Басты бет » Жаңалықтар » Екі жаққа да тиімді

Екі жаққа да тиімді

«АкТеп» ЖШС  асылтұқымды бұқаны жалға береді

Кешегі кеңес кезінде де жеке шарбақтарда мал ұсталды. Ауылдарда тұратын әр үйдің шектеулі төрт түлік малы болды. Оның ішінде бір-екі сауын сиыры жоқ үй сирек кездесетін. Алайда негізінен назар қоғамдық малға аударылды да, жекенің қолындағы малдың тұқымын жақсартумен ол кезде ешкім айналыспады. Содан келіп, жекенің малының тұқымы азды. Бұған көңіл еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ғана аударылды. Әсіресе, «Сыбаға», «Ырыс» сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесінде мал тұқымын асылдандыруға алыс ауыл тұрғындарының да  қолы жете бастады.

Шынын айтсақ, соңғы жылдары облыс әкімі  Бердібек Сапарбаевтың қатаң талабымен бұл бағытта біздің аймақта қыруар жұмыс тындырылды. Қазір ауылдардағы шаруа қожалықтарында, оның ішінде жеке шарбақтарда да еттік бағыттағы ірі қараның қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл, ангус сынды тұқымдары жиі кездеседі. Табынға асылтұқымды бұқаларды қосудың нәтижесінде осыған қол жетті. Дегенмен, мұндай шаруа бір күннің ісі емес, ол ұдайы жалғасып отыруға тиіс. Алға ауданының Мәдениет үйінде облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиевтің қатысумен өткен жұмыс бабындағы кеңесте осы мәселелер кеңінен сөз болды. Оған осы аудандағы «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, облыс аудандарының ауылшаруашылық бөлімдерінің меңгерушілері, шаруашылықтардың басшылары қатысты.

Жұмыс бабындағы кеңестің тек облысымызда ғана емес, еліміз бойынша ең үлкен мал бордақылау алаңына, ет комбинатына ие, ірі қара өсіруді кешенді түрде қолға алып отырған «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында өтіп отырғанын  атап айтқан облыс әкімінің орынбасары:

— Бұл серіктестік бордақылау алаңына қойылған ірі қараның санын өткен күзде 11 мыңға жеткізді. Бұған қоса, тағы бір бағдарлама ашып, аудандардағы, ауылдардағы мал бордақылау алаңдарына мал беріп жатыр. Бұл шара сол жердегі халыққа жұмыс орындарын ашуды көздейді. Сонымен бірге, бұл экспортқа өткізілетін  ірі қара етінің әлеуетін арттыруға әр шаруа қожалықтары шама-шарқынша өз үлестерін қоссын деген мақсат. Қазір  ауылшаруашылық өндірістік  кооперативтері құрылып, жұмыс істеуде.  Жалпы, облыс бойынша 800-дей шағын мал бордақылау алаңдары ашылуда. Олар негізінен ауылдарда, осы залда отырған шаруа қожалықтарының басшылары сол бағдарламаларды орындауға тікелей қатысуда. Қолға алынып жатырған жаңа істердің жеңіл болмасы және белгілі. Осы жерде «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тағы да көмек қолын созып, шаруа қожалықтарын бірлесіп жұмыс жасауға шақырып  отыр. Бұл мәселе әрі қарай қалай шешіледі? Саланы дамытудың жолдары қандай? Әңгіме осы жөнінде болмақ. Сосын енді біз көктемгі егіс науқаны алдында кездесіп отырмыз. Алда қат-қабат науқандық жұмыстар  күтіп тұр. Осымен байланысты сауалдарыңызды қойып, өз ұсыныстарыңызды айта аласыздар, — деді.

«АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аслан Исмаилов ет бағытын дамыту жөніндегі серіктестік жүзеге асырғалы отырған бағдарламаларды жария етті. Оның ішінде тың жобалар да бар. Соның бірі — асылтұқымды бұқаларды аудандар мен ауылдардағы шаруа қожалықтарына жалға беру шарасы. Бұрын бұл жұмысты шаруа қожалықтары  асылтұқымды  бұқа сатып алу арқылы өздері жүзеге асырып келген болатын. Ал асылтұқымды бұқаның арзанға түспейтіні және белгілі. Сондықтан шағын шаруа қожалықтарының бұған шамалары жете бермеді. Енді «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл тығырықтан шығудың оңтайлы жолын ұсынып отыр. Кез келген шаруа қожалығы серіктестіктен  асылтұқымды бұқаны жалға ала  алады. Серіктестік басшысының осында мәлімдегеніндей, шаруа қожалықтарына  биыл қазақтың ақбас және әулиекөл асылтұқымды бұқалары  ұсынылады. Ал келесі жылы ангус сынды шетелдік асылтұқымды бұқалар да берілмек.

Серіктестік пен шаруа қожалықтары арасындағы бұл жұмыстар ерікті түрде жүргізіледі. Шаруа қожалықтары өзіне тиімді десе, шартқа отырады. Қазірдің өзінде облыс аудандарынан осы бағдарлама бойынша 900-ге жуық тапсырыс түскен, оның 400-і шаруа қожалықтары тарапынан жасалып отыр.

Бұл жерде серіктестік ұсынып отырған шарттың екі жаққа да тиімді жағы тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Біріншіден, шаруаның  қолдағы малының тұқымын еш шығынсыз жақсартуға мүмкіндігі бар. Екіншіден, сол алған өнімін — тайөгізді келер жылы күзде серіктестіктің бордақылау алаңына өткізіп, қолма-қол қаржы алады. Өзге жерден рынок іздеп әуре болмайды.

Осы серіктестік бұдан бұрын жемшөп дайындау мәселесін де осылай, облыстың шаруа қожалықтарын қатыстыра отырып  шешкен болатын. Қазір облыстың шаруа қожалықтары жазда дайындаған табиғи пішендерін осында өткізеді. Серіктестік басшысының  айтуынша, науқан уақытында әр күні  облыстың шаруа қожалықтары 1000 тоннаға дейін табиғи пішен тапсырып келген. Яғни, бұл шара шаруа қожалықтарының нағыз табыс көзіне айналды.

Осы жолғы ет өндіруге байланысты серіктестік ұсынып отырған бағдарламаның да екі жаққа тиімділігін серіктестік басшылары, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұхановпен бірге, осы кеңеске облыстың аудандарынан, ауылдарынан қатысқан шаруа қожалықтарының иелері де мойындады. Олардың бірқатары  сөз алып,  осындай жұмыстарға мұрындық болып, шаруа қожалықтарының жағдайын жақсартып, шаруасын нығайтқаны үшін серіктестік басшыларына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтқан еді. Бұған «АкТеп» компаниясы тобының кеңесшісі Нұрлан Сағыналин:

— Біз де облыстың шаруа қожалықтарына алғыс айтуымыз керек. Солардың қатысуымен серіктестік малына жемшөп дайындау мәселесін шешіп отырмыз. Ет дайындау міндетін де солар арқылы жүзеге асырып келеміз. Өткен жылы серіктестіктің бордақылау алаңына жекеден 15 мың ірі қара сатып алсақ, биыл 25 мың мал алуымыз қажет. Мұны сіздердің көмектеріңізсіз жүзеге асыра алмас едік. Бүгінгі ұсынылып отырған шараның екі жақ үшін тиімді болатыны да содан, — деді.

Жаңа бағдарламаға байланысты аудандар мен ауылдардан келген шаруа қожалықтарының иелері серіктестік басшыларына, облыс әкімінің орынбасарына, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорына көптеген сауалдар қойып, жауаптар алды. Жаңа істі ұйымдастыруға қатысты өздерінің ұсыныстарын айтты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Алға ауданы.