Басты жаңалықтар

Орынборда Ақтөбе облысының күндері басталды

Шекаралық ынтымақтастық тарихында алғаш рет Орынбор облысында Ақтөбе облысының күндері өтуде.

Бұл ауқымды іс-шаралар аймақтардың одан әрі ынтымақтастығы үшін өзара мүдделер аумағын жақындатуға және кеңейтуге, сондай-ақ, мәдени ерекшеліктер мен өңірлерде бизнесті жүргізу мүмкіндіктерін білуге ұмтылыс бағытында тағы бір қадам жасауға жол ашады.

Ақтөбе және Орынбор облыстары —  ел тарихында өңіраралық халықаралық байланысты дамытудың үлгісі бола алады.

Қазіргі таңда Орынбор облысында 120 мың қазақ тұрады. Сондықтан мұндай шаралар жергілікті халық арасында үлкен қызығушылыққа ие.

Сәуір айының басында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Ақтөбе және Орынбор облыстарының шекара бойындағы аудандары бірлесіп, Наурыз мейрамын атап өтті. Ресейдің Ақтөбе облысының күндері аясында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры қазақ труппасының спектакльдері ұйымдастырылмақ.

Бүгін Ю.Гагарин атындағы алаңда 6 киіз үй тігіліп, этноқалашық ұйымдастырылды. Ертең ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді. Сонымен қатар, қазақ тіліне, халықтық қолданбалы өнерге үйрету бойынша шеберлік сабақтар, денсаулық сақтау және білім беру салаларының қызметкерлеріне арналған дөңгелек үстелдер өтеді. Ақтөбелік «Арбатта»  кәсіби суретшілер жұмыстарының жәрмеңке-көрмесі ұйымдастырылады.

Ақтөбе және Орынбор облыстарының ресми кездесуі кезінде екі өңірдің басшылары бірқатар келісімдерге қол қояды деп жоспарлануда. Атап айтқанда, Бердібек Сапарбаев пен  Юрий Берг мемлекеттік биліктің атқарушы органдарының Орынбор және Ақтөбе облыстары арасындағы шекаралық ынтымақтастық пен өзара қарым-қатынас жасау мәселелері бойынша  меморандумға қол қояды.

Тараптар сонымен қатар ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуда өзара тәжірибе алмасуға ниетті.

Осыған байланысты облыс әкімі, ақтөбелік бизнес-қоғамдастық өкілдері «Оренбив» ЖШҚ ет өңдеу комбинатының қызметімен танысады. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Орынбор қаласының университеттерінде білім алып жатқан Ақтөбе облысының студенттерімен де кездесіп, Орынбор қаласындағы орта мектептің ашылу салтанатына қатысады, «Күншуақ ел» балалар орталығына, этноқалашыққа барады.

Орынборда Ақтөбе облысы күндерінің салтанатты ашылуы Ю.Гагарин атындағы алаңда өтеді. Орынборлықтар «Дәстүрім-салтым — шарықтар даңқым»  шығармашылық ұжымының театрландырылған мерекелік бағдарламасын тамашалап, ұлттық спорт түрлеріне, спорттық ойын түрлерінің достық кездесулеріне қатыса алады.

Бұдан өзге, «Республикалық және федерациялық маңызы бар автокөлік жолдары, сонымен қатар мемлекеттік шекараны кесіп өту орындары саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту жолдары», «Ресей мен Қазақстанның шекаралас өңірлерінің  экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастығы» тақырыптарында дөңгелек үстелдер жоспарланған. Ақтөбелік кәсіпорындардың мүмкіндіктері мен әлеуеті Ақтөбе облысының инвестициялық көрмесі кезінде көрсетілетін болады.

Ақтөбе облысының күндерін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филормонияның шығармашылық ұжымының «Айналдым, Атамекен!» атты гала-концерті тәмамдайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button