Басты бет » Жаңалықтар » Жаңа жоба және тиімді тетік

Жаңа жоба және тиімді тетік

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының ғимаратында Еуразиялық топтың студенттік ортада жастар кәсіпкерлігінің эко-жүйесін құру жобасын талқылауға арнаған дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, жоғары және арнаулы оқу орындарының қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелді ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев жүргізіп отырды.

  • Бизнесті жүргізудің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаларына сүйенетін ERG компаниялары өздері орналасқан өңірлердегі жоғары оқу орындарының кәсіпкерлік бағытқа икемделіп, трансформациялануы арқылы студенттік ортада жастар кәсіпкерлігінің эко-жүйесін құру жобасын жүзеге асырмақ. Сол арқылы жастардың, соның ішінде студенттердің кәсіпкерлік бастамалары Қазақстан экономикасының негізгі инновациялық факторларының біріне айналуы тиіс, — деді ол.

Шарада Алматы менеджмент университетінің президенті Асылбек Қожахметов Елбасының биылғы Жолдауында айтылған екінші басымдық — 2050 жылға дейін елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу керектігін айта келе, бүгінгі күні университет Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жоғары оқу орындары арасында 7 бағыт бойынша ілгері шығуды мақсат етіп отырғанын жеткізді.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов өзге өңірлерден келген топ өкілдеріне ризашылығын білдіріп, аталған жоба аясында Ақтөбе облысының кәсіпкерлері  өзге өңірлермен бірлесе жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.

  • Бүгінде республика бойынша шағын және орта бизнес жақсы дамып келеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Бүгінде осы бағытта облыс әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы бірлесе жұмыстар атқарып жатыр.

Бүгінгі күні осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстар Ақтөбе қаласында жоғары деңгейде жүргізілгенімен, ауыл-аймақтарда баяу жүріп жатыр. Қазір облыстық   кәсіпкерлік басқармасы аудандағы кәсіпкерлермен қарқынды жұмыстар жүргізуде. Атап айтсақ, басқарма өкілдері кездесулерге жергілікті кәсіпкерлерді шақырып, олардың өз кәсібін қалай дамытып, қандай бағдарламаға қатысқанын сұрап, өзге тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар биыл жыл басынан бері қолға алынған жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша басқарма мамандары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, алты бизнес-тренерді дайындады. Олар 15 сәуірден бастап облыстағы 6 ауданға барып, сол аудандағы бизнеспен айналысуға бет бұрған 1200 тұрғынды оқытады, — деді ол.

Басқосуда еуразиялық топ (ERG) өкілдері биылғы жылы студенттік ортада жастар кәсіпкерлігінің эко-жүйесін құру жобасы Ақтөбе облысымен қатар Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарында да қолға алынатынын жеткізді.

Еуразиялық топ (ERG) өкілдерінің айтуынша, студенттік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған алғашқы жоба С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті базасында сәтті сыналған. Игілікті іске Тель-Авив университеті мен Қазақстандағы Тель-Авив университеті достарының қауымдастығы өз үлесін қосқан.

— Қазіргі таңда  еуразиялық топ пен жоғары оқу орындарының арасында студенттік кәсіпкерліктің эко-жүйесін құру бағытындағы әріптестікті орнатудың тиімді тетіктері әзір.Сондықтан студенттік кәсіпкерліктің эко-жүйесін құра алатынымызға сенімдіміз. Бұл жоба белсенді студенттердің білімін шыңдап, олардың шынайы кәсіпкерлік ортаға кірігуіне зор ықпалын тигізеді, — дейді О.Ордабаев.

 Данагүл ҚАЗИХАН.