Спорт

Көктемгі қашықтықтар

Дәстүр

Өткен сенбіде олимпиада резервтерін дайындайтын орталықтың стадионында облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін жеңіл атлетикадан дәстүрлі көктемгі жарыс өтті.

Жарысқа Ақтөбе қаласынан және бес ауданның — Қобда, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау және Алға өңірінің спортшылары қатысты. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдердің бес спорт мектебінің, үш оқу орнының — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің және Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының жеңіл атлеттері қатысты.

Биылғы жарыс Ақтөбе облысының құрылғанына 85 жыл толуына және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған  көрменің құрметіне арналды.

Он жас санаты бойынша өткен жарыста 170-ке жуық қатысушының ішінен жеңімпаздар анықталды. Жарысқа жастармен қатар, ардагерлер де қатысты. Барлық спортшы негізінен 1000 метрге жүгірді. Тек 18 жастан жоғары ер адамдар 3000 метр қашықтыққа жүгіруі тиіс болды.

Жарыс өте қызық болды. Әсіресе, орташа және ұзақ қашықтыққа жүгіру сайысы өте тартысты болды. Бұл — біркелкі жүгіріс болғанмен, шындығында ішкі тактикалық күреске толы жаттығу.  Жеңіске ең шыдамды емес, әр басқан қимылын сауатты бақылайтын спортшы ғана жетеді. Сондықтан бұл жарыста тактиканы дұрыс ұстанбаған спортшылар жүгіру алаңынан шығып кетіп жатты.

Бірінші орынды өзінің жас ерекшелігіне байланысты: қыздар арасында — Ксения Антонина (Қарғалы ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі), Надежда Балясная (Қобда ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі), Анастасия Ступченко (АЗФ), Александра Ермағамбетова (АЗФ), жасөспірімдер арасында — Абдурахим Тұрлыбай (Қобда ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі), Арыстан Пангиреев (Қарғалы ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі), Иван Штепа (көппрофильді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі), ерлер арасында — Шамиль Тереғұлов (Ақтөбе). Ардагерлер арасында бірінші болып мәре сызығына келгендер —  Роза Қанапина (Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті) және Нұртас Наурызбеков (Әуе қоғаныс күштері әскери институты).

Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға медальдар мен дипломдарды бұрынғы белгілі жеңіл атлетші, КСРО спорт шебері, республикалық және бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы Ахтям Сүлейманов табыстады. Айтпақшы, атақты ардагер әлі де жаттықтырушы болып қызмет істейді және оның екі шәкірті жарыстың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, спортшыларға марапатты спорт саласының ардагерлері Бақытқали Шоқаев, Владимир Кореньков және облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Мирал Жармұхамбетовтар табыстады.

 Түгел ДАУЫЛТАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button