Ауыл

Ырғызда Арал ауданының күндері өтті

Барыс-келіс

Екі аймақтың көршілік байланысының тамыры тереңде жатыр. Қазірде де бұл өңірлердің мәдени байланысы жақсы жолға қойылған. Ырғызда жыл сайын тұрақты өткізілетін «Аймақты әнмен тербетіп» өнер байқауына, көршілес өзге өңірлермен бірге, аралдық өнерпаздар да тұрақты қатысып тұрады.

Арал ауданының мәдени күндері атақты шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлының туғанына — 130, талантты ақын, жазушы Зейнолла Шүкіровтің туғанына — 90, мемлекет қайраткері Ұзақбай Қарамановтың туғанына — 80, актер, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың туғанына 70 жыл толу мерейтойлары аясында ұйымдастырылды.

Арал топырағынан шыққан белгілі тұлғалар туралы деректер аудандық «Арай» мәдениет үйіне қойылған Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің көшпелі көрмесі арқылы да  көрсетілді. Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізов пен Арал ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов ежелден көшсе өрісі бір, қонса қонысы бір тағдырлас өңірлердің төл тарихы, бүгінгі жетістіктері туралы әңгімеледі.

Кездесу соңында аралдық өнерпаздар «Аралым — айдын шалқарым» деген тақырыппен концерт қойды.

Алда Аралда Ырғыз ауданының мәдени күндерін өткізу жоспарланып отыр.

 Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button