Құқық

Қамқорлығымдағы бала үшін зейнетақы тағайындала ма?

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Төрт балам бар, бесінші баланы қамқорлыққа алғанмын. Бұл былай болған еді. Тағдырдың жазымымен өзіммен бірге туған інімнің жұбайы сарыаурумен ауыруына байланысты емшектегі төрт айлық нәрестесін маған табыстап, ауруханаға емделуге жатты. Бір айдай ем қабылдап, ешбір нәтиже болмай, о дүниелік болып кетті. Інімнің баланы бағып – қағуға мүмкіндігі болмай, оны мен тиісті құжаттарын жасатып, қамқорлығыма алдым. Қазір сол қызым он екі жастан асты.

Көп балалы ана ретінде 53 жастан зейнеткерлікке шыға аламын ба? Жергілікті жердегі Зейнетақы төлеу орталығына жолықсам, қамқорлыққа алған бала бесінші бала болып саналмайды, сондықтан сіз 58 жаста ғана зейнеткерлікке шыға аласыз деп түсіндірді. Осы дұрыс па?

К.ЖАПАРОВА.

Зейнетақы төлеу жөніндегі Мемлекеттік орталық зейнетақы төлемдерін тағайындау және есептеу кезінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңды және басқа нормативтік-құқықтық кесімдерді басшылыққа алады. Құқықтық нормаларға сәйкес Орталықтан зейнетақы төлемдері әйелдерге еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 20 жылдан кем болмаған жағдайда 58 жасқа жеткенде толық көлемде тағайындалады. 5 және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 50 жасқа толғанда жасына байланысты толық көлемде зейнетақы алуға құқылы.

Ал «Неке және отбасы туралы» ҚР Заңының 103-бабында қорғаншылық және қамқоршылық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, оларды асырау, тәрбиелеу және білім беру мақсатында, сондай-ақ олардың мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін белгіленетіні көрсетілген. Егер заң ата-ананы балаларын асырап-бағуға, тәрбиелеуге, білім беруге тікелей міндеттесе, қорғаншы (қамқоршы) болған адам қамқоршылығына алынғанды өз есебінен асырап бағуға міндетті емес. Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағу қамқоршылыққа алынушының алатын әлеуметтік төлемдері, сондай-ақ оған тиесілі мүліктер есебінен жүзеге асырылады (111-бап). Қамқорлығыңызға алынушының сіздің балаңыз болып танылмайтыны сондықтан.

Егер сіз оны арыз беру арқылы сот шешімімен бала қылып асырап алған болсаңыз, әңгіме басқаша. Онда екеуара міндеттеріңіз бен құқықтарыңыз барлық жағынан да туған балаларыңызбен теңестірілер еді. Он жасқа толған баланы асырап алу үшін өзінің келісімі қажет. Егер бала асырап алу туралы арыз берілгенге дейін бала асырап алушының үйінде тұрып, оны өзінің ата-анасы деп есептейтін болса, асырап алуға баланың келісімі бар деп ұйғарылады.

Авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi қандай?

Авторлық құқық автордың бүкiл өмiрi бойына және автор қайтыс болғаннан кейiнгi келесi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде, жетпiс жыл бойы күшiнде болады. Бiрлесiп шығарылған туындыға авторлық құқық серiктес авторлардың бүкiл өмiрi бойына және басқа да серiктес авторлардың ең соңғысы қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiнде болады.

Бүркеншiк немесе жасырын атпен алғаш рет жарыққа шыққан туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде жетпiс жыл бойы күшiнде болады. Егер осы мерзiм iшiнде жасырын немесе бүркеншiк ат ашылса, яғни нағыз авторы белгілі болған болса, ол қайтыс болғаннан кейінгі 70 жыл бойы күшінде болады.

Осы 70 жылдың iшiнде авторлық құқық автордың мұрагерлерiне тиесiлi болады және мұрагерлiк бойынша ауысады.

Егер автор қайтыс болып кетіп, содан кейінгі отыз жылдың iшiнде туынды алғаш рет жарық көріп жатса, авторлық құқық сол алғаш рет жарық көрген жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап жетпiс жыл бойы күшiнде болады.

Авторлық, автордың есiмi және туындыға қол сұқпаушылық мерзiмсiз қорғалады (ҚР АК-нің 982-бабы).

Пайдаланбаған еңбек демалысым үшін өтемақы ала алам ба?

Былтыр мен еңбек демалысында болғаным жоқ. Биыл демалыс алу үшін өтініш жаза отырып, өткен жылғым үшін өтемақы сұрасам, әкімшілік құлақ асқысы келмей отыр. Осылары дұрыс па?

Аманбай,

Ақтөбе қаласы.

Негізінде, Еңбек кодексінің 108-бабының 2-бөлігіне  сәйкес  жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы (оның бір бөлігі) қызметкердің жазбаша келісімімен немесе оның өтінуі бойынша ғана ұзартылуы немесе ауыстырылуы мүмкін. Ауыстырылған еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша келесі жылғы еңбек демалысына қосылуы немесе қызметкердің өтініші бойынша басқа уақытта бөлек берілуі мүмкін. Ал өтемақы еңбек шарты тоқтатылған кезде (жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын пайдаланбаған күндеріңіз үшін) төленеді (110-бап).

Мына телефондар бойынша хабарласуларыңызға болады: 51-04-13, 8-702-318-04-13.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button