Спорт

«Ақтөбе» футбол клубы жанкүйерлерімен жүздесті

Сәрсенбі күні «Қоныс» спорт сарайында «Ақтөбе» футбол клубының жаңа маусымдағы құрамының таныстырылымы өтті. Жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға жанкүйерлер әдеттегідей көп жиналды.   

Биыл құрылғанына 50 жыл толғалы отырған команданың салтанатты рәсімінде алдымен үлкен экран арқылы кішкентайлардың футбол туралы ой-пікірі, артынша «Ақтөбе» футбол клубының тарихы туралы дайындалған бейнеүзік көрсетілді. Кейін сахнаға спортшыларды жаттықтыратын мамандар, атап айтқанда, бас бапкер Игорь Рахаев, оның көмекшісі Сергей Яковенко, жаттықтырушы-сарапшы Игорь Прохницкий, қақпашылардың жаттықтырушысы Юрий Сивуха, физикалық дайындыққа жауапты маман Андрей Буличевтер көтеріліп, олар туралы қысқаша мәлімет берілді. Кезек футболшыларға келгенде, залда қиқуға басып, ықылас танытқандардың қарасы көп болды. «Ақтөбенің» толық құрамы — 26 аяқдопшы ортаға шығып, дәстүр бойынша әрқайсысы бір-бір доптан жанкүйерлерге табыс етті. Бұл әдемі рәсім барысында өзінің өсіп-өнген, қалыптасқан ортасына қайта оралған Андрей Сидельников сөз алып, оның ойынын тұрақты бақылап, әрдайым тілекші боп жүретін қауымға алғысын білдірді.

— Біздің өңірдің командасын осылай қолдап келгендеріңізге мың да бір рақмет! Бүгін бүкіл залды толтырып отырғандарыңыз сіздердің мықты жанкүйер екеніңізді кезекті рет дәлелдейді. Ең алдымен сіздерден сұрайтыным, біздің жігіттерге әрдайым жанкүйер боп, демеу болыңыздар. Ал футболшылардың өзіне жаңа маусымда жақсы ойын тілеймін. Бар жауапкершілікті түсініп, шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Біз өз тарапымыздан сіздерге қай жағынан да көмектесуге әзірміз, — деді «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Мақсат Тюмалиев. Сондай-ақ, шара барысында оның сөзін бас бапкер, спорт ардагерлері қуаттап, футболшыларға сәттілік тіледі.

Екі сағатқа созылған сән-салтанатқа толы шара соңында сахнадан жанкүйерлерге қос қолдап сәлем жолдаған футболшыларды ерекше құрмет-қошеметпен шығарып салды. Жігіттердің маусымдағы ойын өрнегі соған лайықты болғай…

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button