Жаңалықтар

Дін жолындағы Сұлушаш Қадірова Премьерге алғыс айтты

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ақтөбеге жасаған сапары кезінде  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Президиум төрағасы Тимур Құлыбаев, палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Салжановтар қатысқан кездесу барысында бірқатар мәселелер талқыланды.

«Үкімет бизнес қауымдастық өкілдерімен бірге отырып, маңызды мәселелерді талқылауға дайын», — деп сөзін бастаған Бақытжан Сағынтаев кездесу барысында өңірлік кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.

Абылай Мырзахметовтің айтуынша, бизнес субъектілерінің саны бойынша Ақтөбе облысы жоғары көрсеткішке ие.

Облыста бизнес субъектілерінің өсімі жыл сайын байқалады. Бизнес қауымдастықтың проблемалық мәселелері турасында айтар болсақ, бұл барлық өңірге ортақ мәселе. Бұл — өнімді өткізу, сатып алу, қаржылай қолдау және өзге де мәселелер, — деді ол.

«Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры, Өңірлік кеңестің төрағасы Исланбек Салжанов бүгінгі күні бизнес саласында туындаған мәселелерді шешуде өңірлік кеңес маңызды рөл атқаратынын, кәсіпкерлер жолындағы кедергілерді шешуге ықпал ететінін айтты. Оның айтуынша, ай сайын өңірлік кеңес мүшелері отырыс өткізіп, проблемалық мәселелерге талдау жүргізеді, оны шешудің жолдарын қарастырады.

Кездесу кезінде Премьер-Министрге Темір ауданы Шұбарқұдық елді мекенінен келген жеке кәсіпкер, дін жолындағы Сұлушаш Қадырова мемлекет тарапынан өзі секілді бизнес бастаушыларға ерекше қолдау көрсетілетіні үшін алғысын білдірді.

Мен Шұбарқұдықтан келдім. Қазір жеке кәсібімді ашып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға қол жеткіздім. Жеке кәсіпкерлікпен шұғылдану үшін әуелі «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Қазір «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының қолдауымен жылыжай салып, кәсібімді жетілдіріп жатырмын. Ол үшін «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы пайызсыз 2 миллион теңгеге қол жеткіздім. Мен секілді кәсіп бастаушыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай көмектеріңіз үшін алғысым шексіз, — деді Сұлушаш Қадырова.

Бұл орайда Бақытжан Сағынтаев Сұлушашқа мемлекет тарапынан бизнес ашуға мол мүмкіндіктің барын айналасындағыларға насихаттауға кеңес берді.

Кездесу кезінде кеңес мүшесі, кәсіпкер Асхат Айтжанов жалған кәсіпкерлікпен шұғылданушыларға заң тарапынан қатаң жаза қолдану үшін қолданыстағы Заңға өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартты. Ал «АкТеп» ЖШС директоры Нұрлан Сағыналин кәсіпкерлік субъектілеріне қадағалаушы органдар тарапынан тексерістің артқанын айтты. Оның айтуынша, 2015 жылы барлығы 3072 тексеріс болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 6625-ке өскен. Алайда кәсіпкерлерге салынған айыппұл көлемінің деңгейі сол күйінше қалыпты. Сондықтан да ол бұл мәселені заңға сәйкес реттеу қажеттігін алға тартты.  Сонымен қатар кездесу барысында шара қатысушылары несие ресурстарының қолжетімділігі, субсидиялау, пайыздық мөлшерлемелер, салық саясаты мәселелерін, «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың түрлі аспектілерін талқылады. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі көтерген мәселелер де талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға көтерілген мәселелерді бақылауға алуды тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button