Жаңалықтар

Хабар-ошар

Қобдалықтар қуанған күн

Айнала қаржы дағдарысынан шығу жолдарын іздестіріп жатқанда ауылда қарабайыр тірлік кешкен ағайындар ұмыт қалмас үшін демеу көрсету мақсатында облыс әкімі Елеусін Сағындықов түрлі түсті теледидар, кір жуатын машина, шаңсорғыш сияқты тұрмыс  құралдарын сыйлады.

Облыс әкімінің сыйлықтарын ауыл-ауылға жеткізу үшін аттанған  ат-көлік алдымен ауданның ең шалғай нүктесі Көкүйге барды. Екі көзі бірдей көрмейтін зағип жан Қуанай Ахметов кір жуатын машина өздері үшін өте керек екенін айтып, қатты қуанды. Ауыр науқастан әйелінің көз жұмғаны болмаса, екі баласы бар Қуанай Ахметов өзінің жарық дүниені мүлдем көрмейтін тірлігіне әлдеқашан мойынсұнған. Ауыл адамдарының айтуынша, ол бала кезінен 1-топтағы мүгедек. Ауылдағы үлкен ұлы мен аудан орталығындағы кәсіптік мектепте оқитын екінші ұлы Қуандық – оның қолғанаты. Анасы жоқ балалар: «Қиын-қыстауда әкемізге демеушілік көрсетіп жатқан Елеусін ағаға алғысымызды жеткізіңіздер», – деп қатты толқыды.

Ақырап ауылында тұратын жалғыз басты ана Жаным Шүкіранова қыстың ұзақ түндерінде жылуы жоқ аядай бөлмесіне қондырып алған тақтайдың үстінде көршілері керек қылмай тастаған  кішкентай теледидарға үңіліп отырады. Онысы бірде көрсетіп, бірде көрсетпей қалады. Ондайда Жаным апай ауылдастарына көрпе тігіп, шұлық тоқиды.

– Ұлым әскер қатарында, қызым қалада оқиды. Бұрын 3-топтағы мүгедек ретінде жәрдемақы алып тұрдым. Кейін 6 ай сайын тексерілуден өтуге бара алмай қалдым да, жәрдемақым тоқтап қалды. Енді аудан басшылығы қайтадан тексеруден өтіп, жәрдемақы тағайындалуына көмектесуге уәде етіп отыр. Қазір ешқандай табыс көзі болмағандықтан, ауылдастарым, көрші-көлем көмектеседі. Бүгін үйге теледидар әкелетінін естігенде қатты қуандым. Бұл – менің үйіме көп жылдардан бері енген жаңа дүние, – деді ол.

1917 жылы туған Күлбаршын Желтауова әжейге теледидар апарып беру үшін аудан әкімі Любовь Исмағамбетова Бегалыға барды. 5 бала, 3 немере бағып өсірген  кейуана облыс әкімінің сыйлығына балаша қуанды. Қонақтарына өткен-кеткенді, ауылдың тірлігін әңгімелеп, теледидарды қосып көріп көп отырды.

Қиыл  ауылында тұратын 2-топтағы мүгедек Сәлімгерей Сәтиев те ерекше сыйлықты  күтпеген еді – шаңсорғышты көріп қатты қуанды. Оның ауылдасы 1-топтағы мүгедек Гүлжан Сағымбаева аудан әкімінің биылғы есебінде телефон орнатып беру туралы мәселе көтерді. Тілегі қабыл алынып, телефон орнатудың ақысы төленіп, сол күні-ақ мамандар байланыс желісін өткізіп, телефон аппаратын орнатып берді.

Аудан орталығында тұратын көп балалы ана Зиба Қуанышалина мен үш баланы бауырына басқан зейнеткер ана Мәрия Құрманбаева да облыс әкімінің сыйлығын алып, ақжолтай тілектерін газет арқылы жеткізуді өтінді.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Еңбек нарығы: бүгінгі студент – ертеңгі жас маман

Кеше облыстық әкімдікте «Жастарды еңбекпен қамту және жұмысқа орналастыру – еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің талабы» тақырыбында облыс әкімі жанындағы жастар саясаты мен патриоттық тәрбие беру жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Кеңестің отырысын облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова жүргізді.

Әуелі жоғары оқу орындарындағы 2008-2009 оқу жылын бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы мен облыс көлемінде қажетті мамандардың сұранысын анықтау, оларды бөлу туралы облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы Алтынай Юнисова баяндады.

Оның айтуынша, облыс бойынша ЖОО-да білім алатын 22 992 студенттің 13 453-і күндізгі бөлімде оқиды. Әлемдік қаржы дағдарысына байланысты облыста 1 265 студент оқу ақысын төлемей отыр. Әр оқу орны мүмкіндігінше студенттің оқу ақысын төлеуге жеңілдіктер қарастыруда. Қазір қаламыздағы жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы – жүз мыңнан үш жүз мың теңгеге дейінгі аралықта.

Облыста мемлекеттік грант арқылы 3 812 студент білім алып жатыр. Мүгедектер мен жетім балалар елу пайыз жеңілдікпен оқиды, асхана мен жатақхана тегін. Бұл студенттерге ЖОО ай сайын 5 мың теңге шәкіртақы төлейді. Өткен жылы облыс әкімі жиырма студентке бір жылдық оқу ақысы үшін 2 млн. 685 мың теңге көлемінде грант бөлді. Сондай-ақ, 23 оқу үздігіне 2 млн. 300 мың теңгеге және бес жас ғалымға бір миллион бес жүз мың теңге көлемінде шәкіртақы тапсырды. Биыл облыс әкімі тағы да 140 студент пен 5 жас ғалымға грант пен шәкіртақы беру үшін 26 млн. 445 мың теңге беріп отыр.

Былтыр жоғары оқу орындарын бітірген 3 118 жас маманның 964-і селолық округтерге кетті. Биыл бітіретін 2 700 жас маманның 953-і ауылдық жерлерге барғысы келетінін білдік, – дейді Алтынай Юнисқызы.

Одан соң облыстық білім басқармасының бастығының орынбасары Бақытжан Әбенов оқу орындары туралы айта келе, еңбек нарығының талабына сәйкес, ауылдық жерлерде дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерінің жетіспейтіндігін ескеріп, базасы сай келетін Ш.Берсиев атындағы ауыл шаруашылық колледжі осы пәннің мұғалімін даярлап жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, жұмыссыздықтан шығудың бір тетігі – жастарды, мәселен, бульдозерші, аспазшы, т.б. секілді қысқа курстарда оқыту керектігі де сөз болды.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек Нармұхамедов М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы аймақ бойынша дәрігерлер даярлап жатқанын, біздің облыста енді 100 аурухана салынатынын ескерсек, дәрігерлерге сұраныс өсе түсетінін айтты. Сонымен қатар ауылдық жерлерге барып жатқан жас мамандар үшін үй беріліп, көтерме ақы төленетініне бірер мысал келтірді.

– Былтыр Хромтау ауданы екі жас маманға үй берсе, биыл олар дәрігерлерге сұраныс білдірсе де, тұрғын үймен қамтамасыз ететіндіктерін айтпай отыр. Тағы сол сияқты Темір ауданы да өздеріне барған жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етті, – деді Жәнібек Қараұлы.

Бұл жерде жеті жыл қалада оқыған студент қала өміріне үйреніп қалады, ауылдық жерге пеш жағып, су тасуға кім барады, одан да дәрігерлердің жалақысын өсіру керек деген пікірлер айтылды.

Отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова 2008-2009 оқу жылына облыс әкімі аз қамтылған отбасынан шыққан 60 студентке қосымша грант бөліп отырғанын айта келе, оқу орындарында студенттің төленбеген оқу ақысына байланысты әңгіме болмауын, яғни осы жағдайға қатысты оқудан шығарылмауы керектігін ескертті.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Аналар мерекеде ардақталады

8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі Ақтөбе қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Өткен аптада қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова қалалық бөлім басшыларына осындай тапсырма берді.

Биылғы өткізілетін шаралардың басты мақсаты – қоғамға заманауи әйелді көрсету. Осыған байланысты облыс орталығындағы көшелер мен көрікті жерлерге әйелдер қауымын құттықтауға арналған тақтайшалар орнатылмақ.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде қала тұрғындарының 53 пайызы – әйелдер. Нәзік жандылар тіпті күштік құрылымдарда да қызмет атқарып келеді.

– Мерекелік құттықтаулардан қоғамдағы белсенді бірде-бір қыз-келіншек қалыс қалмауы тиіс. Ардақты аналарымызға да құрмет ерекше болуы керек. Бұл шараларға барлық кәсіпорындар мен ұйымдар қатысқаны жөн, – деді С. Қалдығұлова.

Мереке қарсаңында қоғамдағы рөлі ерекше әйелдерді облыс және қала әкімдері де қабылдамақшы. Сонымен қатар мәдениет және демалыс орындарының барлығында дерлік аналарды ардақтауға арналған мәдени шаралар өткізіледі.

Серік ӘБДІБЕК.

Наурызға әзірлік басталды

Наурыз мерекесі күні қалада 6 ауыл қоныс теуіп, 23 киіз үй тігіледі.

Бұл туралы сейсенбі күні қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлованың бірқатар мекеме басшыларымен «Наурыз мейрамы – 2009» мерекесіне әзірлік және оны тойлау мәселесі жөнінде өткізген мәжілісінде белгілі болды.

С.Қалдығұлованың айтуынша, мереке қарсаңында және мереке күндері қалада көптеген әлеуметтік-маңызды, мәдени-бұқаралық және спорттық шаралар ұйымдастырылады.

«Бір тал кессең, он тал ек» ұранымен өткізілетін онкүндікте қала көшелері тазартылып, саябақтар мен гүлзарларға, алаңдарға көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, «Жасыл ел» қалалық акциясы ұйымдастырылып, бұл күндері қала аумағына көшеттер отырғызылады.

Наурыз мейрамы қарсаңында түрлі патриоттық акциялармен қатар саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Қазіргі шақырулар жағдайындағы ұлттық ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған «Қайырымдылық күні» акциясы да ұйымдастырылады.

Эстрадалық «Күміс көмей», «Аққұс» ән байқауларымен бірге «Бұрымды ару – 2009» сайысы да Наурызда өткізілетін шаралардың бірі.

Наурыз мерекесі күні қалада 6 ауыл қоныс теуіп, 23 киіз үй тігіледі. Наурыз – мемлекеттік мейрам. Сондықтан да әр киіз үйдің жанында Мемлекеттік туымыз желбіреп тұруы қажет. Наурыз мейрамы қала аумағындағы барлық селолық округтерде де кең көлемде тойланады, – деді С.Қалдығұлова.

Биыл Наурыз мейрамында Орталық мәдениет және демалыс саябағы мен Орталық стадион алаңында, А.Пушкин атындағы саябақ пен Ретро-паркте, Металлургтер Мәдениет үйі мен «Емшан» компаниясы алдындағы алаңда халықтық қыдырыс өтеді. Бұл күні көпшілік назарына аталған жерлерде театрландырылған көріністер мен мерекелік концерттік бағдарламалар ұсынылады.

«Наурызға ақ тілек!» мерекелік отшашуын да ақтөбеліктер осы күні тамашалайтын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Ермек табылды!

Осы жылғы 15 қаңтардағы «Ақтөбе» газетінің №6-7 сандарында жарық көрген «Адамдар неге жоғалады?..» атты мақаладағы кейіпкер Ермек Төлегенов табылды. Естеріңізде болса, Ермектің анасы Гүлзада Сүлейменованың басындағы ауыр жағдайды біз сол мақалада жазған болатынбыз.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, газетте жарияланған мақаладан кейін құқық қорғау органдары белсенді жұмысқа кіріскен. Ақтөбе облысының ІІД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел өкілі Әлібек Қожабаев Ермектің осы күнге дейін  полицейлерден жасырынып келгенін айтады. ІІД қылмыстық іздестіру бөліміндегі қызметкерлердің айтуынша, Ермек із-түссіз жоғаларының алдында туысқандарымен сөзге келген. Бұл жағдайдан оның анасы бейхабар екен. Қалай дегенмен іс-түссіз жоғалып кеткен Ермек Төлегеновтың үйіне аман-сау оралуы барша жұртшылықты қуантып отыр. Полиция қызметкерлері қандай жағдай болса да тұрғындардың өз жақындарынан ажырамауына кеңес береді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button