Білім

Біздің мақсат — кәсіптік бағдар беру

«Ауыл  дегеніміз — сайып келгенде халықтың тұрмыс салты, мәдениетіміздің, дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнары» деді Елбасы өз Жолдауында. Біздің Республикамыздағы ауыл шаруашылығы өндірісі жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерімен, қуатты азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын негізгі қор көзі болып саналады. Осы мақсатта ауылды көтеру,  ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері бүгінгі жастардың, ертеңгі жоғары білімді мамандарының қолында екені ешқандай күмән келтірмейді. Қазір білім саласындағы жаңа реформаға сай кәсіптік бағдар беру мақсатында мектептерде үгіт насихат жұмыстары жүргізіледі. Осыған орай Жәңгір хан атындағы Батыс аграрлық-техникалық университетінің ұйымдастыруымен мектеп түлектеріне алдын ала бағдар беру жұмыстары ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік білім гранттарының иегерлерінің жалпы саны бізде 1150-ге жетті.

Кәсіптік бағдар беру жұмыстарының жүргізу мақсатында оқытушылардың тобынан арнайы команда құрылды. Оның құрамында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің агрономия факультетінің доценттері Т.Тұрғанбаева және Ғ. Ожанов, ветеринария факультетінің доценті М.Саденов, экономика факультетінің аға оқытушысы Ж. Өтешова қатысты. Бұл жұмысты жүргізу барысында байқағанымыз, біріншіден, алдын ала жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша мектеп оқушылары өздерінің мақсаттарына жетуге қажетті мәліметтер алғанын, екіншіден, мол тәжірибе жинақтағанын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Сапар барысында университетіміздің тапсырмасы бойынша Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, облыстық және аудандық білім бөлімдері басшыларымен кездесіп, пікір алмастық. Өзінің еңбек саласындағы көп жылдық тәжірибесін пайдаланған басшылар, осындай жұмысқа ұйытқы болды.  Сонымен қатар ауыл шаруашылық іс-шараларына Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да оқып жүрген студенттерді оқу тәжірибелік машықтану жұмыстарына, бұл бағыттағы мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын екендігін білдірді.

Нарықтық экономика тұсында ауыл шаруашылығын тиімді пайдалана отырып, жоғары және сапалы өнімді қамтамасыз ету үшін жан-жақты да, білімді, тәжірибесі мол мамандар талап етілуде. Бүгінгі күнде Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Батыс аймақтағы ауыл шаруашылық және өндірістік, экономикалық салалар үшін жоғары білімді мамандарды даярлауда жалғыз ғылыми орталық болып саналады. Университет өзінің 45 жылдан астам қызметінде Республикамызға және шектес елдерге танымал болды, елімізде білімінің, мәдениеттің және ғылымның дамуына үлкен үлес қоса отырып, Батыс Қазақстанның төрт облысының экономикасы үшін отыз бес мыңнан астам мамандарды даярлап шығарды.

Университет  ректоры, академик Қ.Бозымов басшылық жасайтын үлкен ұжым бүгінде болашақ қажеттеріне сай қызмет атқаруға жұмылуда. Өзінің 45 жылдық тарихында еліміздің барлық саласы үшін, оның ішінде ауыл шаруашылығына көптеген мамандар әзірлеген университетте алты факультет біздің аймақтың дамуына зор үлесін қосатын 37 мамандық бойынша мамандар даярлайды.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Батыс Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ еліміздің экономикасының гүлденуіне жол бастайтын және ғылыми-техникалық прогресті жылжытатын, заман талабына сай халықаралық білім деңгейінде сұранысқа ие мамандарды даярлайтын білім ордасы болып қала бермек.

Ғ.ОЖАНОВ,

Жәңгір хан атындағы  Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық

университетінің доценті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button