БилікӘлеумет

Жұртшылықты ойландырған сауалдар

Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың 2017 жылғы есептік кездесуі барысында  тұрғындардан түскен өтініштерге берілген жауаптар

Облыс әкімінің тұрғындармен есептік кездесуіне дайындық барысында облыс тұрғындарының ұсыныстарын, ескертулерін және пікірлерін жинау ұйымдастырылған болатын.

Облыстағы өзекті мәселелер бойынша тұрғындар өздерінің ұсыныстарын және сын-ескертпелерін жазбаша түрде арнайы орнатылған жәшіктер мен облыс әкімдігінің сайты арқылы жіберуге мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, есептік кездесу өткізілген күні сұрақтарды интернет желісі және ұйымдастырылған саІІ-орталық арқылы қоюға мүмкіндік жасалды.

Есептік кездесу барысында 34 адам өздерінің сұрақтары мен ұсыныстарын жолдады, жалпы 49 сұрақ қойылды (әлеуметтік сала мәселелері бойынша — 10, ТКШ мәселесі —  6, жол жөндеу — 5, тұрғын үй — 5, қоғамдық көліктердің жұмысы, жер мәселелері, жұмысқа орналасу  — 2-ден, және басқа да мәселелер бойынша — 17).  

Залдан қойылған сұрақтарға негізінен жауап кездесу барысында берілді.

Одан басқа, 30 адам жеке сипаттағы жазбаша және ауызша өтініштерін қалдырды.

Есептік кездесуге дайындық және өткізу барысында түскен барлық сұрақтар талданды және қаралды.  

Ақтөбе облысы әкімінің есептік кездесуіне дайындық және өткізу барысында халықтың айтылған ұсыныстарын және сын-ескертпелерін жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына 4 сұрақ енгізілді: мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін оңалту орталығын ұйымдастыру, жауын-шашын және еріген қар сулары жиналатын суағар жүйесін салу, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, жерүсті жаяу жүргіншілер өтпесінің құрылысы.

7 адам облыс әкімінің жеке қабылдауында болды.

Барлық түскен сұрақтарға жауаптар өтініш иелеріне берілді немесе облыстық  әкімдік сайтына орналастырылды.

І. Тұрғын үй мәселесі бойынша

(Салтанат Сәдуова, Нұргүл Алиманова,  А.Лепесова, Жанаргүл Күзембаева,  Жанна Калина, Ақжарқын Молдағалиева, Мырзабике Қарасаева, Мақпал Даулекенова, Балдай Нұржанова, Нағашыбай Жайманов, Қансұлу Базарбаева).

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 67, 68, 69-баптарына сәйкес, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын осы елді мекенде тұрақты тұратын және әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға, мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдар жұмысшыларына, әскери қызметшілерге, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және сайланатын мемлекеттік лауазымдарды атқаратын тұлғаларға пайдалануға беріледі.

Ақтөбе қаласында тұрақты тіркелген, соңғы бес жылда меншігінде тұрғын үйі болмаған, сонымен бірге әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдар тізіміне тіркелу үшін Ақтөбе қаласы, Тургенев көшесі, 109 немесе 12-шағын аудан, 38 «б» үй, болмаса Қарғалы ауылы, Сәтбаев көшесі, 10-үйде орналасқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ құжаттар тапсыруға құқығы бар.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңының 74- бабына сәйкес мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмде белгiленген кезек ретiмен берiледi.

Тұрғын үй коммуналдық (жалға берілетін) тұрғын үйлердің салынып бітуі және берілуі шамасына байланысты кезек ретімен беріледі.  

Сонымен қатар, қазіргі уақытта тұрғын үйлерді «Қолжетімді баспана — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында алуға мүмкіндік барын қосымша хабарлаймыз. Аталған бағдарламаға қатысу шарттарын төменде ұсынамыз:

  1. Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша:
  • «Халықтың барлық санаттарына арналған тұрғын үй».

Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша «Халықтың барлық санаттары үшін тұрғын үй салу» бағыты бойынша тұрғын үйді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жүзеге асырады.

Азаматтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да шот ашып, салымдар жинайды. Тұрғын үй құрылысына салымдар жиналған соң салымшыларға тұрғын үй алуға төменгі пайыздық несие беріледі.

Бұл жөнінде толық мағлұмат алу үшін Ә.Молдағұлова даңғылы, 46 «б»  үй мекенжайында орналасқан «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-на жолығуды ұсынамыз.

  • «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй».

Ақтөбе қаласында 2013 жылдан бастап «Жас отбасылар» бағыты бойынша тұрғын үй беру жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаға Ақтөбе қаласының тұрғындары қатыса алады. Ең негізгі талап — ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29-дан аспауы қажет.

«Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағдарламасына қатысу үшін өтініштердің қабылданатындығы жөнінде ақпарат мерзімді баспасөз басылымдарында шығарылады.

Бұл жөнінде толық ақпарат алу үшін Алтынсарин көшесі, 2-үйде орналасқан қалалық тұрғын үй қорын есепке алу бөліміне жолығуды ұсынамыз.

  1. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамының тұрғын үйі бағыты бойынша:

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамымен берілетін тұрғын үй бағдарламасы 2030 жылға дейін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй құрылысы.

Аталған бағдарламаға қатысушылар тұрғын үйлерді бөлу кезінде Қазақстан Республикасының азаматтары болуы қажет.

«Қазақстандық ипотекалық компания» акционерлік қоғамы тұрғын үй бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар ретінде жергілікті атқарушы органда есепте тұрған, сондай-ақ жергілікті атқарушы органда есепте тұрмаған азаматтар қатыса алады.

Жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтардың арасында өтініштерді қабылдау басталғандығы жөнінде ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланып отырады.

Бұл жөнінде толық ақпарат алу үшін Алтынсарин көшесі, 2-үйде орналасқан қалалық тұрғын үй қорын есепке алу бөліміне жолығуды ұсынамыз.

  1. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлiк қоры» АҚ тұрғын үйінің құрылысы.

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ бойынша тұрғын үйді өткізу тікелей сату арқылы және сатып алу құқығымен жалға беру арқылы жүзеге асырылады.

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді бөлу тұрғын үйі жоқ немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мұқтаж адамдарға басым құқық беру қағидаты сақтала отырып жүргізіледі.

Жеке тұлғалар өздерінің тұрғын үй алу құқықтарын, соның ішінде сатып алу құқығымен жалға алуды тек бір рет қана пайдалана алады.

Бұл жөнінде толық мағлұмат алу үшін Бөкенбай батыр көшесі, 155-үй мекенжайында орналасқан «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ филиалына жолығуды ұсынамыз.

 

ІІ. Жолдарды жөндеу, көлік қатынасы, абаттандыру

мәселелері бойынша

 

Сақыпжамал Төлешева, Мәскеу ауданын қардан тазалау сұрағы бойынша.

Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында Мәскеу ауданының көшелері қардан толығымен тазартылды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 17 наурызынан бастап Ақтөбе қаласында көктемгі су тасқыны барысында жедел шаралар алу үшін қалалық су тасқынына қарсы штаб жұмысын бастағанын қосымша жеткіземіз.

Аталған штаб «Табыс Ақтөбе» ЖШС аумағында Ә.Молдағұлова даңғылы, 50 мекенжайында орналасқан.

Штабтан су сору немесе инертті материалдар түрінде көмек сұраған тұрғындарға көмек су тасқыны комиссиясының тексерісінен кейін беріледі.

Күнсұлу Туменова,  Ақторғай Айдарова, Транспорт тұйық көшесіне су жүйесін жүргізу бойынша.

Қазіргі уақытта Транспорт тұйық көшесін сумен қамту желісінің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін бастапқы мәліметтер жинау жұмыстары басталды.

Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін қаржы бөлу үшін бюджеттік комиссияға тапсырыс беріледі.

Ақзада Майова, Мәртөк ауданы, салынып жатқан тұрғын үйлерге инфрақұрылым жүргізу бойынша.

Мәртөк ауданында жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген жерлерде жетіспейтін инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2016 жылы Мәртөк ауылында 165 жер учаскесін газдандыру құрылысы аяқталып, Сарыжар ауылындағы жаңа құрылыс ауданында ауылішілік газ құбыры жүйесі және электр желісінің құрылысы басталды. Мәртөк ауылындағы жаңа құрылыс ауданында 36 учаскесінде электр желісінің, 103 учаскені газдандыру құрылыстары үшін жобалау құжаттары жасақталды.

2017 жылы Мәртөк ауылындағы жаңа құрылыс ауданында 103 учаскесіне электр желісін жүргізу құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттарын жасақтауға, 136 учаскенің газ құбыры  құрылысы, Сарыжар ауылындағы жаңа құрылыс ауданында  ауызсу құбыры құрылысы үшін қаржы бөлінді. Бүгінгі  күні конкурс өткізілді, мердігер ұйымдармен келісімшарт жасақталуда. Мәселе бақылауға алынды.

М.Сапаров, Өрлеу ауылының жолын жөндеу, сумен қамту.

Қазіргі таңда Өрлеу елді мекеніне баратын көлік жолын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, қаржы көзі анықталғаннан кейін, құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың жоспарына енгізу қаралатындығын хабарлаймыз.

Сонымен қатар, қазіргі кезде Өрлеу елді мекенін сумен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өту кезеңінде. Сараптама қорытындысын ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айыларында алу жоспарлануда. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін жобаны қаржыландыру көзін анықтау мәселесі шешіледі.

Ж.Бисембаев, Ойыл ауданы, жолдарды күтіп ұстау бойынша.

Аудандық маңызы бар жолдарды ұстап тұру жұмыстарын өткізілген конкурс нәтижесі бойынша ЖК «Займолдин Жеңіс» атқарады.

Ауа райының жағдайы мен қажетті техникалардың жетіспеуі салдарынан қыста жолдарды уақытында қардан аршу кезінде  қиындықтар туындады.

2017-2018 жылдары автокөлік жолдарын күтіп ұстауға конкурс өткізу барысында мердігер ұйымдардағы жол техникаларының саны мен жағдайына қосымша талаптар қойылатын болады.

Б.Бисеналина, тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін бөлу бойынша.

Қазіргі кездегі заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін тиісті инфрақұрылымдар жүргізілген, арнайы белгіленген аудандарда кезек тәртібімен береді.

Сіздің жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін сұрап жазған өтінішіңіз «Ақтөбе қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-де 2006 жылы 24 қарашада тіркелген.

Тұрғындардың 2006 жылы тіркелген арыздары бойынша тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін бөлу жұмыстары 2016 жылы басталған болатын. Бүгінгі күні «Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ 2006 жылы кезекке тұрған қалған азаматтарға жер учаскесін бөлуге қажетті жобалау жоспарын жасап жатыр.

Осы айтылғандар негізінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2006 жылы кезекке тұрған азаматтарға жер учаскелерін бөлуді 2017 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

ІІІ. Әлеуметтік сала мәселелері бойынша.

Гүлмира Сражова, мүгедектерге арналған санаторий салу мәселесі бойынша.

Облыста 24 мыңнан астам мүгедектер тұрады, оның ішінде 2 мыңнан астамы арбада отыратын мүгедек. Мүгедектерге жыл сайын санаторлық-курорттық емделуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді. Алға қаласындаға «Алғабас А» және Шымкент қаласындағы «Денсаулық» санаторияларында ем алу үшін 2017 жылға 1800 мүгедекті емдеу үшін 162,4 млн. теңге бөлінді (2016 жылы 940 мүгедекті емдеуге 53,0 млн. теңге сомасында қаражат бөлінді).

Республика көлемінде тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектер үшін санаторий жоқ.

Бүгінгі таңда, Ақтөбе облысында құрылған медициналық кластер шеңберінде Ақтөбе қаласында мүгедектер үшін санаторлық-курорттық мекеме ашу мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ, облыстағы санаторлық-курорттық мекемелердің бірін мүгедектерді сауықтыруға бейімдеу мәселесі де қаралуда.

Ж.Сүндетбаев, Б.Қуатова, ономастика мәселесі бойынша.

Қазақстан Республикасында ономастика саласындағы жұмысты жүйелендірудің негізгі басымдықтары анықталды. Қоғамдық талқыға түспейтін тарихи атауларды жаңғырту мақсатында әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне және физикалық-географиялық объектілерге атау беруге қажетті шаралар алынды. Объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге және олардың құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруге шектеу белгіленді.

Ж.Испанов, балықтың бағалы тұқымдарын өсіру, күн, жел энергиясы түрлерін пайдалану мәселелері бойынша.

Ақтөбе облысының аумағында 40-тан астам балық шаруашылығы су айдындары пайдаланушыларға бекітілген, оларда Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұсынымдары негізінде тұқы балық түрлері өсірілуде. Бекіре тұқымдас балықтарын өсірумен «Ардағым» ШҚ айналысады.

Ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында Ойыл, Ырғыз, Қарғалы, Қобда, Мұғалжар және Мәртөк аудандарында балық шаруашылығы су айдындарын бекіту бойынша конкурс жүргізілді.

Қазіргі уақытта өңірде ЖЭК 6 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде 3 жел электр станциясы, 2 күн электр станциясы, 1 электростанция биогазбен.

2017 жылдың маусымында «KimpersayEnergy» ЖШС қуаты 100 МВт жел электр станциясының құрылысын бастау жоспарлануда. Аталған жоба «Қазақстанда баламалы және жаңартылатын энергетиканы дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» енгізілген.

Аян Сабыров, қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейін ашу мәселесі туралы.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жас бүлдіршіндердің уақыт талабына сай білім алуын қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып табылады.

Соңғы жылдары халықтың демографиялық жағдайы жақсарып, оқушы контингенті де өсіп келеді.

Оқушыларды жаңа білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ету үшін 2017 жылы 20 жаңа мектеп құрылысын салу жоспарланып, оның 12-сі ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Аталған мектептер инновациялық бағытта қызмет жасап, оқушыларға терең білім беру мүмкіндіктері қарастырылады деп жоспарлануда.

Дегенмен, қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне ғимарат құрылысын жүргізу үшін бюджет есебінен қаражат бөлу көзделмеген.

Осыған орай, Ақтөбе облысы әкімдігімен «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорына қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейін ашу мәселесі туралы ұсыныс жасалды. Осы мәселе жан-жақты қаралуда.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен қазақ-түрік лицейлерінің атаулары мен қызмет жасау бағыттарына бірқатар өзгерістер енгізілуіне байланысты құжаттары қайта рәсімделуде.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button