Басты жаңалықтарЖаңалықтар

«Ақбөбектің» жеңімпаздары марапатталды

Кеше Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы драма театрда «Жайнай бер, жасыл әлем» атты «Ақбөбек» республикалық балалар газетінің IV халықаралық фестиваль-байқауының жабылуы өтті.

 

 

 

 

 

 

 

 

Салтанатты жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балаларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Өнердің құдіреті мен қасиеті ерекше. Себебі өнер арқылы бір ұлтты бір ұлт, бір мемлекетті бір мемлекет біліп, таниды. Мысалы, соңғы екі айда жас әнші Димаш Құдайберген арқылы миллиардтан астам халқы бар Қытай елі Қазақстанды, оның ішінде Ақтөбені біліп жатыр. Қытайдың Қазақстандағы елшісінің өзі бүгін БАҚ арқылы Димашты Қытай елінің көбі білетінін, жақсы көретінін жеткізді. Міне, өнердің құдіреті деген осы! Ал сіздер, балалар, екі күннен бері қазақтың классикалық музыкасының негізін қалап, оркестрін құрған Жұбановтар елі — Ақтөбені дүркіретіп, өнерлеріңізді көрсетіп, бізге ерекше көңіл күй, күш-қуат сыйлап жатырсыздар. Сіздердің өмірлеріңіз алда! Әлі талай асуды бағындырып, өнердің биігіне жетесіздер! Сондықтан сіздерге барлық ақтөбеліктердің атынан алғысымды білдіремін. Өнерлеріңіз өрге жүзсін! — деді өңір басшысы.

Марапаттау рәсімінде екі күн созылған байқауда өнер көрсеткен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері мен еліміздің Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Петропавл, Орал қалаларынан қатысқан 100-ге жуық жас өнерпаз шығарма жазу, мәнерлеп оқу, сурет салу, вокал, хореография, музыкалық аспаптарда ойнау номинациялары бойынша жүлделі 1,2,3-орынмен, сондай-ақ бас жүлдемен марапатталды.

Биылғы жылы халықаралық деңгейде өткізіліп отырған байқау Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналды. Сондықтан байқауда бас жүлде және 1-орын алған жеңімпаздарға аталған көрмеге қатысуға 3 күнге арнайы жолдама берілді. Сондай-ақ, байқау жеңімпаздары алдағы уақытта  «Ақбөбек» балалар сауықтыру лагерінде де тегін демалмақ.

Шарада Ресейден келген халықаралық конкурстардың лауреаты, гитарашы Дмитрий Мурин, сондай-ақ бас жүлдені иеленген жеңімпаздар өнер көрсетіп, бишілер тобы мың бұрала би биледі.

Айта кету керек, аталған байқауға 6-15 жас аралығындағы 850-ден астам бала қатысты.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button