Басты бет » Жаңалықтар » Кәсіпкерлер құқығын штаб қорғайды

Кәсіпкерлер құқығын штаб қорғайды

Кәсіпкерлер құқығын қорғаудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған жиын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ, кәсіпкерлер мен бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.  

Алқа мәжілісінің күн тәртібінде бір ғана мәселе — кәсіпкерлер құқығын қорғау жайы сөз болды.

Бүгінде бизнестегілердің құқығын қорғау үшін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау штабы жұмыс жасайды. Облыс прокуратурасы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы және мемлекеттік органдардың бірлесуінің нәтижесінде құрылған штаб кәсіпкерлік саласындағы проблемаларды жүйелі шешумен айналысады. Мәселен, штабтың араласуымен Хромтау ауданында бизнес жүргізу үшін жер бөлу мәселесі шешімін тауып, нәтижесінде 96 кәсіпкердің іс бастауына мүмкіндік туған. Сонымен қатар, алкогольдік өнімдерді сатумен айналысатын темірлік кәсіпкерлердің құқығын да осы штаб қорғаған. Нақтырақ айтсақ, Темір ауданында 42 кәсіпкерге алкогольдік өнімдерді сақтап және оны сатқаны үшін артығымен өндірілген 3,5 миллион теңге лицензиялық алым штабтың араласуымен кері қайтарылыпты. Сол сияқты, «Ақтөбеэнергоснаб» акционерлік қоғамы мен кәсіпкерлер арасында тұтынған электр энергиясының өтінім білдірілген көлемін өсіргені үшін айыппұл өндіру ісіне де штаб тосқауыл болыпты.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, қазір  бұл мәселелерге қатысты кәсіпкерлер тарапынан ешқандай шағым түспейді.

Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау штабы бизнестегілерді қылмыстық қудалауға тарту жағдайларын зерделеу арқылы, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бес есеге қысқартуға қол жеткізді. Егер 2015 жылы 244 қылмыстық іс болса, былтыр 43 іс тіркелді. Жүргізілген жұмыстарға талдаулар жасалып, нақты проблемалар анықталып, шешімін тауып келеді, — деді Н.Әбдіров.

Жиында былтыр облыстың 8 ауданында тұрақты сауда орындарының белгіленбегені, осыған байланысты штаб тарапынан облыс әкімдігіне республиканың өзге өңірлерінің шағын кәсіпкерлікті дамыту іс-тәжірибесін ескере отырып, аталған кемшіліктерді шешу туралы ұсыныс жасалғаны айтылды. Штаб тарапынан әкімдік алдына қойылған тағы бір мәселе — газбен қамту және қауіпті техникалық құрылғы-жабдықтарды есепке қою жобаларын келісуді реттеу. Ал облыстық мәслихатқа аймақты көркейту ережелерінің сақталуын бақылайтын уәкілетті мемлекеттік органды анықтау және бақылау жүргізу тәртібін белгілеу ұсынылған.

Алқалы жиында кәсіпкерлер палатасының сарапшылары бизнес өкілдеріне тексеру органдары тарапынан жасалатын қысымның көптігін алға тартты. Егер 2015 жылы үш мың тексеру жүргізілсе, былтыр бұл көрсеткіш екі есеге артып, 6,5 мыңға жеткен.

Прокуратура органдары өткен жылы 71 тексеруді заңсыз деп таныды. Осыған байланысты 37 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Тексерудің барлық кезеңдерінде кәсіпкерлердің құқықтары бұзылғандығы анықталып отыр. Кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға кедергі келтіретін тағы бір мәселе — мемлекеттік сатып алулар. Бұл тұрғыда да кемшіліктер бар. Былтыр 100 мемлекеттік мекеме мен ұйымдар мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптарына қайшы келетін әрекеттерге барды. Яғни, телекоммуникация қызметтерін тұтынуда  мемлекеттік сатып алу бойынша шарттарды «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық филиалымен тікелей жолмен жасасқаны анықталды, — деді облыстық прокуратураның бірінші басқарма бастығы Қанат Нахымбеков.

Жиында прокуратура мамандары тұтынушылар құқықтарын қорғау қызметі, төтенше жағдайлар жөніндегі және мемлекеттік кірістер департаменттері  тарапынан кәсіпкерлер құқығы көп бұзылатынын айтты.

Алқа мәжілісінің шешімі бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті бір ай мерзім ішінде «КазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе филиалының бизнес субъектілеріне тауарлық газды жеткізгені үшін 100 пайыздық алдын ала төлем талап етуінің заңдылығының бағасын беретін болады.

Жасалған талдаулар мен келтірілген дәйектер бойынша аталған департаменттер кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді заң аясынан асырмауға уәде етті.

Қазір кәсіпкерлер құқықтарын қорғау штабының құрамына өзгерістер енгізілуде. Кәсіпкерлердің күрделі мәселелерін жүйелі шешу үшін штаб құрамына құқық қорғау және мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының өкілдері енгізілетін болады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.