Басты бет » Жаңалықтар » Отандық аяқкиім сататын дүңгіршек ашылды

Отандық аяқкиім сататын дүңгіршек ашылды

Ақтөбе қаласындағы «Алтай» базарында отандық ерлер аяқкиімін сататын дүңгіршек ашылды.

Дүңгіршектің иесі — ақтөбелік кәсіпкер Гүлзейнеп Есжан. Ол өткен жылы алматылық фабриканың ерлер аяқкиімін шығаратынын естіп, қызығушылық танытқан. Көп ұзамай фабрика өкілдерімен келісімшартқа отырып, өз дүңгіршегін ашуға бел буған.

  • Мұндағы мақсат — отандық өнімді насихаттау, өз кәсібімді дамыту. Қазір менің дүңгіршегімде ерлер аяқкиімінің классикалық және спорттық түрлері бар. Аяқкиімдердің бағасы — 18-23 мың теңге аралығында. Ақтөбенің азаматтары өзіміздің отандық өнімді қолдайды, сатып алады деп сенемін, — дейді ол.

Кәсіпкер дүңгіршек ашылуына келген көпшілікке бауырсақ пен жент, сондай-ақ түрлі тәттілер таратып, өзінің ризашылығын білдірді. Ол отандық аяқкиімді алғашқы сатып алушыларға арнайы сыйлықтар да әзірлепті.

Дүңгіршектің ашылуына аяқкиім тігетін фабриканың құрылтайшысы Дәурен Раманқұлов та арнайы келіпті. Оның айтуынша, алдағы уақытта мұндай дүңгіршек Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Көкшетау, Ақтау, Қарағанды қалаларында да ашылады.

— Ерлер аяқкиімін тігуді біз өткен жылы қолға алдық. Қазір Алматы қаласында шағын фабрикамыз бар. Онда 15 адам жұмыс істейді. Бүгінде біз өз өнімдерімізді «Shoes Republic» атты брендпен сатып жатырмыз. Қазіргі кезде фабрика ерлер аяқкиімінің 15 түрін шығарады. Бағалары қолжетімді. Алғаш рет біздің өнімді сататын дүңгіршек Алматыда ашылған болатын. Бүгін, міне, Ақтөбе қаласында ашылып жатыр. Өте қуаныштымыз, — дейді Д.Раманқұлов.

Оның айтуынша, ерлер аяқкиімінің ішкі жағына елімізде өндірілетін қой терісінен жасалған былғары пайдаланылады. Алайда сыртқы бөлігіне қажетті шикізат Түркия мен Еуропадан әкелінеді.

  • Біздің елімізде былғары өндіретін кәсіпорын жоқ. Сондықтан шетелдерден әкелуге мәжбүрміз. Алайда біздің дизайнерлердің қолынан шыққан аяқкиімдер өте сапалы, — дейді кәсіпкер.

 Данагүл ҚАЗИХАН.