Жаңалықтар

Түнгі өрт

Оқиға

Қаңтардың 23-нен 24-іне ауған түні сағат екінің кезінде қаланың Оңтүстік-Батыс ауданында ауыр апатты жағдай орын алды. Жеке үйдегі «АГВ» газ қондырғысы жарылып, үйді өрт шалды. Шүкіршілігі, адамдар аман, дене жарақаттарын алған жоқ.

— Осы үйді салғанымызға екі-үш жыл ғана болып еді, — дейді үй иесі Сая Хасенова. — Бұрын газ форсунка арқылы жағылатын. Облыстық газ шаруашылығы қызметкерлері бұл жарамайды, «АГВ» алыңдар деп маза бермеді. Содан «Мерей» құрылыс дүкенінен қондырғыны сатып алдым. Кейін қондырғы өзінен-өзі сөніп қалып, сыр бере бастады. Газшыларға айтып едім, олар кімнен сатып алдың, солар қарасын деді. Әрі итеріп, бері жығудың ақыры осындай оқиғаға алып келді.

Үй иесінің айтуынша, бұл түні үйде бірнеше отбасынан тұратын 15 адам ұйықтап жатады. Түн ортасындағы жарылысты естіген келіні тұрыңдар деп айқай салады. Ұйқылы-ояу адамдар терезені сындырып, далаға қаша бастайды. Жарылысты естіген көршілері келеді жүгіріп. Ал өрт сөндірушілер келгенде үй түгелімен жанып болады. Осындай өрттің салдарынан үйдің дүние-мүлкі, құжаттары, отағасы Көңілашқанның емделуіне деп сақтап жүрген 120 мың теңге ақшасы жанып кетеді. Ал №48 мектептің 3-сынып оқушылары Айжан, Аяжан атты егіз қыз кітаптары салынған сөмкелерін алып шығады.

Бір шаңырақ астында тұрған бірнеше отбасының мүшесі, алты баланың анасы, осы үйдің келіні Маржан «Батыр Ана» ретінде қалалық әкімдік тұрғын үйден көмек берсе деп тілек айтты.

Сонымен үйдің тек үйінділері қалды. Қазір екі бөлмелі жаз үйде тұрып жатқан 15 адамға көрші-көлем, ағайын-туыстары азық-түлік, киім әкеліп, көмек беруде.

Ал өрттің шығуы туралы нақты сараптама әзір жасалған жоқ. Үй иелері қалалық билік өкілдерінің көмегін күтуде.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button