Спорт

Ащы сабақ

Премьер-Лига

6-турда «Қайрат» тағы да, яғни чемпионат басталғалы бесінші рет тең ойнады. Қызылордалық «Қайсар» командасы алғаш рет ұтылды. Көш басына павлодарлық «Ертіс» шықты. 7 гол 82-92 минуттар аралығында соғылды.

Бұған дейін ұтылғанымен де қақпасына бір голдан артық жіберіп көрмеген «Ақтөбе» 0:3 есебімен ойсырай жеңілді. Кездесу бұлай аяқталуы мүмкін емес сияқты көрінген.

Рас, астаналықтар 12-минутта есеп ашып үлгерді. Алаңның орта маңайынан Срджан Граховец әуелете тастаған пасты Юрий Логвиненко біздің қақпамызға баспен соғып, шалт сүңгітіп жіберді. Қорғаушыларымыз қамсыз қалды, қақпашы Андрей Сидельников ұмтылып та үлгермеді — 1:0.

Астаналықтар бұдан соң да мазалауды доғармады. Біресе Патрик Твумаси, біресе Джуниор Кабананга қақпаға өршелене ұмтылумен болды. Дегенмен ақтөбеліктер тез ес жиып алды да, қарымта шабуылдар ұйымдастырды. Таймның орта тұсына таман Игорь Зенькович екі қауіпті соққы жасады, әттең, дәлдік жетіспеді. Ал Антон Шурыгиннің допты бос қалған қақпаға тіктей алмай, әлденеге аспандата тебуі тіпті де кәсіпқой футболшының қимылы деуге келіңкіремейтін әрекет еді.

«Ақтөбе» екінші таймда да есепті теңестіруге болатындай мүмкіндіктерді жіберіп алды. Иури Мамута жекпе-жекке шыға тұра қақпашыдан айласын асыра алмады. Асланбек Кәкімов те сөйтті, қақпаны емес тура қақпашыны көздегендей болды.

Кездесудің соңғы минуттары жерлестеріміз үшін тіпті өң мен түстің арасындағыдай кепке айналды. Өз айып алаңымызда Дамир Даутов қолмен ойнағаны үшін алматылық төреші он бір метрлік нүктені көрсетті де, 87-минутта Джуниор Кабананга гол иесі атанды — 2:0.

Ал 90 минутқа жалғанған қосымша уақытта Дидар Жалмұқан өз есебіне бір доп жазып қойды. «Ақтөбе» қақпасы алдындағы қарбалас шақта алдына келе қалған допты Дидар шірене тепті де, жібек торды және бір бүлк еткізді — 3:0.

Әрине, «Ақтөбе» тым дәрменсіздік көрсетті деуге келмес. «Астана» жасаған шабуылдарды бұлар да ұйымдастырды, қарсыластар қақпасына бұлар да төніп-төніп келді-ақ. Бірақ еш нақты нәтиже шықпады.

Кездесу біткеннен кейінгі сұхбатта «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов «Ақтөбе» тәуір деңгейде ойын өрнегін көрсеткенін, тіпті тізгінді қолға алған сәттері болғанын атап өтті. Бірақ бұл көңілге жұбаныш екендігі болмаса, таблодағы цифр емес қой.

Дегенмен, қай кездегідей, бұл жолы Астанада да, ақтөбелік жанкүйерлердің командаға көрсеткен зор қолдауы ең басты жұбаныш болды деп ойлаймыз. Ал мұндай жанкүйерлер мұндай сапарлардан қуанышпен оралуға тиіс.

«Астана»-«Ақтөбе» — 3:0

Гол авторлары: Юрий Логвиненко, 12-минут (1:0); Джуниор Кабананга, пенальти, 87-минут (2:0); Дидар Жалмұқан, 90+1 минут (3:0).

«Астана»: Александр Мокин, Марин Аничич, Патрик Твумаси (Дидар Жалмұқан, 78-минут), Иван Маевский, Джуниор Кабананга, Аздран Ллуллаку (Евгений Постников, 80-минут), Срджан Граховац, Дмитрий Шомко (капитан), Юрий Логвиненко, Абзал Бейсебеков, Серікжан Мужиков (Роман Муртазаев, 88-минут).

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Жуниньо, Чако Торрес (Кассиано, 51-минут), Александр Воловик, Папа Гуйе, Иури Мамуте, Рафхат Аслан (Асланбек Кәкімов, 62-минут), Дамир Даутов, Игорь Зенькович, Кирилл Шестаков, Антон Шурыгин (Витор Жуниор, 46-минут).

Ескерту қағазын алғандар: А.Ллуллаку, 63-минут; С.Граховац, 70-минут («Астана) — А.Воловик, 80-минут («Ақтөбе»).

12 сәуір. Астана. «Тарлан Арена» стадионы. 1000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ертіс»-«Тараз» — 5:2
Гол авторлары: Руслан Мухаметшин, 17-минут (0:1); Карлуш Фонсека, 20-минут (1:1); Аслан Дарабаев, 53-минут (2:1); Аслан Дарабаев, 64-минут (3:1); Максим Фещук, 66-минут (3:2); Пірәлі Әлиев, 76-минут (4:2); Джедже, 82-минут (5:2).

12 сәуір. Павлодар. Орталық стадион. 2800 адам.

«Атырау»-«Шахтер» — 3:3

Гол авторлары: Дәуренбек Тәжімбетов, 11-минут (0:1); Шавкат Саломов, 28-минут (1:1); Марат Хайруллин, 30-минут (1:2); Юре Обшивач, 77-минут (2:2); Сергей Скорых, автогол, 83-минут (3:2); Оралхан Өміртаев, 90+1 минут (3:3).

12 сәуір. Атырау. «Судоремонтник» стадионы. 1500 адам.

«Тобыл»-«Қайрат» — 2:2

Гол авторлары: Иво Иличевич, 19-минут (0:1); Жерар Гоу, 41-минут (0:2); Алексей Щеткин, 52-минут (1:2); Сергей Малый, 83-минут (2:2).

12 сәуір. Затобольск кенті. «Затоболец» стадионы. 4000 адам.

«Ақжайық»-«Оқжетпес» — 1:1

Гол авторлары: Александр Марочкин, 18-минут (0:1); Предраг Говедарица 90-минут (1:1).

12 сәуір. Орал. «Ақжайық» стадионы. 2000 адам.

«Ордабасы»-«Қайсар» — 1:0

Гол авторы: Отар Марцваладзе, 51-минут (1:0).

12-сәуір. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 4000 адам.

*   *   *

6-турдың нәтижелері:

Бұл турда чемпионат басталғалы ең көп гол соғылды — 23. Алаң иелері 15 гол соқса, қонақтар 8 доп өткізді.

Үш ойында алаң иелері жеңіске жетсе, үш кездесу тең есептермен аяқталды.

Чемпионат басталғалы қатарынан екінші рет бір турда алты ойын алты түрлі есеппен аяқталды.

Екі ірі есеп нәтижесі тіркелді. Сондай-ақ 3:3 және 5:2 есептері чемпионат басталғалы алғаш рет тіркелді.

Бір футболшы бір ойында екі гол соқты — Аслан Дарабаев («Ертіс»)

Ең шапшаң голдың авторы — Дәуренбек Тәжімбетов, 11-минут («Шахтер»).

Бір пенальти белгіленіп, орындалды.

Бір автогол соғылды.

Жасыл алаңнан қуылған футболшы жоқ.

Турнир кестесіне келсек, көш басына 14 ұпаймен «Ертіс» шықты.

2-3 орындарды 13 ұпайдан жинаған «Астана» мен «Ордабасы» бөлісті.

12 ұпайы бар «Тобыл» 4-орынға түсті.

5-6 орындарда 11 ұпайдан жинаған екі команда тұр: «Қайрат», «Қайсар».

7-орын — «Ақжайық», 6 ұпай.

8-10 орындарда 5 ұпайдан жинаған үш команда тұр: «Оқжетпес», «Ақтөбе», «Тараз».

11-орындағы «Шахтердің» 2 ұпайы бар.

12-орында «Атырау» тұр (-6). Чемпионат басталарда атыраулық командадан ФИФА шешімімен 9 ұпай шегерілгенін еске саламыз.

«Ертіс», «Ордабасы», «Тобыл», «Қайрат» командалары басқа клубтардан бір кездесулерін артық өткізді.

Чемпионат басталғалы 38 кездесу өтті. 17 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 7 тайталаста қонақтар басым түсті, 14 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 90 гол соғылды (алаң иелері — 53, қонақтар — 37), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,36 гол енді.

Әзірге «Қайрат» командасы ғана ұтылған жоқ, ал жеңіске жетпеген командалар екеу: «Шахтер», «Атырау».

Мергендер көшін 6 доппен Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

Жуниньо — 1 доп;

Кирилл Шестаков — 1;

Игорь Зенькович — 1;

Кассиано — 1.

*   *   *

7-турда «Ақтөбе» кесте бойынша өз алаңымызда ойнауы тиіс. 16 сәуір, жексенбі күні «Атырауды» қабылдауы керек.

Басқа ойындар:

«Қайсар» — «Ертіс»

«Оқжетпес» — «Астана»

«Қайрат» — «Ордабасы»

« Шахтер» — «Тобыл»

«Тараз» — «Ақжайық»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button