ДенсаулықЖаңалықтар

Инсульттен көз жұмған әйелдің бүйрегі екі науқасқа салынды

Облыстық көпсалалы ауруханада ишемиялық инсульттен көз жұмған 45 жастағы әйелдің екі бүйрегі екі науқасқа салынды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, инсульт алған әйелге таңғы сағат 9.00 шамасында «миы өлген» диагнозы қойылады. Осыдан кейін дәрігерлер дереу іске кіріседі. Көз жұмған науқастың туыстарымен сөйлесіп, барлық сараптамаларды Алматы мен Астана қалаларына жібереді. Нәтижесінде бірнеше адамның сараптамалары сәйкес келеді. Ішінде 36 жастағы әйел мен 58 жастағы ер адам ота жасауға келісімін берген. Екі бүйрегі істен шыққан 36 жастағы науқас бір жылдан бері, ал ер адам үш жылдан бері гемодиализ алады.

— Донор табылғаннан кейін біз тоғыз адамды шақырдық. Ішінде сәйкес келгендері 3-4 адам болды. Оның ішінде осы екі науқас ота жасатуға келісімін берді. Барлық медициналық сараптамалар жасалғаннан кейін бірден ота жасауға кірістік. Ота сәтті өтті. Қазір науқастардың жағдайы қалыпты. Дәрігерлер бақылап отыр, — дейді бас хирург.

Айта кету керек, бұл — жыл басынан бері мәйіт трансплантациясы бойынша жасалып отырған екінші ота.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button