Мәдениет

«Фәни мен бақи»

Тұсаукесер

Әдебиетіміз тағы бір көркем, құнды дүниемен ажарланды. Әдеби ортада жас саналатын, бірақ киелі өлең дүниесінде өзіндік болмыс-бітімі бар ақын Сәтжан Дәрібайдың «Фәни мен бақи» атты кітабының тұсаукесері өткен жұмада Студенттер сарайында өтті.

«Фәни мен бақи» — Сәтжанның бірінші кітабы. Стамбул қаласындағы Мармара университетінің журналистика факультетін тәмамдаған ақынның өлеңдері бұған дейін «Гүл-ғұмыр» жыр жинағы мен «Жәдігер» антологиясында жарияланған еді. Ал «Фәни мен бақи» кітабы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Қазіргі қазақ поэзиясы» сериясымен «Жазушы» баспасынан жарық көрді.

Әдеби кештің шымылдығы белгілі ақын, «Жазушы» баспасының  бас редакторы Есенбай Дүйсенбайұлының Сәтжанның кітабына жазған жылы лебізімен ашылды. «Ақтөбе» газетінде жарияланған бұл дүниені оқыған ақтөбелік өнерпаз — Орал Бәйсеңгір. Одан әрі шығармашылық кешті облыстық «Ақтөбе» газетінің редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізді. Кеш барысында монитор арқылы өтіп отырған деректер арқылы жиналғандар ақынды жақынырақ тани түскені анық.

Ой азабымен туатын өлең атты дүниені жазуға иығын тосқан Сәтжанның өлеңдері әрқилы. Тұсаукесер барысында бұған  талғамы биік оқырмандардың көзі жетті:

— Қайдан келдім?

Барар жерім — ол анық.

Жауап таппай сенделеді санам аш.

Екі құлаш шүберекке оранып,

Аттанармын қара жерге жалаңаш…

Кеш барысында белгілі ақын, көсемсөзші, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы құттықтау сөз сөйледі. Одан әрі ақ тілекті облыстық ішкі саясат басқармасының мәдени даму, әлеуметтік-саяси және этносаралық қатынастар мониторинг бөлімінің бастығы Қуаныш Тектіғұл жалғастырып, облыс  әкімінің орынбасары Сара  Нұрқатованың Алғыс хатын табыс етті. Туған топырақ — Шалқар ауданының сәлемін ала келген аудан әкімінің  орынбасары Зәпен Жұмабаева мен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор Ғалымжан Нұрышев, «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес және басқалары кеш иесі туралы жылы лебіздер айтты.

Сәтжан ақынның кешіне жиналғандардың дені жастар болғандықтан, түрлі сауалдар қойылып, сезім жайында әдемі өлеңдер оқылды. Келісті теңеулермен өрнектелген ақын өлеңдері тыңдарманды шынайылығымен баурады.

— Мүмкін сен, мүмкін мен кінәлі шығармын,

Мен сенің мойныңа тағылған тұмармын.

Үзіліп түсермін бір күні, бірақ та

Қимасың кейпінде көңілде тұрармын,

Мүмкін мен қадіріңді кейіннен ұғармын…

Ақтөбенің белгілі әншілері Қанат, Света Айтбаевтар, Төлеген Есенов және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Аманғос Ұзақбайұлы Сәтжан ақынның өлеңіне жазылған әндерді орындады.

Алғашқы жинағы көпшіліктің көзайымына айналған Сәтжан ақынның келешекте әлі талай жыр кітаптары шығады деп үміттенеміз…

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Қаламың ұштана берсін бауырым.
    Өздерінше ақын болып өз ақшаларына
    ешкім оқымайтын кітап шығарып жүрген
    ақынсымақ сорлыларды жерег қаратқаныңа ризамын
    100 жаса, 43 кітап шығар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button