Ауыл

Қораңыздағы әр мал компьютерге енгізіледі

Өткен жылдың шілде айында ҚР «Ветеринария туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заң биыл жыл басталысымен күшіне енді. Өзгерген құжат ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті күшейтеді, осы саладағы нормативтік-құқықтық актілердің халықаралық стандарттарға сай келуін қамтамасыз етеді. Ертеңгі күні сатылымға шығатын мал шаруашылығы өнімдерінің сапалы болуы қажеттігі, яғни заңға енгізілген өзгерістер кедендік одақтың да бір талабы болып отыр. Кеден толық ашылған соң, Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерін Ресей рыногына шығарудың жаңа сатысына көтеріледі.

Енді ауылдарда заман талабына сай басқа кәсіппен айналысып кеткен мал дәрігерлеріне бұрынғы өзінің жұмысына қайта келуіне мүмкіндігі бар. Әрбір елді мекенде мал соятын орындар ашылуға тиіс. Енді еті сатылатын мал осындай орындарда қасапшының көмегімен сойылады. Ал сауда орындарынан аулада сойылған малдың етін байқаса, инспекторлар оны бірден ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткізіп, ет өңдеу кәсіпорындарына айдап жібереді. Кінәлілер 5 айлық есептік көрсеткіштен бастап айыппұл төлеп, әкімшіліктік жауапқа тартылады.

Әрине, күн көрісін малдан тапқан ауылдағы жұрт үшін бұл — елең еткізерлік жаңалық. Осы мәселелер жөнінде толық ақпарат алу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Сұлтан Құрманалинмен сөйлескен едік:

— Өзгерістерге сәйкес жергілікті атқарушы органдарда ветеринариялық қызметтер құрылады. Соған байланысты біздің облысқа 176 штат берілді. Мәселен, бұрын ауылшаруашылығы басқармасында ветеринариялық қызмет жоқ еді, енді бөлек бөлім ашылады. Аудандық әкімшілікте ауылшаруашылығы бөлімінен бөлек  малдәрігерлік бөлім жұмыс жасамақ. Облыс және аудандардағы бөлімдерде үш адамнан, селолық округтерде бір-бір маман жұмыс жасайтын болады. Бұлар жұмыс жоспарын жасап, әр елді мекенге қаржыны бөледі, тендер өткізеді, жұмыс жүргізуді талап етеді, мал сырғалап, идентификация жүргізеді. Бұрын мал сырғалайтын еді ғой? Соған қайтып келе жатырмыз. Қазір компьютердің заманы. Әр үйдің қорасындағы мал есепке алынып, оған ветеринарлық құжат беріліп, компьютерге енгізіледі.

— Әр малға бас-бас сайын құжат беріле ме?

— Ірі қараларға жеке-жеке құжат беріледі. Ал қой-ешкілерге топтастырылып беріледі. Онда малдың жасы, мал дәрігерінің қараған уақыты, қанның нәтижесі, вакцинация жүргізген уақыттары, малға берілген нөмір, т.б. ақпараттар жазылады. Сатылған, ауыстырылған, өліп қалған, сойылған малдың барлығы қайта тіркеуге алынады, не тіркеуден алынып тасталады.

— Ал мал сою бекеттері мен мал сою алаңдарын салу жұмыстары облыста қалай жүргізіліп жатыр?

— Әзірге облыста он алты мал сою орны бар. Енді облыс бойынша 12 мал сою пункті, 33 алаң салынады. Бұл орындарды ашу үшін облыстық бюджеттен 100 миллион қаржы бөлінеді. Бұл қаржы ақпан айында өтетін мәслихат сессиясында бекітіледі деп ойлаймыз. Алаңдарды осы жылдың бірінші жарты жылдығында салып бітіруіміз керек. Пункттердің құрылысын бастаймыз. Алаңның мал сою пункттерінен айырмашылығы — мұнда зертхана болмайды, тек малды сойып береді, мал етін сараптамадан өткізуді сауда орындарындағы сараптау бөлімдерінде жүргізеді. Ал мал сою пункттерінде зертхана болады, сол жерде бірден тексеруден өткізіп, белгі қойып, сатуға рұқсат ететін куәлік береді. Ойылда, Мұғалжар мен Мәртөк аудандарында екі-екіден, қалған аудандарда бір-бірден мал сою пункттері ашылады. Әйтеке би, Ырғыз ауданы, Ақтөбе қаласында әзір пункт салынбайды. Ал мал соятын алаңдар барлық аудандарда ашылады.

Сатуға арналған малды аулада союға болмайды. Өйткені оны бәрібір сауда орындарында сата алмайды. Ал жеуге арналған малды аулада соя беруге болады.

— Адамдар малын алаңға апарып, өздері соя бере ме?

— Жоқ, ақылы түрде қасапшылар сойғызады.

— Қолындағы малын ғана талғажау етіп отырған ауыл адамдарына қиын болмай ма?

— Қалай болғанда да, заңның аты заң, оны еліміздің әр азаматы орындауға тиіс. Мал етін сатқысы келсе, жоғарыда айтылған барлық талаптарды орындауы керек.

— Жалпы елімізде малдың тоқсан пайызы үй шаруашылығына тиесілі екен. Ақтөбеліктердің үлесі қандай?

— Статистиканы сөйлетсек, қазір облыста 457,7 мың ірі қара, 1 млн.103,5 мың қой-ешкі, 70,9 мың жылқы, 16,4 мың түйе, 69,8 мың шошқа, 337,2 мың құс бар. Ірі қараның 89 пайызы, қой-ешкінің — 72, жылқының — 61, түйенің — 74, құстың 60 пайызы жеке үй шаруашылығына тиесілі.

— Ал мал дәрігерлері мамандарын ауылға тарту мәселесі облыста қалай жүргізіліп жатыр?

— Осы жағы қиын болайын деп тұр. Өйткені бұрын мал дәрігері болып қызмет жасап, кейін басқа салаға ауысып кеткен ауылдағы мал дәрігерлерінің дені қазір үлкейді. Ал жастар жағы ауылға барғысы келмейді. Қазір қаламыздағы ауылшаруашылығы колледжінде отыз шақты бала мал дәрігері куәлігін алғалы отыр. Сол отыз баланың бес-алтауы ғана ер балалар, қалғандары қыз балалар.

P.S. Бұл әңгіменің басы ғана. Біз редакцияға істің мән-жайын білмек боп хабарласқан оқырмандардың сұрақтарына жауап алуға тырыстық. Ежелден дәстүрлі шаруашылық болып келе жатқан мал шаруашылығы саласындағы осындай өзгерістер үйіндегі екі-үш бас малын талғажау етіп отырған ауылдағы қазақы отбасылар үшін үлкен жаңалық болып отыр. Қысқасы, ресми Астана заңды шығарды, тапсырмасын берді. Ендігі атқарылатын қыруар жұмыс жергілікті атқарушы биліктің қолында. Ал оның дұрыс яки бұрыс орындалуы әр ауылдың тұрмысы мен тіршілігіне өзгеріс әкелері хақ.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

***

Алға

Арнайы орындарда сойылуы керек

«Дәрігер адамды емдейтін болса, мал дәрігері адамзатты емдейді» деген қанатты сөз бар. Алайда соңғы кездері аймақта  мал ауруларының ушығып тұрғаны да жасырын емес.

Алға ауданында мал ауруларының алдын алу және емдеу жұмысымен мүйізі қарағайдай, ауданға бағынбайтын, облысқа қарайтын, республикадан қаржыландырылатын аумақтық инспекция айналысатын еді. Мал басының өсімі, мал сою алаңдары мен пункттерінің салынуын қадағалайтын аудандық жергілікті атқарушы органдар тағы бар. Бұл екі мекеме аз болса,  осы жылдан бастап аудандық әкімшілікте ветеринария бөлімі ашылғалы жатыр. Оған қоса «тендерді ұтып аламыз» деп білек сыбанып, «Алға–Тазалық» дейтін атқаратын функциясында бала босандырудан басқаның бәрі бар мекеме және қосылып отыр. Әлгі бір орыстың мақалындағы  «жеті күтушісі бар баланың көзі шығыпты» деген жағдай  малдың басына келген түрі бар.

Сарып (бруцеллез)  көбеймесе, азайған жоқ.

Аудан әкімінің есебі басталғалы жер- жерде айтылып жатқан басты мәселелердің бірі — осы. Мәселенің мәнісін сараптай бастасақ, барлық елді мекендерде мал сою пункттері немесе алаңдары ашылуы керек.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Парасат Рахметованың мәліметтері мынадай:

— Әзірге Алға ауданы бойынша үш мал сою пункті жұмыс жасайды. Олар: «Тоқмансай ЖШС-ның жанынан ашылған «Алшағыр» ауылдық тұтынушылар кооперативі, «Реймқұл» шаруа қожалығының жанынан  құрылған «Айбек» ауылдық тұтынушылар кооперативі, «Арай-М» шаруа қожалығының жанынан құрылған «Мат» тұтынушылар кооперативі. Сойыс малдары осында әкелініп, арнайы зерттеулерден өткен соң ғана базарлар мен дүкендерге жөнелтіледі.

Сондай-ақ осы жылы аудан бойынша төрт жерде: Ильинкада, Болгаркада, Қарабұлақта және Бестамақта мал сою алаңдары ашылмақшы.

…Осы кезге дейін талай айтылып жүрген бұл мәселе қаржы тапшылығына байланысты кешеуілдеп қалған еді. Осы жылы  шындап қолға алынбақшы.

Тағы бір айта кететін нәрсе, барлық мәселе  саны көп те, сапасы аз мал мамандарына тіреліп тұрған жоқ, үйден шыққан ауру малды сою, құрту кез келген қожайынның қолындағы шаруа. Ауру малды соймаймын деп, бала-шағаға дерт жұқтырып алсаңыз, оларды да сойып сатпайсыз ғой…

Шара ЕЛЕУСІЗ.

***

Шалқар

Өзгеріс өнімнің сапалы болуына жетелейді

Шалқар ауданының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Қазір ауданда 6 заңды тұлға, 486 шаруа қожалығы, барлығы — 492 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Мал басы және оның өнімдері жылдан-жылға көбейіп келеді. Қазіргі деректер бойынша, ірі қара — 33 мың бас, қой-ешкі — 135 мың, жылқы — 10,7 мың, түйе 9,5 мың басты құрап отыр. ҚР «Ветеринария туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілгеніне байланысты биыл жыл басында аудандық ветеринариялық бөлім ашылды. Енді ауданға қарасты әрбір селолық округ әкімшілігі жанынан бір мал дәрігері штаты ашылады.

Осы өзгерістерге байланысты аудан көлемінде қандай жұмыстар атқарылатынын ауданның бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы Бердімұрат Бекжановтан сұраған едік:

— Алдағы уақытта мал сою алаңдары мен мал сою пункттерінде сойылған мал өнімдерін ғана сатуға болады. Қазір қаламызда бір мал сою пунктінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан алдағы жазда пайдалануға беріледі. Ал селолық округтерден мал сою алаңдарын салу мақсатында жуырда аудан әкіміне ұсыныс жасалды. Бұл да алдағы уақыттарда біртіндеп жүзеге асатын болды. Негізінен, біздің ауданнан мал сойылып сыртқа шықпайды, көбіне тірілей сатылып кетеді.

Сондай-ақ аудан орталығы Шалқар қаласынан, Шалқар, Қауылжыр, Бозой, Есет Көтібарұлы атындағы селолық округтерінен мал көмінділері (скотомогильниктер) салынды. Бұл орынға малдың, басқа да үй жануарларының өліктері апарылып, залалсыздандырылуы қажет. Болашақта бұндай  мал көмінділері барлық селолық округтерде салынады. Ветеринария туралы заң талаптарына сәйкес енді малдан бруцеллез ауруы анықталса, ол мал міндетті түрде залалсыздандырылуы қажет. Дегенмен, бруцеллез ауруы біздің ауданда жоқтың қасы. Бұндай аурулар негізінен сырттан келген малдардан пайда болады. Жалпы, мал ауруының алдын алу мал иелеріне де байланысты. Мәселен, малды уақытылы ектіру, қадағалау, сырттан мал алған жағдайда оны жергілікті әкімшілікке тіркету, мал дәрігерлеріне көрсету — мал иелерінің бірден-бір міндеті.

Аудан көлемінде мал ауруларының алдын алу мақсатында тексеру, егу жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп келеді. Мәселен, өткен жылы 33 мың ірі қара, 170 мың қой-ешкі, 3 мың түйе, 700 бас жылқы бруцеллез ауруына  тексерілді. Ал лейкоз ауруына  мың бас ірі қара тексерілді. Сондай-ақ сібір жарасына қарсы 43 мың ірі қара, 8 мың жылқы, 9 мың түйе, 170 қой-ешкі егілсе, оба ауруына қарсы 8 мың түйе, аусылға қарсы 30 мың ірі қара, 90 мың қой-ешкі егілді. Туберкулез ауруына қарсы 62 мың ірі қара, 9 мың түйе тексерілді. Осындай ветеринарлық-санитарлық қадағалаудың нәтижесінде қазір аудан көлемінде адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы  аурулар тіркеліп отырған жоқ деп айтуға болады.

Осы саланың маманы ретінде айтар болсам, заңға енген өзгерістер мен толықтырулар мал шаруашылығы өнімдерінің сапалы болуына жетелейді. Бастысы, әркім өзінің алдындағы малын уақытылы ветеринарлық-санитарлық тексерістен өткізу қажет.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Қазіргі таңда Республика бойынша мал сою алаңдары мен пункттары салыну жоспарланып, құрылысы салынуда. Менің қояр сұрағым аталған мал сою пункттінде ветеринарлық дәрігер болуы тиіс. Сол ветеринарлық дәрігерді кәсіпкерлер қабылдайма әлде жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімдері арқылы тағайындалама?
    Алдын ала рахмет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button