Білім

Балдырған

Атамды ардақтаймын

Тарих — таразы. Жылдар жылжып өткен сайын ата-әкелер даңқын паш ететін естеліктер көбірек жазылуда. «Ат ауыздықпен су ішкен, ер етікпен су кешкен» шақтың суреттерін біз мектеп бағдарламасына енген шығармалар мен көркем әдебиеттерден оқып білеміз. От-жалынға оранған олар майдан даласында қас дұшпанмен шайқасып, қан төкті.

Менің атам Қайырғали Нұрдәулетов те сол оқ пен оттың ортасынан оралған еді. Ол 1940 жылы 20 тамызда қызыләскер қатарына шақырылады да, содан соң соғысқа қатысады.

Мен атамның соңында қалған құжаттары мен өзі 1975 жылы 31 наурызда жазған естелігінен мына жайларды білдім. Атам 1941 жылдың ақпанынан 1944 жылдың қазан айына дейін 116-атқыштар полкінде бөлімше командирі болған . Мәскеу, Ржев, Сталинград, Ростов, Таганрог аймақтарындағы майдандарда соғысқан. Атам майдандас жолдастары — командир Яковленко, Бекішев, лейтенант Дүсіпалин, Катцов, жерлестері Бөкен Ақмолдин, Сәрсен Досмағамбетов,Таңатар Тұрниязов, т.б. есімдерін тізіп жазып қойыпты.Осылайша соғысқан атам 1944 жылы 21 қазанда әскер қатарынан денсаулығына байланысты босатылған, екінші топтағы соғыс мүгедегі еді. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, көптеген медальдары болды.

Мен Жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қоса білген атамның атын ардақ тұтамын.

Серікболсын БОЛАТОВ,

Жарқамыс орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Байғанин ауданы.

Біліп жүр

Қой дельфиннен ақылды ма?

Әдетте, қойда титімдей де ақыл бар екендігіне күмәнданамыз. Расында солай ма?

Қой, мысалы, әр нәрсені есінде сақтауға аса қабілетті болып келеді. Айталық, олар өзінің бақташысын, бағып жүретін итті және өз отарындағы қойларды есінде мықтап сақтап қалады, таниды немесе басқа отардан қосылған қойларды бірден аңғарады.

Осыларға қарағанда қой дельфиннен гөрі ақылды сияқты көрінеді. Ал Витватерсранд университетінің (Оңтүстік Африка Республикасы) ғалымдары дельфиндердің миының ірілігінің зор үлесі нейрондарға емес, салқын суда ми жұмысын реттеп отыратын жасушаларға байланысты екенін дәлелдепті.

Пілдің  терісі қалың ба?

Сыртқы түріне қарап пілдің терісінен қалың тері болуы мүмкін емес сияқты көрінеді.

Толықтай мұндай қорытынды жасауға болмайды. Расында пілдің терісінің қалың тұсы арқасы мен бүйірінде ғана. Ал қалған дене бөліктеріндегі терілері кәдімгі адамдардікі тәрізді нәзік келеді, тез тітіркенеді. Бұл бөліктердегі терілер, мысалы, аптап ыстықта біздің теріміз сияқты күн сәулесіне «күйіп» үлбіреп қалуы мүмкін.

Менің ертегім

Ағаштың арманы

Орманшының үйіне қонаққа келген бала ат қып мініп шапқылау үшін бір жас шыбықты сындырмақ болады. Сол кезде ол ағаштардың әңгімесін естіп қалады.

Ақ қайың:

— Мен өскенде бесік боламын. Кішкентай бөбекті тербетемін. Бесік жырын естіп, рақатқа батамын. Бақыт деген осы емес пе? — дейді.

Ал теректің жас шыбығы:

— Мен өскенде түрлі-түрлі ойыншық боламын. Балаларды ойнатамын. Ертеңнен кешке шейін ойнаймыз. Қызыққа батамыз, — депті жапырағы жайқалып.

— Мен өскенде түрлі-түрлі жиһаз боламын. Адамдар шаршағанда маған отырып демалады. Сөрелеріме кітаптарын, заттарын қояды, — депті емен.

Ұзын бойлы қарағай:

— Мен ше, мен үлкен үй боламын. Бәрің менің ішімде тұрасыңдар. Адамдар қыста тоңбайды, жазда ыстықтамайды. Үй болған қандай жақсы, — депті шаттана.

— Ал, мен кім боламын? — депті сонда бала олардың айтқандарына қызығып.

— Сен бе, сен, — депті үйеңкінің жас шыбығы ойлана, — сен өскенде ағаш шебері бол. Сонда біз айтқан армандарымызға жетеміз.

— Мақұл! — депті бала қуана.

Ол жас шыбықтарды сындырмапты. Сол орманшының баласы өскенде атақты ағаш шебері болыпты. Әлгі ағаштарды арманына жеткізіпті.

Хадиша ЖАРЫЛҚАСЫН,

№  32 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқушының өлеңі

Мен таудың қызымын

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін бәріміз қызыға оқимыз. Ақын өлеңдері бізді де бірден баурап алады. Ақынның «Мен таулықпын» өлеңі маған қатты әсер етті. Мен Мұғалжар деген таулы жерде тұрамын. Ақынға еліктей отырып, мен өлең шығардым.

Мен таудың қызымын,

Жас түлектің бірімін.

Көкірегін аймалап,

Көктеп шыққан гүлімін.

Қарлығаш ҚҰЛМҰҚАНОВА,

Мұғалжар орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Мұра

Мұқағали мұрасы —

Мұрасы елімнің.

Ақын ол, расы,

Өзіндей өмірдің.

Сезілген сөзінен

Мінезі жайдарлы.

Өмірдің өзі ол,

Өлеңге айналды.

Құрметтеп ел оны,

Өшірмес санадан.

Өлеңі өйткені,

Аумайды анадан,

Аумайды ағадан,

Аумайды баладан,

Аумайды данадан.

Жырлары жатталып

Қалады санада.

Бар ойын ақтарып

Айтады бала да.

Қиналған кездерде

Жазды ол мұңдарын.

Халқына арнады

Ол барлық жырларын.

Қайрат ҚОЙШЫБАЕВ,

Ақтоғай орта мектебінің оқушысы.

Қотыртас ауылы,

Шалқар ауданы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button