Спорт

Халің қалай, қысқы спорт?

Ақтөбеліктер спорттың қай түрінен болса да еншісіне тиген есесін жіберген емес. Қазақстанның қай өңірінде де кенжелеу дамып отырған қысқы спорт түрлері бойынша да әр жылдары қол жеткен табыстарымыз аз емес. Ақтөбенің қысқы спорт тарихына көз жүгіртсек, мәнерлеп сырғанаушылар Марина Халтурина мен Валерий Артюхов Жапонияның Осака қаласында өткен қысқы олимпиадаға қатысып, 4 құрлық спортшылары арасында 7- орын алғаны еске түседі. Осы спорт түрінен Дмитрий Казарлыга, Елизавета Стекольникова халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғады. Коньки тебуден Валерий Троицкий, Людмила Миронова секілді шеберлер шықты. Сонау 1953 жылы ақтөбелік хоккейшілер Қазақ КСР Кубогы үшін жарыста финалға дейін жеткен. Допты хоккей командасы да Қазақстан біріншілігінде сәтті өнер көрсеткен.

Алайда осылайша жалғасып келе жатқан жетістіктер жібі беріректе үзілгендей болды. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты қысқы спорт түрлеріне қарайтын жағдай болмай қалды. Ал қазір еліміздің, оның ішінде облысымыздың экономикалық дамуы алға басқан кезде кенже қалған спорт түрлерін дамыту қолға алына бастады. Кәсіби спортшылар даярлау мақсатында өткен жылы Кірпішті ауылында қысқы спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды.

— Ақтөбеде қысқы спорт түрлерінен мықты-мықты спортшылар шыққанын білеміз, — дейді облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов. — Әлі де таңдай қақтырарлық спортшылардың шығатыны анық. Алайда қысқы спорт түрлері бойынша спорт мектебі өткен жылы ғана ашылғандықтан, дәл бүгін нәтиже күткен жөн болмас. Қазір өз облысымыздың түкпір-түкпірінде әртүрлі жұмыстарда жүрген жаттықтырушылар спорт мектебіне шақырылуда. Сондықтан жағымды жаңалықтар әлі алда болады. Рас, маман жаттықтырушылар жетіспейді. Бірақ жаттықтырушыларды іздеп жатырмыз.

— Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей тапсырмасымен ашылған қысқы спорт түрлерінен облыстық балалар мен спорт мектебі өткен жылдың қаңтарынан бері жұмыс істейді, — дейді спорт мектебінің директоры Тұрғанбай Аймағанбет. — Биылғы жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 30 миллион теңге бөлініп отыр. Әзірге шаңғы спорты дамытылуда. Мектеп шаңғы және оған қажетті майлармен, аяқ киімдермен толық қамтылды. 200-ге жуық бала шаңғы тебеді. Оларды бұрынғы шаңғышылар Нұрлан Бірманов, Николай Марчук жаттықтырады. Ақпан айында шаңғыдан жасөспірімдер арасында облыс біріншілігін өткізуді жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап шайбалы хоккейді дамыту жұмыстарын қолға алдық. Қазір 100-ден астам жас өрен хоккей әліппесін үйреніп, болашаққа қадам жасап отыр. Әзірге спорт мектебінің тәрбиеленушілері № 53 Қарғалы орта мектебінің және №28 Ақтөбе орта мектебінің мұз айдындарында жаттығып жүр. Айтжан Отаров, Талғат Ахметов секілді маман жаттықтырушылар шәкірттерінің хоккей шеберлері болып шығатынына сенімді. Сондай-ақ Шалқар қаласында да филиал ретінде хоккей секциясын ашу жоспарланып отыр.

Ал дене шынықтыруды дамыту, спорттың бұқаралығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде қалада қыс айларында бірқатар шаралар жүзеге асырылды.

— Балалар мен жастардың, қала тұрғындарының қысқы спорт түрлерімен айналысуы үшін көптен үзіліп қалған жарыстар ұйымдастырылуда, — дейді қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ескендір Маханов. — Мәселен, желтоқсанның аяғында шаңғыдан ересектер арасында қаланың ашық біріншілігі өтті. Оған Хромтау, Мәртөк аудандарының да шаңғышылары қатысты. Барлығы 64 спортшы жүлделерді сарапқа салды. Дәл мұндай көп адам қатысады деп ойламаған едік. Мұны жұртшылықтың спортқа бет бұрғаны деп білеміз.

Қалалық спорт басшысының айтуынша, хоккейді дамытуға мол мүмкіндік бар көрінеді. Қалада балалардың хоккеймен айналысуы үшін 6 хоккей алаңы жасалған. Ал 6 ақпанда № 28 орта мектеп алаңында «Алтын шайба» жүлдесі үшін жарыс басталады. Оған қала мектептерімен қатар, Қурайлы, Қарғалы селоларының да жас хоккейшілері қатысуға тапсырыс беріпті. Бұдан кейін допты хоккейден қала біріншілігі өтеді. Сондай-ақ Президенттік көпсайысқа, қардағы футболдан қалалық чемпионатқа да көптеген спортшылар қатысатын болады.

Соңғы жылдары қалада жасалған мұз айдындарында тұрғындар коньки теуіп, демалыстарын тиімді өткізе алады. Биылғы жылы қалада мұз айдындарының саны 20-дан асты. Жекелеген кәсіпкерлер де бұл істен тыс қалмай, мұз айдындарын жасауға көмек берді.

Орталық стадион жанындағы мұз айдынының қызметкері Асылан Сарбас күніне 200-дей адам келетінін айтты. Мұнда конькиді жалға алу бір сағатқа 200 теңге тұрады. Сағат 15.00-ге дейін 50 пайыз жеңілдікпен, яғни 100 теңгеден беріледі. 28-ден 48-ге дейінгі размерлі 200-ге жуық коньки алынған. Айдын таза, су күнде қатырылады. Мезгіл-мезгіл тазартылады. Мұз айдыны сағат 10-нан түнгі 1-ге дейін қызмет етеді.

— Бұрынғы жылдардағыдай емес, қазір келушілер азайыңқырап қалды, — деді Асылан, — өйткені қалада мұз айдындары көп. Содан бәсекелестік туындады. Енді айдынның тазалығын, адамдарға қолайлы болуын қолға алып, жұртты өзімізге тартып жатырмыз. Айдын жанындағы шағын шайханада ыстық шай, самса, түрлі сусындар сатылады. Студенттерге жеңілдік жасаймыз. Ал студенттер топ болып келсе, 50 пайызға дейін жеңілдік беріледі.

Мұз айдынында конькимен өрнек салып жүрген бірқатар балаларды сөзге тарттық.

Жантізер Құрманбаев, №51 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы:

— Қалада мұз айдыны ашылғанда балалар болып қуандық. Бірден осында келуге бел байладық. Осыдан екі жыл бұрын коньки тебе алмайтын едім, қазір біршама меңгеріп қалдым. Коньки денсаулыққа жақсы, сергек жүресің. Конькиші болғым келеді, бірақ қайда барарымды білмеймін. Қалада конькиден жарыс болса, қатысар едім.

Асылан Айдарғали, №19 орта мектептің 9-сынып оқушысы:

— Конькиді биыл ғана үйрендім. Осындай мұз айдындарын жасаған ағаларға рақмет. Бағасы да қымбат емес. Қол боста достарыммен айдынға келіп, конькимен сырғанаймыз.

Рудаби Абдуллаева, №48 мектептің 3-сынып оқушысы:

— Конькиді бұдан да кішкентай кезімде ағам Мағжан үйретті. Ағам да коньки тебе алады. Сабақтан бос уақытта коньки тепкенді ұнатамын. Сабағым да жақсы.

Ал 11-шағын аудандағы мәдениет және демалыс саябағына барғанымызда, мұз айдынының әдемі қоршалғанын көрдік. Мұнда түнгі клиптер көрсету, музыкамен көркемдеу, жарықтандыру жұмыстары ұйымдастырылған. Мұз айдынының қызметкері Қайырбек Таханов қаладағы көзге түсер саябақ болғандықтан адамдардың үзілмейтінін, демалушыларға барлық жағдай жасалғанын, мүгедектерге конькидің тегін берілетінін әңгімелеп берді. Біз барғанымызда Кореядан, Канададан келген қонақтар да коньки теуіп, демалып жүр екен. Қонақтарды әңгімеге тартқанымызда корей жігіті «өте жақсы» деп бас бармағын көрсетті.

Иә, қалада және аудандарда қысқы спортты дамыту жұмысы шындап қолға алынды. Спорт шенеуніктерінің айтуынша, бұл бастамасы ғана, жеңісті күндер алда болмақ. Ал жұртшылықтың спортпен жаппай айналысуының өзін жеңісті күндердің бір көрінісі деп бағалайық.

Бердібай КЕМАЛ.

***

Спорт сайты — қазақ тілінде

Спорт сүйер қауымның талабына орай ғаламтордан қазақ тіліндегі алғашқы интернет-сайт ашылды.

Ел спортшыларының әлемдік сындардағы жетістіктері мен қазақ спортының келелі мәселелері жайлы сөз қозғайтын жаңа интернет-сайт «Аламан» деп аталады. Шыны керек, бұған дейін қазақ спорты туралы тұшымды ақпарат беретін бірде-бір қазақ тілді сайт болмағаны белгілі. Енді, міне, сол олқылықтың орны толып отыр. Рауан Оқасов, Руслан Меделбек секілді жас жігіттер осы сайтты ашуды қолға алды. Сайттың дизайнын жасаған біздің жерлесіміз — ақтөбелік Аршат Оразов. Жаңа сайттың ғаламтордағы мекен жайы: www.alaman.kz

Спорт сүйер қауым сайт бетінен қазақ спортшыларының әлемдік аламан додаларда жеткен жеңістерін біліп қана қоймай, ішкі ел біріншіліктері туралы ақпараттар мен мәліметтер, түрлі статистикалар мен өзекті мәселелер жөнінде проблемалық көлемді мақалаларды оқи алады. Сонымен қатар, «Аламан» оқырмандары әртүрлі сауалнамалар мен бәс тігу сайыстарына қатыса алады.

Айта кету керек, «Аламан» интернет-сайтының басшылығы еліміздің әрбір облысында меншікті тілшілер қосынын ашуды жоспарлап отыр. Ендеше, «Аламанда» жүздескенше!

Бердеш ҚАЙЫРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button