Жаңалықтар

Ұлттық халық санағы

Үндеу

Құрметті Ақтөбе облысының тұрғындары!

Кеше 25 ақпанда, Қазақстан Республикасында ұлттық халық санағы басталды.

Халық санағы-2009 елде қанша адам тұрады, оның ішінде әйелдер мен ерлердің, балалар мен егде адамдардың үлесі қандай, еліміздің аумағында қандай ұлт өкілдері тұрады және олардың саны қанша, қазақстандық отбасының табыс деңгейі қандай, қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайы қандай деген сұрақтарға жауап береді.

Әр азамат 45 сұраққа жауап беруі керек. Халықтан алынған мәліметтердің барлығын мемлекет кейін ел азаматтарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында пайдаланады.

Санақ қорытындысы денсаулық сақтау мәселелерін де қозғайды. Өйткені қазір қалаларда ресми статистикада көрсетілгеннен де көп халық тұрып жатыр. Учаскелік дәрігерлер белгіленген нормативтен көп, яғни үлкен жүктемемен жұмыс жасап отыр. Бөлінген қаражат қайтадан қаралып, көбейетін болады. Денсаулық сақтау, білім  саласы (балабақшалар, яслилер, мектептер) мен басқа да әлеуметтік бағыттағы нысандар құрылыстары үшін бөлінетін қаржы да өседі.

Санақ-2009 негізінен адам тұруы мүмкін тұрғын және басқа да үй-жайларды аралап шығу арқылы жауап алу тәсілімен жүргізіледі, азаматтардан ешқандай құжат талап етілмейді.

Санақ барысында жиналған ақпарат өте құпия сақталады.

Санақ қызметкерлерінің барлығына ақпаратты жариялағаны үшін құқықтық жауапкершілік бары ескертілген.

Ақпарат статистика департаментінің деректер базасында сақталады және жалпылама түрде ғана қолданылады. Бөгде адамдар оған қол жеткізе алмайды. Ақпараттың құпиялылығына ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» Заңымен кепілдік беріледі.

Санақ кезінде Қазақстанның барлық азаматы, сондай-ақ санақ кезінде біздің аумақта жүрген шетелдік азаматтар да толық қамтылатын болады.

Санаққа облыс халқының түгелдей белсенді қатысуы өте маңызды. Әр азамат санақшының сұрақтарына әділ әрі шынайы жауап беру өзінің міндеті екенін түсінуі керек.

Санақ жөнінде толығырақ білу үшін 55-26-56 телефонына хабарласуға болады.

Ақтөбе облысы әкімінің міндетін атқарушы                   Ізбақ ӨМІРЗАҚОВ.

Санақ сәтті басталды…

Кеше облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова халық санағы жөнінде журналистерге брифинг өткізді. Брифингке облыстық статистика департаментінің бастығы Әлия Боранбаева қатысты.

Қазір аймақта 2477 есепші тұрғын үй және халықтың өзге де қоныстанған жерлерінде санақ жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, бұл жұмыстар 53 еңбек ететін орын мен облыстың барлық аудандарында іске асырылуда.

Сара Қайыржанқызының айтуынша, бүгінде облыста шамамен 717 506 адам бар. 25 ақпанға қараған түні аумақта халық санағы басталды. Яғни бұл мезгілде есепшілер барлық теміржол және автовокзалдарда, қала әуежайында, сондай-ақ жолаушылар көп шоғырланатын қонақ үйлер мен санаторийлерде, профилакторийлерде санақ жүргізді. Ведомстволық органдардағы жабық мекемелер мен әділет органдары, кедендік бақылау нысандарында да бұл жұмыстар жүзеге асырылды.

Санақ жұмыстары облыстың әр аймағында сәтті басталды. Бұл жұмыстың күн сайынғы қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады. Бұған дейін ішкі істер департаментімен бірлескен санақшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Мен сіздің учаскелік инспекторыңызбын» атты акция да өтті. Халық санағының облыста сәтті аяқталатынына сеніміміз мол, – деді С.Нұрқатова.

Науқандық жұмысқа қатысты түсініксіз мәселелер де орын алуы мүмкін. Бұл жағдайда  тұрғындардың облыстық статистика департаментіндегі 55-26-56,  қалалық әкімдіктегі 21-54-62 тікелей телефондарға хабарласуына болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Міндетті атқарудан мүдірмейді

Кеше жергілікті уақытпен сағат 8.00-де Ақтөбе облысының санақшылары ұлттық халық санағын жүргізу жөніндегі негізгі жұмыстарға кірісті.

Ресми органдардың мәліметтеріне қарағанда, Ақтөбе қаласында осы шараға байланысты 37 санақ қосыны ашылған. Ал ұстаздардан, студенттерден, жұмыссыздар мен кәсіпорын жұмысшыларынан құралған 1 198 санақшы алдағы күндері облыс орталығындағы барлық үйлер мен мекемелерді, ұйымдарды, бау-бақша ұжымдарын және халық қоныстанған өзге де нысандарды аралап, қаланың жаңа бет-бейнесін қалыптастыруға үлес қоспақ.

Ақтөбе қалалық №27 санақ бөлімінің бастығы Шайзада Ахметованың айтуынша, санақшыларға жүктелген міндеттердің сапалы орындалуы үшін арнайы семинарлар, оқу-жаттығулар өткізілген. Демек, он жылда бір келетін ұлттық науқан барысында санақшылар ешбір мүдірмеулері тиіс.

Бұл бөлімге 31 санақшы мен 7 нұсқаушы бекітілген. Олардың барлығы санақ жүргізудің тәртібі бойынша жұмыстарына толық кіріскен. Ең бастысы, алдын ала есепке алудағы тәжірибелері қайталанса, бұл жұмыстың өз жемісін берері анық.

Санақ бөлімінің бастығы әзірге санақшыларды мазалайтын мәселелердің жоқ екендігін атап өтті. Сондықтан да тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінуге негіз жоқ. Бүгінге дейін санақшыларға бұралқы иттердің де зияны болмай отырғанға ұқсайды.

Қалалық санақ бөлімінің өкілдері санақшылар барған уақытта үйлерінде болмаған тұрғындардың телефонмен мәлімет беруі мен санақшыларды қолайлы уақытқа шақыртуы үшін арнайы хабарламалардың қалдырылатындығын да атап өтті.

Бұдан бұрын да хабарланғандай,  санақшының кеудесінде сары лентадағы пластикалық бейдж (куәлік), қолында көк портфелі, ал мойнында «Халық санағы-2009» логотипі бар мойын орағышы болуы керек. Бұдан өзге санақшы өзін таныстырып, өзінің тегін және келу мақсатын қысқаша мәлімдеуі қажет. Оның алдынан есік ашылған кезде ең алдымен куәлігін көрсету қажет. Онда міндетті түрде нөмірі, мөрі және статистика департаменті басшысының қолы болуы тиіс.

Серік             ӘБДІБЕК.

Санақ – полицияның серігі

Кеше басталған ұлттық халық санағы Ақтөбе заң колледжінің курсанттары мен тыңдаушылары арасында да өткізіліп жатыр.

Ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орнында бұл жұмыстар әлі екі-үш күнге созылады. Колледж бастығының орынбасары Ғабит Рақышевтың айтуынша, арнайы мекеме болғандықтан, курсанттар мен тыңдаушылардың тұрақты мекен-жайлары осында. Санақ алдында алдын ала дайындық жұмыстары өткізіліп, ұлттық деңгейдегі жауапты жұмысты колледж қабырғасында атқару үшін арнайы комиссия бектіліп, жауапты тұлғалар нақтыланған.

– Бүгінде ауыспалы құрамның тыңдаушылармен қоса есептегендегі саны – 324. Олардың арасында арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нақты мақсаттарды баяндап бердік, – дейді Ғ. Рақышев.

Колледж құрамы курстар мен бөлімшелерге жіктеліп, еліміздің барлық аймақтарынан келген болашақ полицейлер халық санағына түсіністікпен қарап отыр.

Оқу ордасының 2-курс студенті шымкенттік Қайрат Пайыз Ұлттық халық санағы мерекесімен ата-анасын құттықтап та үлгерген. Сәлден кейін лейтенант атанатын ұлан санақтың алдағы қызметіне көп пайдасы боларын жақсы түсінеді.

– Полицияның жұмысында халық саны мен әлеуметтік жігін білу аса пайдасын тигізері сөзсіз. Мысалы, бүгінге дейін өзім туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысының халық саны, сырттан қоныстанушылардың мөлшері жайында нақты білмейді екенмін. Ал санақ кезінде жинақталған мәліметтер халықтың қауіпсіздігін сақтауға жәрдемін тигізері анық, – дейді Қайрат.

Болашақта бүгінгі курсанттар полиция қатарын толықтырғаннан кейін, осындай науқан кезінде сақтық шараларын ұйымдастыруға қатысатындықтары анық. Ал қауіпсіздік мәселесі қашан да бірінші орында.

Серік ӘБДІБЕК.

ШӨБЕРЕЛЕР КӨБЕЙЕТІН МЕЗГІЛ

Ырымшыл халқымыз қашан да мемлекеттік маңызды жұмыстарға бейжай қарай алмайды.  Ұлтымыз үшін санақ та сайлауға пара-пар той. Әсіресе, аға буын бұндай шараларды назардан тыс қалдырған емес. Солардың бірі – «Алтын алқа» иегері Батан Отарбаева.

1930 жылы бұрынғы Табын, қазіргі Байғанин ауданының Оймауыт ауылында дүниеге келген Батан апай он екі құрсақ көтерген. Қазір сол балаларынан тараған 35 немере, 18 шөбересінің алдында бақытты әже атанып отыр.

– Мемлекеттік деңгейдегі халық санағына бір кісідей үлес қостым. Жас күнімізде бұндай науқан үлкен той сықылды өтетін. Бүгінде тәуелсіз атанған еліміздің де ұлттық санақты мерекеге айналдыруға тырысқандығы қуантады. Әлі есімде, бала күнімде Мәжит деген пошташы ағамыздың әйелі босанғанда баласына Санақ деп ат қойғаны бар. Бұның өзі халқымыздың осындай істерге аса ықыласпен, ертеңге деген сенімділікпен қарайтындығын көрсетсе керек, – деген Б. Отарбаева осы санақтың соңына дейін, Алла жазса шөберелерінің көбейетіндігіне сенімді. Енді айы-күні жетіп отырған келінінің аман-есен жаны қалса, шөбересіне қандай есім берерін Батан апайдың өзі ғана біледі. Ал кеше Батан апай санақшы Зейнегүл Дәкенге өзі мен отбасы жайындағы барлық мәліметті жайып салды. Санақшы алдымен екі тілде орындалған санақ парағының қазақшасына үш сауалнаманың жауаптарын толтырды.

Бірінші – үй (пәтер) тұрғындары тізімі, екінші – олардың тұрғын жағдайы, ал үшінші – 45 сұрақтан тұратын индивидуалдық жауап алу парағына барлық жауаптар мұқият жазылды.

Санақ парағында стандарттық сұрақтардан басқа жаңа тізімдерді қоса (жынысы, жасы, отбасы жағдайы, жұмыс орны және т.с.с.) санақ сауалнамасына қосымша маңызды сұрақтар қосылғаны белгілі. Олар халықты ақпараттандыру деңгейіне, компьютерлік бағдарламаларды меңгеру дәрежесіне, электрондық пошта және интернет, тілдерге қатысты.

Жалпы, санақ жұмыстарының мерзімі шектеулі болғанымен, қосымша жұмыстар сәуір айының бел ортасына дейін созылады. Алдын ала ескертілгендей, санақшылар бұл қызметтері үшін орташа есеппен 19 мың теңгеден жалақы алмақ.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button