Денсаулық

Биыл бес бауыр трансплантациясы жасалады

Облыстық ауруханада трансплантология мәселелеріне қатысты конференция өтті. Жиынға Сеул ұлттық университетінің профессоры Кванг Пунг Ли қатысты.

Жиында қазіргі трансплантология мәселелері сөз болды. Оның ішінде өңірдегі ахуал айтылды. Облыста трансплантология қызметі соңғы 5-6 жылдықта қарқынды дамып келеді. Әсіресе, бүйрек ауыстыру отасы сәтті жасалып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, 2014 жылдан бастап 21 бүйрек ауыстыру отасы жасалыпты. Ал былтырдан бері 7 бауыр трансплантациясы жасалған. Биыл да кореялық мамандармен бірге бес  бауыр ауыстыру отасын жасау жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы негізгі мәселе — донор тапшылығы. Ақтөбе облысының трансплантация бойынша аймақтық үйлестірушісі Валентина Арыстанованың айтуынша, қазіргі күні өңірде 167 адам бүйрек, 60 науқас бауыр, 6 адам жүрек ауыстыруды қажет етеді.

— Бұл мәселеден шығудың бір жолы — мәйіт донорлығын дамыту. 2013 жылдан бастап облыста мәйіттен дене мүшелерін ала бастадық. Осы уақытқа дейін 5 донор болды. Алайда тұрғындар арасында әлі де болса мәйіт донорлығынан қорқатындар бар. Көз жұмған азаматтардың туыстары келісімін бермейді. Мәселен, 2015 жылы  көз жұмған 8 адам болды. Бірақ оның үшеуінің ғана туыстары дене мүшесін алуға рұқсат берді, — деді Валентина Арыстанова.

Жиында осы мәселелер айтылды. Профессор Кванг Пунг Ли бауыр трансплантациясына қатысты пікірін білдірді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button