Құқық

Өткен жылдың қорытындысы

Тексеру комиссиясы

Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы былтыр 16 мемлекеттік аудит іс-шарасын өткізіп, 165 042,1 млн теңге бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тексерулермен қамтыды.

Тексеру комиссиясы «Өңірлерді дамыту», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес — 2020», «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламаларының орындалуын бағалау, колледждерге техникалық және кәсіптік білім беру және «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламалары бойынша бөлінген қаражаттың пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізді. Бұдан басқа Хромтау, Шалқар, Қобда және Ырғыз аудандарының жергілікті бюджетінің орындалуына және бюджет қаражаттарының пайдаланылуына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізілді.

2016 жылы жүргізілген мемлекеттік аудит іс-шараларының нәтижесінде облыс колледждерінде маман даярлауды тиімсіз жоспарлаудың салдарынан 2014, 2015 жылдары оқу бітірген түлектердің жартысына жуығы алған мамандығы бойынша жұмысқа орналаспағандығы анықталды. Облыстың мектептері мен балабақшаларында қызметкерлердің қажетті біліктіліктерінсіз, еңбек өтілін дұрыс есептемеуі, нақты жұмыс істеген уақытын дұрыс көрсетпеуі салдарынан артық еңбекақы, сауықтыру жәрдемақысын, демалыс ақысын, іссапар шығындарын артық төлегендігі анықталып, бюджетке келтірілген залал қалпына келтірілді. Балабақшаларда тәрбиеленушілердің саны дұрыс көрсетілмей, мемлекеттік тапсырыс бойынша артық қаржыландыруға жол берілген.

Қобда ауданында 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап Талдысай ауылында орналасқан жалдамалы тұрғын үй бүгінгі күнге дейін қолданылмай тұрғаны анықталды.

«Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында және «Ақтөбе Таза қала» ЖШС қызметтерінің жыл сайын теріс нәтижемен аяқталатындығы және оның себебі мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану мен оларға қатысты шығын нормаларын сақтамаудан болатындығы анықталды.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясын тексеру барысында жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған инвестициялық жобалардың толық жүзеге асырылмағандығы, нәтижесінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғандығы анықталды.

Жүргізілген мемлекеттік аудит іс-шараларымен 8 451,0 млн теңгеге бұзушылықтар анықталды, оның 2 715,5 млн теңгесі қаржылық бұзушылықтар, 2 696,7 млн теңгесі бюджетке қайтарылды және қалпына келтірілді.

Тексерулер нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарға жол бергені үшін 64 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.

Былтыр жалпы сомасы 5,3 млн теңгеге 55 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 6 —  бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік заңнамасын, 43 — мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы, 1 — салық заңнамасын бұзғаны үшін және 5 әкімшілік айыппұл тексеру комиссиясының қаулылары мен нұсқамаларын орындамағаны үшін салынды.

Сонымен қатар тексерулер барысында артық еңбекақы алу, келісімшарт сомасын көбейту арқылы бюджет қаражатын негізсіз пайдалану фактілері анықталып, 19 аудит материалдары құқық қорғау органдарына жолданды. Нәтижесінде бір жауапты тұлғаның 5 жылға бас бостандығы шектеліп, мүлкі тәркіленді.

 Сағат ЕҢСЕГЕНҰЛЫ,

Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button