Денсаулық

Босанатын әйелдердің 80 пайызының қаны аз…

Облыстық перинаталды орталықта жылына 6 мың сәби дүниеге келсе, оның 18 пайызы кесар тілігі арқылы өмір есігін ашады. Аталған хирургиялық әдістің ана денсаулығына тигізер әсері қандай? Бұл туралы гинекология саласында 25 жылға жуық тәжірибесі бар білікті дәрігер, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті №2 акушерлік-гинекология  кафедрасының доценті, облыстық перинаталды орталықтың дәрігері Жәнібек Дәрібай кеңірек айтып берді.

КЕСАР ТІЛІГІ КІМДЕРГЕ ЖАСАЛАДЫ?

Кесар тілігі — әйел өздігінен босана алмайтын жағдайда баланы хирургиялық операция арқылы ішті жарып алатын әдіс. Бұл әдіс қандай жағдайда қолданылады?  Егер әйел мен балаға қауіп төніп тұрса,  босану жолында ісік болса немесе қан қысымы жоғары, көзіне ота жасатқан  болса, кесар тілігі қолданылады. Баланың салмағы бес келіден көп, үш ем болса немесе іште қан кетулер болса, әйелдің өздігінен босануына тыйым салынады.  Яғни табиғи жолмен босанудың  ана денсаулығына қандай да бір зияны тиетіні  анықталса ғана осы әдіс арқылы баланы алуға болады. Алайда соңғы кездері жүкті әйелдер арасында толғаққа шыдамай ота жасатуды өтінетіндер көбейген.

Толғақтан қиналғанда  әйелдер «кесарево арқылы босандырыңызшы» дейді. Біздің елімізде бұған рұқсат ететін заң жоқ. Егер әйелдің денсаулығы дұрыс, өз күшімен босана алатын болса, ешқандай хирургиялық әдіс қолданылмайды. Тіпті әйелдің өзі қалап тұрса да рұқсат жоқ.  Бұл  жағдайда ота жасауға Еуропаның кейбір мемлекеттері рұқсат береді. Егер әйел келісімін берсе, ота жасала береді.

Жалпы соңғы он жылда  кесар тілігі отасының да түрі көбейді. Әр ғалымның өзінің тиімді әдістері пайда болды. Оның ішінде экстраперитонеальді (экстраперитонеальное кесарево сечение) кесар тілігі жасала бастады.  Бұл әдіс кезінде іш қуысын ашпай, қуық астынан баланы алып шығады. Аталған әдіс жатыр ішінде инфекция болған кезде қолданылады. Қазір кесар тілігі отасын осы саладағы кез келген дәрігер жасай береді. Дәрігер үшін бұл оңай әдіс. 30 минуттың ішінде-ақ баланы сыртқа алып шығады. Ал оның зардабы босанған әйелге тиеді. Кейде асқынулар пайда болады. Бұндай кезде тілген жердің жазылып кетуі ұзаққа созылады. Сондықтан дені сау ана үшін баланы өмірге әкелудің ең тиімді жолы — өздігінен босану. Бұл ана үшін де, бала үшін де пайдалы. Толғақ кезінде сәби ең алғашқы сынақты басынан өткізеді, яғни босану кезінде бала ең бірінші шынығу жолынан өтеді. Бұл баланың дені сау болуына оң әсерін тигізеді.  Толғақты басынан өткеріп өмірге сәби әкелген ананың балаға деген мейірімі артады. Ал ота жасаған кезде әйел бұның бірде-бірін сезбейді. Наркоздан кейін ұйықтап қалады, ал көзін ашқанда бала қасында жатады, — дейді Жәнібек Жәлелұлы.

Кесар тілігі арқылы өмірге сәби әкелген ана өзін күтуі керек. Дәрігердің айтуынша, қандай жолмен болса да босанған ана кемі екі жылға дейін жүктіліктен сақтануы тиіс. Себебі жүктілік кезінде және босанғаннан кейін  ана бойындағы барлық қажетті элементтер балаға беріледі. Және бір жарым жылға дейін ана баласын емшек сүтімен қоректендіреді.  Кейде әйелдердің тісі түсіп, күрт жүдеп кететіні осыдан. Денедегі физиологиялық өзгерістер қайта қалпына келуі үшін кемі екі-үш  жыл қажет.

 ЖҮКТІЛІКТІ ЖОСПАРЛА!

Жәнібек Дәрібайдың айтуынша, қазір жас аналардың 60-70 пайызының денсаулығы нашар. Көпшілігі түрлі созылмалы ауруға шалдыққан. Әсіресе қаназдықпен ауыратындар көп. Мәселен, перинаталды орталықта күніге орта есеппен  20-25 әйел босанады. Соның 80 пайызының қаны аз. Ал қаназдық құрсақішілік кедергіге, яғни ұрықтың құрсақішілік гипоксиясына  шалдықтырады. Бұның соңы түсік тастау, сәбидің өлі тууына соқтыруы мүмкін. Осының салдарынан күн сайын  4-5 әйел сәбиін құрсақішілік гипоксиямен өмірге әкеледі.

Сонымен қатар кейінгі кезде инфекцияның әсерінен баланы күні жетпей босанып қалу,  баланың жолдасынан мерзімнен бұрын ажырап кету жағдайлары көбейген.

— Мерзімінен бұрын босану дегеніміз —  әйел ағзасының әрі қарай баланы көтеруге күші жетпеуі. Бұл анаға да, балаға да қиын. Баланың әрі қарай жетіліп кетуі үшін ұзақ уақыт керек. Ал баланың жолдасынан уақытынан бұрын ажырауы  токсикозға байланысты. Токсикоз —  жатырда пайда болған ер адамның ұрығына әйел ағзасының  реакциясы.  Токсикоздың екі түрі бар. Алғашқысы 20 аптаға дейін болады. Бұл кезде жүкті әйел құсады, жүрегі айниды. Ал екінші түрі — бес айдан кейін басталатын кеш токсикоз. Бұл кезде әйелдің қан қысымы көтеріледі, ісінеді. Бұндай жағдай әркімде әртүрлі болады. Көп жағдайда иммунитеті әлсіз, денсаулығында ақауы бар әйелдер жиі шалдығады.

Жалпы кейінгі жылдары бұндай аурушаңдықтың көбеюіне әртүрлі жағдайлар себеп болып отыр.  Экологиялық жағдайдың бұзылуы, ауа мен судың ластануы, тамақтану, тіпті жаңа технологиялардың да әсері бар. Қазір жүкті аналар күні бойы компьютерде отырады. Бұл да ана денсаулығына зиянын тигізеді.

Жалпы өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін әйел ең бірінші өзінің денсаулығын күту керек. Бірақ бұны ескеретін әйел аз. Көпшілігі уақытында тіркелмейді. Әсіресе жас аналар, жүкті болып қалғаннан кейін, 3-4 айдан соң  тұрмысқа шыққан қыздар, тұрақты тіркеуде жоқтар, саяжайда тұратын әйелдер есепке кеш тұрады. Соның салдарынан түрлі жағдайлар орын алып жатады.

Жүкті әйел алғашқы үш айда медициналық мекемеге тіркелуі қажет. Неге? Себебі үш айдың ішінде жүктілікті жалғастыруға бола ма әлде жоқ па деген сұрақ шешіледі. Егер әйелдің денсаулығы жарамаса немесе іштегі ұрық дамымай қалған болса, алғашқы үш ай жүктілікті тоқтатуға қолайлы кезең саналады. Ал үш айдан асқаннан кейін қандай да бір медициналық тұрғыда әрекет жасау ана денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан жүкті болғанын білгеннен кейін кез келген әйел ең бірінші тіркеуге тұруы керек.

Және бір ескеретін жайт, кез келген әйел жүктілікті алдын ала жоспарлағаны дұрыс. Қаны аз болса, құнарлы тамақтанып, түрлі дәрумендер қабылдап, алдын ала дайындалуы керек. Қазір инфекция, вирустың түрі көбейді. Оның жұғу жолдары да әртүрлі. Иммунитеті әлсіз, аурушаң адамда вирустардың мөлшері көбейеді. Бұл жүкті кезде тіпті қауіпті болады. Сондықтан жүктіліктің алдында осындай тексерулерден өтіп, ем қабылдаған жөн. Ал жүктіліктің кезінде дәрі-дәрмекті көп ішуге болмайтыны белгілі жайт, — дейді Жәнібек Дәрібай.

Сондай-ақ дәрігер жүкті әйелдерге  компьютерді көп пайдаланбауға кеңес береді. Табиғи тағамдарды тұтынып, қоспалар мен түрлі дәмдеуіштерден бас тартқаны жөн. Әсіресе жүкті кезде әйелдер тұмаудан сақтануы керек. Егер ананың иммунитеті төмен болса, тұмау ағзаны әлсіретіп,  жүрек, бүйрек, қан-тамыр ауруларын өршітеді. Тіпті өкпенің қабынуына әкелуі мүмкін. Тұмау түсік тастау қаупін бірнеше есеге ұлғайтады.

 ОБЛЫСТА АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГТАР ТАПШЫ

Облыста акушер-гинеколог мамандар тапшы.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Темір, Мұғалжар, Қарғалы, Хромтау аудандарына маман керек. Шалқар ауданында да акушер-гинекологтарға сұраныс жоғары. Кейбір аудандарда дәрігерлер зейнет жасына шықса да жұмыс істеп жүр. Ал Жәнібек Дәрібайдың айтуынша, медициналық университет жылына бес облысқа, яғни Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына 50-60 маман даярлап шығарады.

— Бес облысқа бұл маман аздық етеді. Ілгеріде 100-ге дейін маман даярлап жүрдік. Ал қазір оқу үрдісі бұрынғыдай емес. Мамандарды көптеп даярлау үшін материалдық-техникалық база күшті болуы керек. Және қазір санға емес, сапаға мән беріледі. Үздік оқитын студенттер ғана акушер-гинекологияның қыр-сырын терең меңгереді. Сондықтан үздіктерді іріктеп аламыз, — дейді Жәнібек Дәрібай.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button