыста биылғы көктемгі далалық жұмыстарды уақтылы өткізуге мүмкіндік бар.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button