Спорт

Бородюктің тырнақалдысы

Футбол

 

 

 

 

 

 

 

 

Әріде талантты футболшы есебінде мәлім, кейін жаттықтырушылықты қолға алған, бұл кәсіпте де кей жетістіктерге жеткен ресейлік Александр Бородюктің біздің елімізге басқан алғашқы қадамы онша сәтті болмағаны белгілі. Былтырғы чемпионатта «Қайраттың» тізгінін ұстаған ол азулы клубты ілгері сүйрей алмай, «Тараз» бен «Ақжайықтан» жеңіліп, «Оқжетпеспен» тең ойнаған соң Алматыны тастай қашқан. Рас, «Қайрат» биыл да алғашқы кездесулерін сәтті өткізіп жатқан жоқ. Бірақ әңгіме онда емес. Әңгіме — сол Бородюктің қайта оралуы. Қайта оралғанда да ол, жай біреу емес, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып оралды.

А.Бородюк баптауға кіріскен ұлттық құрамамыз сәрсенбі күні, 22 наурызда Кипр футболшыларымен жолдастық кездесу өткізді. Бірінші таймда жерлестеріміз тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті, тіпті гол да соқты. 29-минутта Талғат Сүйімбаев сол қанаттан тастаған допты Таңат Нөсербаев үш қорғаушының арасында жүргеніне қарамастан абыржымай қабылдап, сәл тоқтатты да, қарсыластар қақпасына өкшесімен бағыттап, мүлтіксіз енгізді. Бұдан басқа да оңтайлы сәттер болмай қалған жоқ. Сөйткен футболшыларымыз кездесудің екінші бөлігінде түсініксіз қимылдап, қайта-қайта жеке қателіктерге ұрынып, айналдырған он минуттың шамасында, қақпамызға үш гол жіберіп алды. Бас бапкер бұдан соң бірнеше футболшыларды алмастырды, бірақ ешқандай пайда болмады.

Кипразақстан – 3:1

Гол авторлары: Таңат Нөсербаев, 29-минут (0:1); Нестор Метидес, 56-минут (1:1); Фанос Кателарис, 62-минут (2:1); Димитрас Кристофи, 67-минут (3:1).

Қазақстан бұл кездесуде төменгі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Сергей Малый, Исламбек Қуат (Алексей Щеткин, 72-минут), Еркебұлан Тұңғышбаев (Дмитрий Мирошниченко, 67-минут), Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан (Георгий Жуков, 64-минут), Азат Нұрғалиев (Роман Муртазаев, 89-минут), Ғафуржан Сүйімбаев, Таңат Нөсербаев (Григорий Сартаков, 90-минут), Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков.

22 наурыз. Ларнака. «Антонис Пападопулос» стадионы.

Әрине, жолдастық кездесудің жарасы жеңіл. Биылғы алғашқы кездесу болған соң жігіттеріміз, бәлкім, бас бапкердің нұсқауын толық ұғына да алмаған шығар. Оның үстіне Кипрде футбол чемпионатының 26 туры өткенін, ал біз үш-ақ тур ойнап үлгергенімізді сылтау етуге болар.

Дегенмен бізді алдымызда мұндай қателіктерге бой ұрудың тіпті де жөні жоқ кездесу күтіп тұр. Жексенбі күні, 26 наурызда футболшыларымыз 2018 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында Армения құрамасымен кездеседі.

Бұл кездесудің іш жиғызатын екі тұсы бар. Біріншіден, кездесу сырт алаңда, Ереванда өтеді. Вагзен Саркисян атындағы стадионда армян футболшыларының жанкүйерлері жерлестеріне қандай қолдау көрсетіп отыратындықтары айтпаса да түсінікті. Екіншіден, Армения құрамасында Еуропа алаңдарын оңды-солды кезіп жүрген Генрих Мхитарян («Манчестер Юнайтед»,  Англия) бастаған қаншама шебер футболшылар бар. Бізге сондай-ақ Португалия, Түркия, Ресей, Украина, Грекия чемпионаттарында өнер көрсетіп жүрген армениялық біраз футболшылармен жүздесуге тура келеді. Демек, бұл кездесудің жүгі екі есе ауыр болмақ.

Ал қазіргі кезге дейінгі көрсеткіштерімізге көз салсақ, Қазақстан құрамасы әлі жеңіске жете қойған жоқ.

Өз алаңымызда екі рет тең ойнадық. Қазақстан-Польша — 2:2; Қазақстан-Румыния — 0:0.

Сырт алаңда екі рет ұтылдық: Черногория-Қазақстан — 5:0; Дания-Қазақстан — 4:1.

Жалпы ойын кестесіне келсек, «Е» тобында 4 турдан соң 10 ұпаймен Польша 1-орында келе жатыр.

2-3 орын иелері — Черногория (7 ұпай) мен Дания (6 ұпай).

5 ұпайы бар Румыния 4-орында тұр.

5-орындағы Арменияның 3 ұпайы бар. Олар бір рет ұтып, үш рет жеңілді.

Соңғы орында, әрине, 2 ұпайы ғана бар Қазақстан құрамасы тұр.

Сонымен біздің құрамамыздың биылғы кездесулерінің кестесі:

26 наурыз. Армения — Қазақстан.

10 маусым. Қазақстан — Дания.

1 қыркүйек. Қазақстан — Черногория.

4 қыркүйек. Польша — Қазақстан.

5 қазан. Румыния — Қазақстан.

8 қазан. Қазақстан — Армения.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button