Білім

Үздік ұстаз анықталады

Кеше №40 мектепте ең үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне облыс әкімінің грантын тағайындау мақсатындағы байқаудың қорытынды кезеңі өтті.  Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында қолға алынған шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жалпы, бұл  жоба үш жылға жоспарланған.

Аталған байқаудың мақсаты — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқыту сапасын арттырып, осы салада белсенді еңбек етіп жүрген мұғалімдердің материалдық жағдайын жақсарту. Облыстық білім басқармасының  мектепке дейінгі, жалпы орта білім беруді дамыту және білім сапасының мониторингі бөлімінің бас маманы Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, биыл байқауға 63 мұғалім қатысып, 19-ы екінші кезеңге өткен.

Сайысқа қатысушы ұстаздарға қойылатын талап жоғары. Олардың теориялық және педагогикалық білімдері сарапқа салынады.

Байқауға қатысушы мұғалімдер өзінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, оқыту әдістемелік және шығармашылық жұмыстарымен таныстырды.  Байқаудың қорытындысы облыс әкімінің қаулысымен бекітіледі. Жалпы, конкурста жеңімпаз атанған үздік ұстаз бір жыл бойы ай сайын 50 мың теңге алып тұрса, екінші-үшінші орынға ие болған мұғалімдер 107-100 мың теңге көлеміндегі бір жолғы сыйақыға ие болады. Ал  өзге қатысушылар облыс әкімінің 70-15 мың теңге көлеміндегі сыйлығымен марапатталады. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 3 миллион 700 мың теңге қарастырылған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button