Білім

«Туған жерге тағзым» акциясы: түлектердің қолдауымен мектептерге 708 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы  аясында бір жарым жылдың ішінде түлектердің қолдауымен мектептерге 708 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Біз аталған акция туралы облыстық білім басқармасының бас маманы Дина Орыновамен сөйлескен едік.

ТҮЛЕКТЕРДІҢ ҮЛЕСІ

Біздің облыста 2015 жылы қазан айында «Туған жерге тағзым» акциясы басталды. Акцияның басты  мақсаты — ауыл мен қаланы көркейту. Шараға мектеп түлектерін жұмылдыру үшін өңірдегі әр мектепте түлектерге арналған сайт ашу міндеттелді.

Осы уақытқа дейін акция аясында түлектердің көмегімен мектептерге 708 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді, — дейді Дина Орынова. Оның айтуынша, өз мектептеріне, туған жеріндегі әлеуметтік нысандарды жөндеп, матриалдық базасын нығайта түсуге көмектесіп жатқан түлектер аз емес. Ірі көлемде қаржылай қолдау көрсетіп, мектептің жоғын түгендеп берген кәсіпкерлер  Қайрат  Майтеков, Нұрлан Тілеубаевтардың ісі ел-жұртқа үлгі, өнеге.

Ақтөбе қаласындағы №3 орта мектептің 1991 жылғы түлегі Қайрат Майтеков 150 миллион теңгеге өз мектебіне күрделі жөндеу жүргізіп берді. Мысалы, ол мектептің 200-ден астам терезесін ауыстырды, 11 бөлмені, шеберхананы  жаңартты. Қысқасы, Қайрат Майтековтің еңбегінің арқасында  іргетасы бұдан 46 жыл бұрын қаланған мектеп ғимаратының жаңадан салынған ғимараттардан еш кемі жоқ.

Түлектер негізінен мектептерді жөндеу үшін көмектеседі. Ал балабақшалардың материалдық базасын нығайту үшін түлектер тарапынан қолдау аз. (Көбіне ата-аналар бірлесіп, балабақшаларға жөндеу жұмыстарын жүргізеді). Бұл ретте Мәртөк ауданының Хазірет ауылындағы мектептің түлегі Нұрлан Тілеубаевтың еңбегі мақтауға әбден лайық. Ол өзінің туған жеріндегі «Балауса» балабақшасына 6 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіп, ойын алаңдарын салып берді. Сондай-ақ, ол өзі оқыған мектепке де қажетті жабдықтарды сыйға тартты. 

Ал Қобда ауданындағы Ақырап орта мектебінің түлегі Мырзалы Қалиев мектепке құны 4 миллион 700 мың теңге тұратын «ГАЗель» көлігін тарту етті. Алға ауданындағы бір топ ата-ана бастауыш мектептің шатырын бүтіндеп берді. Олардың өздері де кезінде сол мектепте оқыған, — дейді білім басқармасының қызметкері.

Қобда ауданының білім беру мекемелеріне мектеп түлектері 11 756 мың теңгеге музыкалық аспаптар, интерактивті тақта, спорттық жабдықтар, 8 мектепке «Отау ТВ» антенналарын  алып берген. Сондай-ақ, дарынды оқушыларға Ы.Алтынсарин атындағы шәкіртақы беріліпті.

МЕКТЕП ЖӘНЕ «ТYLEK.KZ» САЙТЫ 

«Туған жерге тағзым» акциясын жандандыру мақсатындағы шаруаның бірі — түлектерге арналған «Тylek.kz» сайтын ашу.

Дина Орынованың айтуынша, қазір облыстағы 415 мектептің небары 17-сінде ғана түлектер үшін ашылған сайт бар. Ал мектеп сайты 117 мектепте ашылған.

Түлектерге арналған сайт ашуда Алға, Қарғалы, Темір, Хромтау аудандары белсенділік танытып, басқа аудандарға үлгі болып отыр. Қарғалы ауданындағы 17 мектептің 14-інде түлектер үшін жеке сайт жұмыс істеп тұр. Бұл мектептерде түлектер базасы толықтырылып жатыр. Онда түлектердің тізімімен қатар, олардың байланыс телефондары көрсетілген. Сондай-ақ, Темір ауданындағы Кеңқияқ орта мектебінде де түлектерге арналған жеке сайт жұмыс істеп тұр. Мұнда әр жылғы мектеп түлектері бөлек көрсетілген. Мәртөк ауданындағы Құрмансай мектебінде де түлектерге арналған сайт бар, — дейді Дина Орынова.

Оның айтуынша, Хромтау ауданындағы 26 мектептің 24-інде сайт бар. Сонда түлектерге арналған парақшалар ашылған. Әсіресе, мұндағы Бөгетсай орта мектебінде түлектерге арналған жеке сайт жұмыс істеп тұр. Бұл сайтты мектеп түлектері ашып берген.

Темір ауданында 27 мектептің 18-інде сайт бар. Алға ауданындағы 32 мектептің барлығында да сайт ашылған. Ақтөбе қаласындағы 71 мектептің 26-сында жеке сайттар жұмыс істеп тұр.

Байғанин, Ырғыз, Алға, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау аудандары білім бөлімдерінің арнайы сайттары бар.  Бұл аудандарда мектеп түлектері үшін аудандық білім бөлімдерінің сайттарынан парақшалар ашылып, аудан түлектерінің тізімі сонда енгізілуде.

Айта кету керек, Байғанин, Ырғыз аудандарындағы сайт жұмысы көңіл көншітпейді.

Қазір облыс мектептерінің барлығы өз түлектерінің тізімін жасап жатыр. Мысалы, Мұғалжар ауданында 42 мектеп бар. Аталған аудан қазірдің өзінде 25 мыңнан астам түлектің тізімін жасап қойды, — дейді Дина Орынова.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button