Құқық

Жылдың үздік судьясы

Ақтөбе облысы судьялары конференциясының шешімімен «Жылдың  үздік судьясы» анықталды. Бұл атаққа Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы Рахила Мұхамбетқалиева ие болды.

Заң мен әділдік саласындағы қызметіне қылау түсірмей келе жатқан Рахиланың қызығынан қиындығы мол судьялық қызметті таңдағанына биыл 24 жыл.  Ойыл ауданында туып-өскен болашақ судья мектеп бітіргеннен кейін,  аудандық өңдірістік кооперативте сырлаушы-шебер болып жұмыс істейді. Кейін Ресейдің Саратов қаласындағы  Д. Курский атындағы заң институтын тәмамдайды.  Заңгерлік мамандығын игеріп, дипломын қолына алған соң, Ақтөбе қаласының Пролетар аудандық соты сот мәжілісінің хатшысы қызметіне орналасады.

Ал 1987 жылдың маусымында Рахила Советқызы Шалқар аудандық халық сотының халық судьясы болып сайланып, он жылдан астам уақыт  қызмет еткеннен кейін,  Ақтөбе аудандық сотына ауысады.

2001 жылдың қыркүйек айында Рахила  Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы қызметіне тағайындалып, осы жерде бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келеді. Әріптестері оны заңды білетін және сот тәжірибесін дұрыс жүзеге асыратын маман ретінде сыйлайды. Жұмыспен қатар, сот жүйесінің қоғамдық қызметіне де белсене араласады.

«Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Рахила Советқызы — Ақтөбе облысы сот жүйесінің  ардагері Совет Мұхамбетқалиевтің қызы. Ұзақ жылдар бойы әділет саласына қажырлы еңбек сіңірген Совет ағайдың тағы бір баласы — Мұрат Ақтөбе қалалық сотының судьясы болып еңбек етуде.

«Жылдың үздік судьясы» атағы Рахилаға  сот төрелігін сапалы жүзеге асырып, қоғамдық істерге белсене араласқандығы үшін берілді.

«Үздік судьяны» құттықтауға арналған басқосуда Рахила Советқызына Ақтөбе облысы сот қауымдастығы атынан жылы лебіздер білдіріліп, естелік сыйлықтар тарту етілді.

Нұрлан КҮНТУОВ,

облыстық соттың

баспасөз қызметінің жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button