Ауыл

Малды өңірдің мұқтаждары

Әкімдер есебі

Шалғай ауданның жүгі  басқаларға қарағанда ауырлау болатыны белгілі. Жері кең өңірдің ауылдары да бірінен-бірі қашық жатыр. Сол себепті, аудан әкімінің әр ауылға барып, жұртшылықпен кездесуі қыстың көзі қырауда бірнеше күнге созылды. Алғашқы есеп беру жиналысы аудандағы ірі селолық округтің бірі —Кемершиде өтті. Бұл енді бірыңғай мал өсіріп, тіршілігін мал шаруашылығына бейімдеп құрып отырған ауыл. Кейінгі жылдары мал басы көбейіп, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсарған. Әкімнің тікелей басшылығымен бұл өңірде әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыссыздықты жоюға бағытталған бірсыпыра жұмыстар жасалған. Бұл округке қарасты шағын елді мекендер бар. Соның бірі Жаңатаңда өткен жылы фельдшерлік-акушерлік пункт үйі салынып, пайдалануға берілді. Округ орталығында телефон жүйесі кеңейтілді. Салынып жатқан үлкен мектеп ғимаратының биыл құрылысы аяқталады деп күтілуде. Әйтсе де, аудан әкімі Бердіхан Кемешовтің баяндамасында айтылғанындай, ауылдың кем-кетігі әлі де көп. Мәдениет үйі жөндеусіз тұр. Өңірде мал көбейіп келеді. Бірақ ауылдарда сол малға жемшөп дайындайтын механизатор кадрлары жетіспейді. Мал бағатын малшы, шопан жоқ. Бүгінгі жастар мал баққысы келмейді, жеңіл тұрмыс іздейді. Бұлай болатыны, жастар арасында тәрбие жұмысы нашар. Бұрынғыдай еңбекке баулу жоқ.

Тұрғындардың әңгімелері де әкімнің ойымен қабысып жатты. Зейнеткер Ә. Әбдірахманов өткен уақытпен салыстырғанда, ауылда да тұрмыстың көп жақсарғанын айта келіп, кейбір мәселелерге байланысты тілектерін білдірді. Мәселен, ардагер  ауылдарға да көп арналы телехабар жүйесі жабдығын қондыру керек деп есептейді. Әр ауылда дәріхана болуы керек. Сонда ауыл адамдары дәрі-дәрмек іздеп алысқа сабылмас еді. Ақсақалдың ойынша, ауыл көшелеріне жарық орнатуға  қазір жағдай көтереді.

Ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Боқтыбаев Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мерекесін лайықты қарсы алу, өмірден өткен және көзі тірі майдангерлерге құрмет көрсету мәселесін көтерді. Кемершиде жаңадан салынып жатқан орта мектеп ғимараты алдына жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың ескерткіші орнатылса деген ұсыныс айтты.  Шаруа қожалығының басшысы М. Қожабай Бұлақтыкөл елді мекенінде телефон нүктесін көбейту, ауылға газ жеткізу мәселелерін қозғады.

Әрине, ауыл тұрғындары газ мәселесінің жоғары орындардың бақылауында, шешілу үстінде, дағдарысқа байланысты бөгеліп тұрғанын да білетін. Сондай газ келіп үлгерген ауылдың бірі Жарқамыс болатын. Мұнда қазір адамдар қолын жылы суға малып отыр. Есеп беруге келген әкімді жылы қабақпен қарсы алған ауыл тұрғындары Елбасына, облыс әкіміне алғыстарын жаудырды.

Өңірге газ келуімен адамдардың тұрмыс-тіршілігі өзгерген. Тұрғындар қаладағыдай өмір сүріп жатыр. Мұны жиналыста сөйлеген әр адам ашық айтты. Бұрынғы қысқа қарай қаңырап, адам бара бермейтін мәдениет ошақтары қазір жұмысын жақсартқан. Жарқамыс орта мектебі, балабақша, аурухана, тағы басқа мекемелер газбен жылытылады.

Дегенмен, жайлы тұрмыстың дәмін алған ауыл тұрғындары болғанның үстіне бола бергенін, ауылда маман, білікті дәрігерлердің көбейгенін қалайды. Жарқамыс орта мектебінің бірсыпыра мұқтажы бар. Спорт залына жөндеу керек. Асханаға мүліктер қажет. Қаражар орта мектебінде де көңіл бөлетін мәселелер аз емес сияқты. Ақтамдағы бастауыш мектепке күрделі жөндеу жүргізіп, айналасын қоршау мәселесі де орынды айтылды.

Елде мал көп. Бірақ жергілікті жерде соның өнімдерін өткізетін, қабылдап алатын арнаулы орындар жоқ.

Негізінен малмен тіршілігін айырып отырған өңірдің адамдары қай ауылда да осындай мәселелерге алаңдаулы екенін көрсетті. Мысалы, Ащы селолық округінде тұрғындар аудан әкіміне жаз мезгілінде малға су жетпейтінін айтып шағынды. Өйткені ауыл қасындағы бөгетке бұрынғыдай су тұрмайтын болған. Осы өңірден мұнай өндіріп жатқан компаниялардың ауыр көліктері ерсілі-қарсылы шарлап жайылымдық жерді бүлдіретіні де тұрғындардың жанын ауыртуда. Олар осыған тыйым салынса, деген пікір айтты.

Ауылдарда өткен кездесулердің барлығында осындай айтылған ел азаматтарының мұң-мұқтаждарын, пікірлерін аудан әкімі жазып алды және тиісінше шара алынады деп мәлімдеді.

К.ӘУБӘКІРОВ,

Байғанин ауданы.

***

Табыстар талқыланды,

мәселелер сараланды

Өткен жұмада аудан орталығындағы «Арай» мәдениет үйінде өткізілген аудандық мәслихаттың кеңейтілген жиырма екінші сессиясында аудан басшысы Мирхан Дуанбеков жұртшылық алдында 2009 жыл ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін берді.

Аталған сессияға аудандық мәслихат депуттарынан басқа мекемелер мен қоғамдық ұйым өкілдері, селолық округ әкімдері және бөлім бастықтары, сондай-ақ облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Жолдас Нұршин, облыстық мәслихат депутаты Құдайберген Бекенов қатысты.

Аудан әкімі өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде әңгіме қозғап, алдағы уақыттарда қолға алынатын шаруалар жайын түсіндірді. Жарты сағатқа созылған баяндамадан ауыл адамдары бір жыл ішінде аудан көлемінде біршама игілікті істердің жүзеге асқанын ұқты. Шынында да, бірнеше жаңа ғимарат бой көтеріп, нысандар ашылды. Мектеп, балабақшалар күрделі жөндеуден өтті. Көптеген адамдар жұмысқа тартылды. Күрделі деген біршама мәселе өз шешімін тапты…

Жиналыста төмендегідей пікірлер қозғалып, өтініш-тілектер білдірілді.

Нұрқасым Сәрсенбайұлы, «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мекемесінің директоры, аудандық мәслихат депутаты:

— Аудан әкімінің кезекті есебін тыңдадық. Әрине, біраз жұмыстар атқарылды. Дегенмен өңірімізде әлі де шешімін табар мәселелер аз емес. Солардың бірі – ауыз су. Мысалы, бүгінгі таңда Нұра, Жайсаңбай селолық округтерінің халқы ауыз суға зәру болып отырған жайы бар. Сондықтан осы мәселе түбегейлі шешілсе дейміз. Осы аталған екі округке ауыз су таситын жаңа «Камаз» автокөлігі сатылып алынса өте жақсы болар еді.

Екіншіден, соңғы екі жыл ішінде ауданымыздағы Ырғыз, Торғай, Өлкейік өзендері тасыған емес. Өзгелерге мақтана көрсететін сексен көліміз суалуға айналды. Бұл өз кезегінде өңіріміздің экологиялық жағдайына кері әсерін тигізеді. Міне, осы мәселе төңірегінде суды реттейтін Қыл мен Қожа бөгеті салынса дейміз.

Үшіншіден, кәсіпкерлік саласы жандана берсе екен деген тілегім бар. Бұл жайында, менің ойымша, ауданымызда тері, сүт, сүт өнімдерін өндейтін шағын цехтар ашылып жатса жақсы болар еді. Сонда көптеген ауыл адамдарының жұмысқа тартылуына мүмкіндіктері молаймақ.

Асылбек Сарин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Елбасымыз өз сөзінде соңғы бес жыл көлемінде республикамызда орасан зор жұмыстар атқарылғанын айтқан еді. Біздің ауданымызда да соңғы жылдары көптеген шаруалар жасалынды. Бұрын мұндай жұмыстар бір мезгілде болған емес. Жаңа нысандар ашылуда, күрделі жөндеулер жасалуда, дегенмен атқарылатын істер әлі де көп. Оның барлығы келер күндердің еншісінде.

Сондай-ақ нан бағасы еліміз бойынша 35-40 теңге болса, Ырғызда бұдан қымбаттау. Сондықтан осы нан бағасы бақылауда ұсталса деген тілегіміз бар.

Сержан Шейітов, зейнеткер:

— Өз басым ел тізгінін ұстап отырған азаматтарға, оладың қызметтеріне дән ризамын. Қарияларды үнемі назардан тыс қалдырмайды. Дегенмен аудан орталығынан зейнеткерлерге арналып арзандатылған дүкен ашылса деймін. Себебі, бүгінде азық-түлік бағасы біздің зейнетақымызға шаққанда қымбаттау болып тұр…

Ләззат Айтқұлова, Ырғыз өнер мектебінің мұғалімі:

— «Әркімнің туған жері — өзіне жұмақ» дегендей, туған Ырғызымыз гүлденіп, көркейіп жатса бойымызды қуаныш сезімі билейтіні рас. Дегенмен аудан орталығында орналасқан халық көп баратын, алыстан «мен мұндалап» бірден көзге түсетін «Қазпошта» ғимаратының екінші, үшінші қабаттары жөнделмей, сол қалпы тұрғаны көңілге кірбің ұялатады. Осы ғимарат үлкен жөндеуден өтсе, ауылымыздың ажары айшықтала түсер еді. Сонымен қатар ауданымызға психолог мамандары көптеп тартылса дейміз.

Міне, жиналыста отырған жұртшылық көкейлеріндегі осындай талап-тілектерін жеткізіп жатты. Мысалы, Болат Ақашев облыстық мәслихат депутаты Құдайберген Бекеновке бағыттап «Ырғызда тағы да бір дәріхана ашылса» деген өтінішін білдірсе, Қосыбек Бөлекбай «Соңғы үш жылда аудан орталығындағы үлкен екі көшеге тас жол төселді. Енді жұмыстар Әбілқайыр хан көшесіне қосылатын Қонаев көшесі мен Ырғыз-Нұра көпіріне төселген асфальт Бердіқұлов көшесі арқылы Жүргенов көшесіне жалғасса» деген тілегін жеткізді.

Мұнан соң жиналыста облыстық білім басқармасының орынбасары Ж.Нұршин  сөйлеп, жалпы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасады.

Аудан әкімі Мирхан Дуанбеков жоғарыда қойылған түрлі сұрақтар мен өтініштерге ізінше жауаптарын қайтарды.

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз ауданы.

***

Алты округтегі кездесу:

алдағы міндеттер

Қайыңдыдағы кездесуге аудандық, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы аймақтық басқармасы, әлеуметтік қызмет көрсету, білім, денсаулық сақтау бөлімдері басшылары қатысып отырды.

Тұрғындардың сұрағы ауыз су мәселесіне, ауылдарды газ баллондарымен қамтамасыз етуге қатысты болды. Әкім биыл аудан орталығынан газ баллондарына газ толтыратын станса салынатындығын айтты. Ал ауыз су мәселесінде барлық ауылдардағы құдықтарды қарап, қандай шаралар алу қажеттігін анықтау тапсырылды.

Жиналыста сөйлеген Абай атындағы мектептің мұғалімі Қанат Дәндібаев:

— Биыл мектебіміздің жылу жүйесі жаңарды. Бұл көптен бері айтылып жүрген шаруа еді. Енді мектебімізді күрделі жөндеуден өткізіп берсеңіз. Ескі, салынғаннан бері мектеп дұрыс жөндеу көрген жоқ, — деді.

Аудан әкімі: «Биыл мектеп жөнделеді», — деп риза етті.

Кездесу барысында аудан әкімі биыл Қайыңдыға 25 орындық балабақша салынатынын хабарлады.

Алтықарасу округінде ауыз су мәселесі өткен жылдары оң шешілді. Балабақша үйі екі есеге кеңейтілді. «Еңбекші» ауылында жаңа балабақша салынды. Көшелері қаладағыдай жарқырап тұр. Ендігі кемдігі, ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Жанбосынов айтқандай, ауылдағы мешіт үйінің жылу мәселесін шешу болып отыр.

Жиналыста ауыл тұрғындары А.Әбдірахманов, Ж.Ұзақбаева жергілікті жердегі атқарылып жатқан шаруаларға жоғары баға бере келіп, ауыл спортына көңіл бөлу мәселесін қозғады.

Саркөлде өткен аудан әкімінің есебінде ауыл тұрғындары 25 орындық жаңа балабақшаның салынып, пайдалануға берілгеніне ризалықтарын білдірді. Баяндамадан кейін сөз алған мұғалім Айнаш Абдуллина, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Теміржан Қалмағанбетов әкімнің есебіне  жоғары баға беріп, ауылдың тазалығын, жасөспірімдер арасындағы тәртіпті сынады.

Жиналыста аудан прокуроры Ж.Шадин мал ұрлығы, ішімдік саудасы, жастар арасындағы тәртіп туралы әңгімеледі. Ал аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы А.Дәулетов: «Мал ұрлығымен, жастар тәртібімен көпшілік болып бірігіп күрескенде ғана нәтижеге жете аламыз», — деді.

Кеңқияқ кентінде де тұрғындар риза сияқты. Кентте халыққа қызмет көрсету орталығы, спорт мектебі салынған. Көпір жөнделген. Басқа да мәселелер оң шешімін тапқан.

Әйтсе де, тұрғындар қалдықтар төгетін алаңның жұмысын жөнге келтіруді, кентке МАИ қызметкері керектігін  айтып, басқа да мұң-мұқтаждарын білдірді.

Көшелерді жөндеу әңгіме болды.

Шығырлыда ауыл шаруашылығы саласын ірілендіруге, жер жағдайына қолайлы пайда келтіретін шаруа түрін дамытуға көңіл бөлу керектігі айтылды. Сонымен бірге жастар тәрбиесі, тәртіп мәселесі де сөз болды. Осында әкім кәсіпкерлікті дамытуға байланысты шағын несие алуға ниет білдіргендерге аз мөлшердегі пайызбен көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Жиналыста серіктестік жетекшісі Балтабай Қуандықов теледидар, жол мәселесін қозғады. Мектеп директоры Жанат Ізбағанбетов мұғалімдер жетіспейтінін атап өтті. Бұнда да ауыл тұрғындары газ баллонынан тапшылық көруде.

Ақсай селолық округіндегі кездесу өткен жылы пайдалануға берілген клуб үйінде өтті. Клуб үйінің артықшылығы көрініп тұр. Шығырлы клубындай емес, жылы, жайлы.

Әкімнің есебінен кейін сөз алған ауыл тұрғыны Н.Жаңабаев, мектеп директоры Р.Бегимова ауыл мектебіне, мәдениет саласына жасалып жатқан қамқорлықтарды атады.

Сөйлеушілердің бірі дәрігерге берілетін үй мәселесін қозғады. Сол жерде оны жөндеуге қосымша қаржы бөлу мәселесі шешілді. Орталық спорт алаңын қоршауға аудан әкімі 500 мың теңге қаржы бөлді.

Тұрғындардың көтерген мәселесінің бірі — ауыл іргесіндегі бұзылған бөгеттің жайы еді. Көп жылдан бері ол ескерілмей, жөндеу көрмеген.

Жиналыста жеке басының жағдайын айтып, өтініш жасаған Айжан Жармағанбетоваға аудан әкімі сол бойда көмектесудің жолдарын қарастыруды бөлім басшыларына тапсырды.

Округтердегі әкімнің есебі, жалпы алғанда, ұйымшылдық жағдайында өтті. Әсіресе, балалар мекемелері мен мәдени ошақтар, тазалық, көшенің жарықтануы сияқты шаралардың шешілуі жұртшылықтың билікке деген сенімін  күшейткен. Тұрғындар жеке бастың қамы емес, ауылдың болашағы, елдің тұтастығы, көркейіп гүлденуіне қатысты ой-пікір білдірді.

Округтерде кездесуден соң, аудан әкімі, бөлімдердің басшылары тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

М.ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button