Құқық

Сот жүйесіне сенім — басты өлшем

Заң

Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы алдағы бағыттарымызды айқындаған маңызды құжатқа айналды. Бұл Жолдауда да қоғамымыздың заңнамалық қамтылуы назардан тыс қалған жоқ.   Елбасымыз «…әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірілген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс» деп атап көрсетті.

Осы тұрғыдан бір мысал келтіретін болсақ, мәселен, бір ғана  жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқықбұзушылыққа тағайындалатын әкімшілік жазаны қарайтын болсақ, жасы елу сегізден асқан, не болмаса жүкті, аяғы ауыр немесе жасы он төрт жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, кәмелет жасқа толмағандарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, 63 жастан асқан ер адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген, бұл дегеніміз бүгінгі күні 11 345 теңгені құрайды. Мұндай айыппұлдың көлемі мұндай категориядағы адамдарға, соның ішінде жасы толмағандар үшін өте көп, төлеуге мұршалары жетпей сот қаулыларының уақытында орындалуына кері әсерін тигізіп жатады, себебі ондай айыппұлды дер кезінде төлей алмағандықтарынан, сот, қаулыларды орындау үшін олардың ай сайынғы алатын азғантай зейнетақыларынан ай сайын ұстап отырып өндіртуге мәжбүрлейді.

Енді бір мысал келтіретін болсақ, алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған адамдар медициналық тексеруден және емделуден жалтарғаны үшін оларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 22 690 теңге айыппұл көзделген. Әрине, мұндай сот шешімінің орындалуы өте қиындыққа соқтырады, себебі мұндай адамдардың тұрақты жұмыстары немесе алатын көмекақысы немесе басқа табыс көздері жоқ, бір сөзбен айтқанда, науқас адамдар. Сондықтан  мұндай категориядағы адамдарға тағайындалатын жазаның түрлері қайтадан түпкілікті қаралуы керек.

Мәселен, егер айыппұл шарасы болатын болса, белгілі бір есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде деп белгіленсе, онда істі қарап шешім қабылдаған судья ол құқық бұзушының істеген әрекеттерінің қоғамға қауіптілік дәрежесін, жауапкершіліктерін жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларын, материалдық және денсаулық жағдайларын ескере отырып тиісті мөлшерде тағайындаған болар еді.

Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді деген пікірді Елбасы судьялардың әрбір алқалы жиындарында да айтып келеді. Басқа да әкімшілік құқықбұзушылыққа тағайындалатын әкімшілік айыппұлдардың көлемі бірнеше жүздеген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетілген. Мұндай айыппұлдарды дер кезінде төлеп өтеу әсіресе жеке тұлғалар мен мемлекеттік қызметкерлерге ауыр екенін  қалыптасқан тәжірибе көрсетіп отыр. Ал қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселесі жөнінде айтатын болсақ, әсіресе қылмыстық теріс қылық категориясындағы істерді әкімшілік істер қатарына енгізген жөн болады деген ой айтқым келеді.

Себебі қылмыстық теріс қылық жасаған адамдарға бас бостандығынан айыру жазасы көзделмеген, теріс қылықтар қылмыстардың қайталануында есепке алынбайды, теріс қылық жасаған адамдар сотталған адам ретінде есепке алынбайды, осы тұрғыдан келгенде теріс қылықтар әкімшілік құқықбұзушылық болып есептелінуге тиісті.

Сондай-ақ адамгершілік, ізгілік ахуалындағы «Кәсіпкерлік саласындағы құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек» деген жолдар жұртшылықтық жан дүниесіне әсер етері сөзсіз.

Ал «Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды» деген жолдар сот тәуелсіздігін тағы да нықтай түсетін қадам деп ұғамыз.

Елімізде орта және шағын бизнесті, кәсіпкерлікті қорғау сот төрелігін атқарудың ғана емес, сонымен бірге бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастырудың да маңызды мәселесі ретінде қарастырылуда. Қазірдің өзінде Жоғары Сот аталған бағыттар бойынша нақты жұмыстарды қолға ала бастады. Бұл ретте жекеменшікке қол сұғатын қылмыстық құқықбұзушылықтардың қандай да бір санаттары бойынша сот тәжірибесін талдау және аталған құқықбұзушылықтарды жасаудың негізгі себептерін айқындау міндет болып белгіленуде.

Жоғары Сот төрағасы Қайрат Мәми Жолдауды талқылауға арнаған жұмыс бабындағы кеңесінде «Сот жүйесі құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ете отырып, Жолдауды табысты іске асырудың маңызды буыны болып табылады», — деп атап көрсеткен болатын.

Хромтау аудындық соты да алдағы жұмыстарын осы бағытта өрістете бермекші. Бұл орайда атқарылатын міндеттер аясы белгіленіп, нақты жұмыстар ауқымы белгіленді.

 Айсұлтан БАЛМҰХАНОВ,

Хромтау аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button