Басты бет » Жаңалықтар » Елбасы мақаласы — рухани жаңғыру тетігі

Елбасы мақаласы — рухани жаңғыру тетігі

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының күмбезді залында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған отырыс өтті.

Жиынға облыс әкімінің міндетін атқарушы Жаңабай Бексары, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері, белсенді жастар қатысты.

Жиынды облыс әкімінің міндетін атқарушы Жаңабай Бексары жүргізіп отырды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға болады. Себебі бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы  айтылады. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз — елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Сондықтан Елбасы мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр, — деді Ж.Бексары.

Отырыста Елбасының мақаласы туралы зиялы қауым өкілдері өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Алғашқы болып Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Адырна» әдеби журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы Елбасы мақаласының маңыздылығына тоқталып, онда айтылған мәселелердің елге, халыққа берері көп екенін жеткізді.

  • Елбасының бағдарламалық мақаласы — халықтың, қазақтың үлкен, ұлы мәселесі. Сондықтан бұл мақала санасы сергек, болашақты ойлайтын азаматтардың барлығына өте түсінікті деп ойлаймын. Онда халыққа барлық мәселелер өте нақты түрде айтылған. Елбасы өз мақаласында бүгінге дейін елімізде саяси реформа, экономикалық даму мен өркендеу мәселесі айтылғанын, ендігі уақытта солардың негізгі ұстыны — рух мәселесін көтеру керектігін айтады. Дүниеде көптеген ұлттар осындай ұстынның жоқтығынан, әркімнің жетегінде кетудің кесірінен, болмаса адами, пенделік адасудан келіп жердің бетінде жойылып, тек аттары қалғанын тарихтан білеміз. Не болмаса, олардың бөлшек-бөлшек болып бөлінгенін де білеміз. Бұл бағдарлама біздің халқымызға керек, бұл — рухани дамуымыздың бағдарламасы. Сондықтан Елбасы айтқандай, рухани мәселелер бәрінен ең бірінші орында тұруға тиіс. Халықтың рухының бүтіндігі, халықтың жоғын тауып беру — бұл мәңгілік мәселе. Міне, осы мәселелерге Елбасы нақты тоқталып, өз мақаласында негізгі проблемаларды және оларды қалай өзгерту керектігін айтып берді, — деді М.Ақдәулетұлы.

Отырыста Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров Елбасы мақаласында айтылған білім беру, тарих, өлкетану салаларына қатысты өз пікірін білдіріп, бүгінгі күні университетте жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

  • Орта ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн 1069 жылы былай деп жазып кеткен: «Өнер, білім — қос қанаты адамның, осыменен білерсің тілін ғаламның». Міне, бұл — аксиома. Қазақ дәстүрінде балаға әр кезеңде сапалы білім беруге тырысқан. Еліміздің 25 жылында бұл салада бұған дейін қазақ тарихында мүлдем болмаған күрделі өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік білім мекемелерімен қатар, елімізде жекеменшік, шет мемлекеттермен бірлескен оқу орындары ашылды, академиялық-ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде алдыңғы қатарлы шет мемлекеттердің оқу орындарына оқуына студенттерге мүмкіндік берілді. «Топ-500-ге» кіретін университеттердің атақты профессорлары дәріс оқып жатыр. «Болашақ» бағдарламасы арқылы бүгінде біздің университеттің өзінде 15 оқытушы магистратура мен докторантурада білімін жетілдіріп келді. Ең бастысы, Елбасы өз мақаласында бүгінгі күні күрделі жүріп жатқан адамзат эволюциясына дер кезінде бейімделе білуіміз керектігін жеткізді. Яғни біздің бүгінгі міндет — жаңа мамандықтарға жас ұрпақты дайындау. Бір мамандықты оқып алып, жайбарақат отыру заманы бітті, замандастар! Қазіргі талап — өмір бойы білім алу, жаңаша өмір сүруге бейімделу, — деді ол.

Өз сөзінде Рақым Бекназаров жас ұрпақты қазіргі заман мүддесіне қалыптастыру жолдары университеттегі білім мен тәрбиенің әлеуметтік және дүниетанымдық мәселелерді зерттеу орталығы, гуманитарлық зерттеу институты, университет-мектеп,  ғылыми-педагогикалық зерттеу орталықтары арқылы жан-жақты қаралып, осы бағытта жүйелі

жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жиында философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Елбасының мақаласында айтылған қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, сондай-ақ бұл бастама еліміз үшін үдемелі ілгерілеушіліктің қадамы екенін жеткізді. Алайда профессор бұл тұрғыда әлі де елімізде даярлық шараларын жүргізу керектігін, бүгінгі қоғамда тіл мәселесі ауқымды мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Жиында сондай-ақ М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің  кафедра жетекшісі, профессор Алтай Тайжанов, Ақтөбе көлік және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы Жайық Сұлтан, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкері Медет Құлмұхановтар сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Еліміздің қайта түлеуіне бағытталған көлемді мақалада айтылған бастамаларды алдағы уақытта жұмыла жүзеге асыруға шақырды.

Данагүл ҚАЗИХАН.