Спорт

Голға айналмаған басымдық

Премьер-Лига

17-18 наурыз күндері өткен 3-турда қызылордалық «Қайсар» қатарынан үшінші рет жеңіске жетті. Ал «Қайрат» қатарынан екінші рет тең ойнауға мәжбүр болды. «Астана» алғашқы ұтысына қол жеткізіп, 7-орынға көтерілді.

Үшінші турда «Ақтөбе» биылғы маусымда алғаш рет өз алаңымызда ойнап, Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдады.

Ойын басталғаннан-ақ «Ақтөбе» допты өз уысынан шығармай қойды. Бірақ соның зардабын да шекті. Өздеріне-өздері бек сенген қорғаушыларымыздың бір-біріне пас тастаудағы сәл ғана қателігін қалт жібермеген Таңат Нөсербаев допты шалт іліп түсті де, оң қанаттан жүйтки кіріп, ешкімге алдырмай да шалдырмай, қақпаның түпкі бұрышын нысанаға алды, әуелей зырқыраған допты Самат Отарбаев қақшып түсе алмады — 0:1.

Әрине, 7-минуттағы бұл гол жерлестеріміздің еңсесін түсіре қойған жоқ. Алаң иелері үздіксіз шабуылдарға кірісті, қарсыластар қақпасына шүйілуді үдетті. Мысалы, Жуниньоның  шамамен 20-25 минуттар аралығында жасаған екі соққысын шымкенттік қақпашы Алмат Бекбаев шеберлікпен қайтарып үлгерді. Бұған қоса қауіпті стандарттық соққылар да жасалып жатты. Дегенмен бірінші таймда есеп өзгерген жоқ.

Екінші таймда ең қызу тартыс аймағы «Ордабасы» қақпасының маңайы болды. Тағы да Жуниньо жібек торды нысанаға алудан танбады, әттең, соққылар діттеген жерге жетпей қалып жатты. Жалпы өз алаңымыздың сол қанатын мінсіз қорғауды ұйымдастырған осы футболшы бұл кездесуде де әдеттегісінше ерекше көзге түсті. Оған қоса ойын барысында А.Кәкімов, И.Зенькович, А.Воловик, Р.Асланов тәрізді футболшыларымыз да шымкенттік қорғаушыларды әбден шаршатты. Тіпті бір рет доп «Ордабасы» қақпасының маңдайшасына тиіп кері серпілгенін қайтерсіз. Әйтсе де ақтөбеліктерге гол соғудың сәті түспей-ақ қойды. Әйтпесе допқа иелік етуде де, соққы жасауда да, қауіпті сәттер ұйымдастыруда да жерлестеріміз қонақтардан әлдеқайда басым болды. Сонда да гол соға алмадық, «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегеннің кері келді де қойды. Оның үстіне 76-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Диас Морейра жасыл алаңнан қуылды да, «Ақтөбе» азшылықта қалды.

Қалай десек те, болар іс болды. Жеңілдік. Оның дәлелді себептерін де санамалап шығуға болар еді. Мысалы, әр жақтан келген футболшылардың жаңа командаға әлі сіңісе алмай жатқандығы дау туғызбаса керек. Жарақат алғандар да (Витор Жуниор, Антон Шурыгин, Чако Торрес, Андрей Сидельников) ойынға қосыла алмай жатыр, т.б. Міне, осындай бірқатар кемшіліктердің орны толған шақта «Ақтөбе» қай қарсылас команданы да сүріндірерліктей ойын өрнегін көрсететіндігі анық. Мына кездесуден кейінгі сұхбатта «Ордабасы» командасының бас бапкері Алексей Петрушин: «Біз өте жақсы команданы жеңдік… Бұл команда әлі-ақ міндетті түрде өзін танытады», — дегенді бізге жағыну үшін айтпаған шығар. Оның үстіне ұпай саны жөнінен де басқа клубтардың әзірге соншама қара үзіп кеткен ештеңесі жоқ.

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 0:1

Гол авторы: Таңат Нөсербаев, 7-минут (0:1).

76-минутта екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Диас Морейра жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев (капитан), Диас Морейра, Жуниньо, Александр Воловик, Папа Гуйе, Берік Айтбаев (Юри Альмейда, 59-минут), Рафкат Аслан, Бауыржан Байтана (Александр Ермаченко, 72-минут), Игорь Зенькович, Асланбек Какимов, Кирилл Шестаков.

«Ордабасы»: Алмат Бекбаев, Абдуллай Диакате, Отар Марцваладзе (Еркебұлан Тұңғышбаев, 46-минут), Никита Бочаров, Кирилл Ковальчук, Пабло Фонтанелло, Таңат Нөсербаев (Әлібек Бөлешев, 86-минут), Азат Нұрғалиев, капитан (Бексзат Бейсенов, 81-минут), Темірлан Ерланов, Мардан Төлебек, Бақдәулет Қожабаев.

Ескерту қағазын алғандар: Д.Морейра, 10-минут; Р.Аслан, 17-минут, А.Воловик 90+3 минут («Ақтөбе») — Б.Қожабаев, 20-минут; Т.Нөсербаев, 53-минут; А.Диакате, 80-минут, А.Нұрғалиев, 81-минут; Ә.Бөлешев, 90+2 минут («Ордабасы»).

18 наурыз. Ақтөбе. №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы. 2800 адам.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тараз»-«Қайрат» — 0:0

17 наурыз. Тараз. «Ұлан» стадионы. 4500 адам.

«Астана»-«Ақжайық» — 3:1

Гол авторлары: Джуниор Кабананга, 12-минут (1:0); Аздрен Ллуллаку, 13-минут (2:0); Патрик Твумаси, 62-минут (3:0); Матиас Рубио, 65-минут (3:1).

17 наурыз. Астана. «Астана Арена» стадионы. 1500 адам.

«Шахтер»-«Қайсар» — 0:1

Гол авторы: Владимир Аржанов, 23-минут («Қайсар»).

18 наурыз. Астана. «Астана Арена» стадионы. 2000 адам.

«Оқжетпес»-«Тобыл» — 1:0

Гол авторы: Лукас Хорват, 37-минут («Оқжетпес»).

18 наурыз. Астана. «Астана Арена» стадионы. 2300 адам.

«Атырау»-«Ертіс» — 0:1

Гол авторы: Родриго, 88-минут («Ертіс»).

18 наурыз. Атырау. «Судоремонтник» стадионы. 2000 адам.

*   *   *

3-турдың нәтижелері:

Бұл турда барлығы 8 гол соғылды. Алаң иелері 4 гол соқса, қонақтар да дәл солай 4 доп өткізді. Дегенмен алаң иелеріне тиесілі 4 голдың 3-еуін «Астана» өткізгенін ескермеске болмайды.

Алты кездесудің біреуі ғана тең есеппен аяқталды.

Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ.

18 наурыз күні өткен 4 кездесудің барлығы да 1:0 есебімен аяқталды.

Ең шапшаң голдың авторы — Таңат Нөсербаев, 7-минут («Ордабасы»).

Бір футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Пенальтилер белгіленген жоқ

Сонымен 9 ұпай жинаған «Қайсар» топ басында тұр.

7 ұпайдан жинаған «Ордабасы» мен «Ертіс» 2-3 орындарға жайғасты.

4-орындағы «Қайраттың» 5 ұпайы бар.

5-7 орындарға 4 ұпайдан жинаған командалар орналасты: «Тобыл», «Оқжетпес», «Астана».

8-9 орындар 3 ұпайы бар «Ақжайық» пен 2 ұпайы бар «Тараздың» еншісіне тиді.

10-11 орындардағы «Ақтөбе» мен «Шахтер» 1 ұпайдан ғана жинады.

12-орында «Атырау» тұр (-8). Чемпионат басталарда атыраулық командадан ФИФА шешімімен 9 ұпай шегерілгенін еске саламыз.

*   *   *

4-турда «Ақтөбе» сырт алаңда ойнайды. 31 наурыз, жұма күні Павлодарда «Ертіс» командасымен кездеседі.

Басқа ойындар:

31 наурыз, жұма

«Ордабасы» — «Оқжетпес»

«Қайрат» — «Қайсар»

1 сәуір, сенбі

«Астана» — «Шахтер»

«Ақжайық» — «Атырау»

«Тобыл» — «Тараз»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button