Денсаулық

Астаналық кардиохирургтер жүрекке ота жасады

«Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді қолдау» акциясы аясында Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтан мамандар келді.

Астаналық кардиохирургтер екі күн бойы облыстық ауруханада науқастарды қабылдады. Төрт адамға ота жасады.

— Біздің мақсатымыз — тұрғындар арасында жүрек ауруының алдын алу, дертке шалдыққан науқастардың өмірін ұзарту, сондай-ақ осы бағытта ақтөбелік дәрігерлермен тығыз байланыс орнату. Ұлттық орталықта соңғы бес жылдан бері жүрек ауруына шалдыққан науқастарға жоғары технологиялық әдіспен оталар жасалып жатыр. Бұндай әдістер сырқатқа шалдыққан науқастың өмірін ұзартып, оның толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береді. Бүгін түске дейін 25 науқасты қарадым. Оның 80 пайызына Ұлттық орталыққа жолдама бердім. Сонымен қатар жоспар бойынша төрт адамға ота жасалды. Жалпы кейінгі кезде жүрек ақауына шалдыққандар саны көбейіп отыр, — деді Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың диагностикалық бөлімінің меңгерушісі, кардиолог Салтанат Андосова.

Сондай-ақ астаналық кардиохирург С.Әбдірахманов бастаған Аян Сүлейменов, Серік Бекбосынов секілді дәрігерлер  науқастарға ота жасап, кеңес берді.

Жүрек ауруын емдеу шаралары облыстық ауруханада да жүйелі жолға қойылған. Аурухананың  рентгенохирургия бөлімінде 2015 жылдан бастап аритмологиялық жоғары технологиялық операциялар жасалады. Дәлірек айтсақ, жүректің күрделі ырғақ бұзылыстары кезінде жасалатын жүрек электрофизиологиялық зерттеуі және амблациясы, бір және екі камералы элктрокардиостимулятор имплантациясы жасалады. Ақпан айында аурухананың үш дәрігері Астана қаласындағы Ұлттық орталыққа барып бір ай білімін жетілдіріп келді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button