Ауыл

Мәжіліс депутаттары ауылға келді

Өткен сенбіде Ойыл ауданына  Парламент Мәжілісінің депутаттары Ұзаққали Елеубаев, Дауылбай Құсайынов және Өстемір Бектөреев бастаған ақпараттық насихаттық топ келіп, алдымен ауданның активімен, соңынан Көптоғай селосының тұрғындарымен кездесті.

Мәжіліс депутаттарын ауданның мекеме басшыларына аудан әкімі Қанатбай Елеусізұлы таныстырып, аудан туралы қысқаша анықтама берді. Мәжіліс депутаты Өстемір Бектөреев Елбасының биылғы Жолдауы туралы әңгімеледі. Өткен жылдардағы жетістіктерге тоқталды. Елбасының биылғы Жолдауында алға қойылған міндеттердің ауқымы кең. Таяу онжылдықта әр саланың атқаратын ісін саралаған Жолдаудың басты бағыты — халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Ақпараттық топ мүшелерінің бәрі де бұрынғы ауылшаруашылығы саласының мамандары екен. Сондықтан ауыл азаматтарының сауалдары да Жолдаудағы Үкіметке жүктелген агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы міндеттерден бастау алды. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұрасыл» шаруа қожалығының төрағасы Аманғали Өмірғали ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру үшін мал өсірумен айналысатын шағын қожалықтарды қолдау туралы айтты. Ал  «Тәуекел» шағын несие қорының төрағасы Қонақбай Сәттібаев несие ұйымдарын қаржыландыру жолдарын қарастыруға ұйытқы болуларын өтінді. Аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Мұқан Тілеубаев мемлекеттік «Тұрғын үй» бағдарламасы бойынша ауданда салынатын үйлерге жергілікті материалдарды қолдану жайын қозғаса, Шадияр Байдуллин несие берушілердің кепілдікке алатын мүліктің ішінде малдың көлемін 30-дан 50 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Темірбек Қуатов «Ауыз су» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлердегі жүргізіліп жатқан құбырдың қызметін келешекте тұрақты қамтамасыз етудің жолдарын сұрады. Өйткені, шығынын ақтамайтын нысанды ешкім иелігіне алғысы келмейді. Ауылдың осындай маңызды мәселелерін алға тартқан азаматтардың қай сауалы да депутаттар тарапынан жауапсыз қалған жоқ. Заң шығарушы органның өкілдері кейбір мәселелерді Үкіметке жеткізуге уәде берді.

Ал, Көптоғай селосындағы кездесуде «Көптоғай» ЖШС-нің төрағасы Сисен Бердембаев шаруашылыққа асыл тұқымды мал сатқаны үшін берілетін субсидияға енгізілген соңғы өзгерістер сатып алушының мүддесін көздейтінін айтса, «Идеят» шаруа қожалығының егесі Тілек Әміров шаруаларға берілетін несиенің үстемесі жоғары екенін сынға алды. Ауыл мұғалімі Айман Еспембетова әйелдердің зейнет жасы туралы сауал қойса, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Мүсіров халық қалаулыларынан Елбасына елдің бүгінгі жетістігі үшін шынайы алғысын жеткізуді өтінді.

Депутаттармен бірге, бұл кездесуге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button