Білім

Балдырған

Біліп жүр

Ең, ең, ең…

Ең сирек кездесетін құс — калифорния кондоры.

Ең тыныш құс — ақбас орлан, АҚШ-тың ұлттық символы.

Ең кішкентай құмырсқа қоректі — пұшық.

Ең көп тараған жабайы мысық — сілеусін.

Ең ірі қосмекенді — испан саламандрасы.

Ең ірі кесіртке — Колодо аралындағы келес.

Ең үлкен жылан — торлы питон.

Ең үлкен мысық — амур жолбарысы.

Ең ірі орман тұяқтысы — бұлан.

Ең ірі ескек аяқты сүтқоректі — морж.

Ең алып құс — африкалық түйеқұс.

Ең жүйрік сүтқоректі — гепард.

Ең ірі адам тектес маймыл — горилла.

Ең ірі бақа — голиаф, ол Камерунда тіршілік етеді.

Құралай ҚҰЛТАБАНОВА,

Тоғыз орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Шілікті ауылы,

Шалқар ауданы.

Көзқарас

Азаматтық ұстаным

Қазір дала мен қалада ХХІ ғасыр адымдап жүр. Адамдар тастан тұрғызылған әлемнің ортасында өмір кешіп жатыр. Қай жаққа қарасаң да, өз отбасын, өз тірлігін ойлап, материалдық қажеттіліктеріне бас ауыртып жүрген бір адам.

Қарым-қатынас, сыйластық, патриоттық сезімдер жоғалып бара жатқандай. Әбілқайыр, Абылай хандардан бергі заманғы батырлардың бізге қалдырған өсиеті қайда? Әлия, Мәншүк секілді өрімдей қыздардың жас өмірі не үшін қиылды? Кешегі Желтоқсанда Ләззат кім үшін жапа шекті?

Жақында «Ақтөбе» газетінде бір азамат отбасымен өзеннің жағасында демалып жатқанда, бір бала мен оның атасы суға батып бара жатқанын көріп қалып, ойланбастан суға қойып кетіп, екеуін де құтқарып алғаны жазылыпты. Сол аға ерекше мақталып, кеудесіне медаль тағылды. Ол тек атасының баласы болмай, халықтың баласы бола білді.

Құрдастарым, біздің ата-бабадан қалған жеріміз, егемен еліміз бар, өзіміздің тіліміз бен дініміз бар кезде тек қана өз басымызды ойламай, өскенде қандай болсақ та, халқымызға бір пайдамызды тигізейік!

Әсел ЖҰМАГЕЛДІ,

№ 32 мектеп-гимназияның

7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Жарайсың!

Асылдың асуы

Өткен сенбіде қалалық Оқушылар сарайында «Қазақстан 51-ші Халықаралық математикалық олимпиаданы қарсы алуда» атты облыстық математикалық онкүндіктің (22-31 қаңтар) жабылу рәсімі өтті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дарынды балаларға арналған «Алтын кітапқа» қол қойып, осы сәттен естелік суретке түсті.

Байқасақ, жеңімпаздардың дені — қалалық оқушылар. Біз ауданнан келген жүлдегердің біріне жолықтық. Марапаттау рәсіміне сол күнгі боранға қарамай, Қобда ауданынан Бестау орта мектебінің оқушысы Асыл Мұсағалиев пән мұғалімі Жайнагүл Алдашевамен бірге келіпті. Математиканы жақсы көретін кіп-кішкентай ауыл баласы «Сократ» олимпиадасының алғашқы кезеңінде тест тапсырса, келесі кезеңде 3 есеп шығарыпты. Сөйтіп, ол математика пәні бойынша өз қатарластары арасынан бөлініп шығып, жүлделі ІІ орынға ие болды. Шәкіртінің жеңісіне қуанған мұғалім: «Асыл — математикаға ерекше қабілетті оқушы. Әрі бұл — біздің мектептің үлкен додадағы алғашқы жеңісі», — деді.

А.БАЛЖАНАЙ.

Талап

Өнерлі ұлан

Менің жетекшілігімдегі 20 оқушымның бірі — оқу озаты, өнерлі ұлан Темірлан Таймағанбетов. Ол сабақты үздік үлгерумен бірге, мектепте өтіп жататын қоғамдық жұмыстардан, апталықтардан сырт қалған емес, республикалық марафондарға да белсене қатысады.

Темірлан Ембі қаласында өткен «Ән әлдиі», «Жас талант — 2009» және аудандық «Отаным — алтын бесігім» ән байқауларында жүлделі орындарға ие болып, республикалық «Ақ көгершін» фестиваліне жолдама алды. Ал бұл фестивальда екінші дәрежелі дипломант атанып оралды.

Біз Темірланның өнердегі жетістіктері жалғаса беретіндігіне сенеміз.

Ж.ӘБІШЕВА,

Мұғалжар орта мектебінің мұғалімі.

Мұғалжар ауданы.

Тылсым

Түс пән ретінде оқытылады

Барлығың да ұйықтаған кезде кейде сирек, кейде жиі түс көресіңдер. Ал түс көрудің қандай мәні бар, бұл туралы қазіргі оқымыстылар не айтады?

Діни әпсаналарда пайғамбарлар да түс көріп, жаратқан жалғыз құдаймен тілдесіп жатады: тіпті 60-жылы рамазан айының қадыр түні Хира тауында ұйықтаған қырық жастағы Мұхаммедке түсінде Жебірейіл келіп, аян беріп, Алланың хатын оқытады. Содан соң ол құдірет дарып, ислам дінінің негізін қалаушы пайғамбарға айналған. Иә, Жер бетінде Будданың пайда болуы, адамзаттың жаралуы («Інжіл») да тап осылай түстен өрбиді.

Бізге тарихтан, тарихи тұлғалар туралы жылнама-естеліктерден белгілі нәрсе — түс көру кезінде рухани өсіп, дамудың үрдісі үзіліп қалмай, керісінше үдей түсетіндігі.Ұйықтап жатып ғылыми жаңалықтар ашқан, классикалық шығармаларының «кілтін тапқан» ұлылардың аты-жөнін ондап емес, мыңдап мысалға келтіруге болады.

Айталық, Менделеев өзінің әйгілі таблицасын түсінде жасаған. Ал Александр Грибоедов «Ақылдың азабы» туындысының сюжетін ұйықтап жатып «жазған». Тігін машинасы да тұңғыш  рет Элиас Хоу деген өнертапқыштың түсіне кірген. Тіпті әйгілі «Өкіну» («Покаяние») фильмін қалай түсіргендігі туралы режиссер Тенгиз Абуладзе: «Ең қызық эпизодтар маған түсімде келді. Жынды адамша төсектен атып тұрып, жалма-жан қағазға жазып, қайтадан жатамын. Ертесіне «бәлкім, сандырақ  шығар» деп оқуға жүрексінемін. Алайда түс арқылы көрген эпизодтарым нағыз ақиқат екен», — деп есіне алады.

Осы заманғы ғалымдар түс көру құбылысына бұрынғыдай біржақты қарамай, ғылыми-философиялық тұрғыдан зерттеуге ден қойды. АҚШ-тағы станфордтық бизнес мектебінің шығармашылық менеджмент курсында Г.Деланның «Өз түсіңмен өмір сүр», А.Хобсонның «Түс көретін ми», Р.Боснактың «Түс әлемінде» атты еңбектері пән ретінде оқытылады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button