Басты бет » Жаңалықтар » Ауылдың жылыжайы

Ауылдың жылыжайы

Мемлекеттік бағдарлама

Үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктері пайдаланып,  кәсіпке бет бұрған жастардың қатары көбейіп келеді. Шалқар қаласының тұрғыны Нағашыбай Қазин де көптен мақсат еткен кәсібін жүзеге асырды. Ол Жылтыр ауылынан шағын көкөніс жылыжайын салып, қазір алғашқы өнімін күтіп отыр.

Жылыжайдың жалпы аумағы — 400 шаршы метр. Су, газ, электр жарығымен толық қамтылған. Алайда мұндай алып нысанды тұрғызуда қиындықтардың болатыны рас. Нағашыбай сондай кедергілерден мойымай өтіп, алға қойған мақсатынан танбапты.

Жылыжай құрылысын өз күшімізбен салдық. Жанымда қолғабыс болар екі інім бар. Алма-кезек жылыжайға  келіп, отырғызылған көкөністерді баптаймыз. Қазір мұнда қиярдың екі түрі, пияз бар. Пиязды қаладағы азық-түлік дүкендеріне тапсыра бастадық. Қалған өнімдеріміз сәуір айында жемісін береді. Талаптансаң алынбайтын қамалдың жоқтығына сенемін. Осы кәсіпті қолға алу үшін мың ойланып, ақыры іске кірістім. Былтыр  мамыр айында «Жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы 5 миллион теңге несие алдым. Жылыжай құрылысын өткен жылдың маусым айында бастадық. Аудандағы кәсіпкерлік палатасынан, өзге де тиісті мекемелерден осы нысанды салуға көмектер болды. Жылыжай орналасқан жер құнарлы. Болашақта осы жерге еккен өніміміз артып жатса, кәсібімді кеңейту де жоспарда бар, — дейді Нағашыбай.

Нағашыбай Жексенбайұлы 2014 жылы «Ақтөбе Стартап» байқауына қатысқанмен, жүлдесіз оралды. Дегенмен, кәсібіне қол жеткізу үшін несие алудың өзге де жолдарын қарастырған ол нәтижесінде  ойлаған жобасын сәтті жүзеге асырды.

Наурыз мерекесі қарсаңында Нағашыбай тұрғызған жылыжайдың ашылу рәсімі жасалды. Салтанатты шарада аудан әкімі Бауыржан Қаниев игі істі қаймықпай қолға алған талапты азаматтың жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта аудан әкімдігі тарапынан қолдау болатынын айтып, сәттілік тіледі. Ал ауыл ақсақалы Жұмабай Жансүгіров жиналған жұртшылыққа ақ батасын беріп, жылыжай нысанының лентасы қиылды, шашу шашылды. Ішке енген қонақтар жылыжай ішін аралап,  жергілікті өнімнен дәм татты. Мереке күні жылыжай өнімін сатып алушылар да болды.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.