Мәдениет

Құрметтейік үлкенді, балақайлар!

Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті қорының ұйымдастырумен Алматыда өткен  «Дарындыларға ғасыр бас иеді»   атты  жастар фестивалінде  «Алақай» қуыршақ театры  «Дала аңызы немесе Бәрекелді Алдар»   спектаклімен лауреат атанып, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті медалімен  алты актер марапатталды. Жыл басында театрдың репертуары тағы бір жаңа спектакльмен толықты. Бұл жолғы ертегіні сахналаған — Орынбор облыстық қуыршақ театрының бас режиссері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі  Вадим Смирнов.  Ал суретшісі — Әсия Құрманалина.  Спектакль негізіне   Вильгельм  Гауфтың бірнеше ертегісі алынған. Бүлдіршіндерді әдемілік әлеміне жетелеп, жандарына ізгілік нұрын себелейтін бұл пьесаның тақырыбы  да  жақсылық пен жамандықтың күресі хақында. Негізгі кейіпкер  Муктің  үлкеннің бетінен алып, кемсітіп,  әдепсіздік танытқаны, өзгелердің оған деген ренішін туғызады. «Қазақтың су ішкен құдығыңа түкірме» дейтін  ұлағатты сөзін де еске түсіреді.  Мыстан кемпір өзін «бүкір» деп кемсіткен  Мукті  лезде сиқырлап, тура сондай кейіпке түсіріп қояды. Жалпы, ертегіге шығыстық сипат берілген, қойылымдағы шығысқа тән керуен, керуенбасы мен  түйесі,  қауын-қарбыз сататын базары,  көздің жауын алатын  жарқ-жұрқ еткен киім  киген түрлі   қуыршақтары балдырғандарды баурап алады  Орынборлық  режиссердің  Ақтөбе театрындағы тырнақалдысын жас көрермендер жылы қабылдады. Вадимге бірер сұрақ қойған едік:

— Вадим Александрович,  білуімізше, сіз бұл спектакльді 10 күннің ішінде қойып үлгеріпсіз. Бұл тым асығыс емес пе?

— Әрине, тым қысқа уақыт, алайда  бұдан да қысқа мерзімде спектакльдер қойылып жатады.  Бұл іске салғырт  қарағандықтан емес.  Нәзира Сәрсенбайқызымен, Әсия Тажединқызымен  Орынборда, тағы басқа қалаларда өткен қуыршақ театрларының фестивалінде  кездесіп, танысқан болатынбыз. Рязаньда   2006 жылы «Алақай» театрының «Ат тұяғын тай басар» спектаклін көргенмін.  Оның үстіне Орынбор мен Ақтөбе қуыршақ театрларының өзара  гастрольдік алмасулар арқылы бір-біріміздің шығармашылығымызбен жақынырақ танысуға мүмкіндік бар. Әсия Тәжединқызы маған ұсыныс жасады, екеуміз әуелі жолығып, кейін Интернет арқылы хабарласып, осы спектакльді қалай қоятынымыз жайлы ақылдасып,  ортақ шешімге келдік. Қуыршақ театры спектаклінің    ауыртпалығы негізінен суретшінің иығына түседі, Әсия екеуміз шығармашылық тұрғыда бір-біріміздің ойымызды, нені қалайтынымызды жақсы түсіндік деп ойлаймын.

— Орынбор болсын,  тіпті  Ресейдің кез келген қуыршақ театрларында  болсын, шетелден режиссерлер шақырып, бөтен тілде спектакль қойғызу  тәжірибеде бар ма?

— Жоқ, әрине, әртүрлі ұлттардың пьесаларын сахналаймыз, бірақ бәрі орыс тілінде қойылады.

— «Алақайдың» актерлерімен жұмыс жасау қиынға түскен жоқ па?

— Ең бастысы – актерлерде  жұмыс істеуге деген ынта-жігер бар, бұл театрдың адамдарының жүзі жарқын, көңілдері кең. Осы дүниені дұрыстап жасайын, жаңа келген режиссерден әлденені үйренейін деген талаптары күшті. Актерлік шеберліктерінің толысқаны әбден байқалады. Мен көргелі көп өскен.  Әр істің өз қиындығы да, қызығы да болады. Аз уақыт ішінде  көрермендеріміздің көңілін қалдырмайтын дүние жасап шығарсақ, ол біздің еңбегіміздің еш кетпегені.  Актерлер труппасына, жалпы театр ұжымына ризамын.

— Бұрын Ақтөбеде болдыңыз ба? Қаламыз ұнады ма?

— Жалпы, Қазақстанға алғаш келуім. Ақтөбе қаласы маған ұнады, адамдары да. Жалпы, өнер адамының ел көріп, жер көріп, әр елдің мәдениетімен танысып, тәжірибе жинақтауы керек-ақ.

Мен өзім Нижний Новгородта туып-өскенмін. Сол қаладағы театр училищесін бітіргенмін. Нижний Новгородтағы театрдың көркемдік жетекшісі болдым.  Ярославльдегі мемлекеттік театр институтында, Санкт-Петербургте  аспирантурада   оқыдым. 19 жылдан бері қуыршақ театры саласында қызмет  етіп келемін. Петрозаводск, Дзержинск, Нижний Новгород, Кранодар қалаларындағы  қуыршақ театрларында спектакльдер қойдым. Орынборға келгеніме үшінші жылға жуықтады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button