Ауыл

«Сыбаға» сиырды, «Құлан» жылқыны көбейтті

Мемлекеттік бағдарлама

Елбасы осы таяуда ғана Ақтөбе облысында шағын және орта бизнесті дамытып, оның өңір экономикасындағы үлесін 50 пайызға жеткізу міндетін қойды.

Мемлекет басшысы біздің аймақта бұған мүмкіндіктің мол екенін де жақсы біледі. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өнеркәсіптің дағдарыс кезіндегі бере алмаған табысын толықтыруға әбден болады. Бұл бағытта бұған дейін де аймақта бірқатар жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылғаны белгілі. Мәселен, Ырғыз ауданы мал шаруашылығында мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану арқылы жақсы дамытты. Өйткені мұнда  бұл саланы ілгерілетуге мүмкіндік көп. Төрт түлік малды қанша өсіремін десе де, жер жетеді. Кең матау жайылымдық, берекелі шабындық, аумақтағы сексен көл, бірнеше өзен соған жағдай жасайды. Нулы-сулы Нұра аумағы, Тәуелсіздік жылдарында жаңа технологиямен салынған «Қыл» бөгеті—мал шаруашылығының сарқылмас әлеуеті.  Тек шаруаның ұтырын таба біл!

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амантай Досекешов те бізбен әңгімесінде жерінің осындай артықшылықтарын  алға тартып сөйледі. Шаруаны баяндаған әңгімесінен өңірде қайткенде малдың санын көбейтеміз деген тілегі аңғарылады. Және осы жолда ауданда біраз жұмыстар да атқарылған.

Тек өткен жылы  «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 469  ірі қара сатып алынып, белгіленген тапсырма 114, 4 пайызға орындалған. Бұл бағдарламаға  12 шаруашылық қатысқан. Жекелеп айтқанда Ырғыз ауылдық округінен — 5, Жайсаңбай ауылдық округінен — 3, Аманкөл ауылдық округінен — 2, Нұра мен Тәуіп ауылдық округтерінен бір-бірден шаруа қожалықтары қатысыпты. Қызылжар, Құмтоғай ауылдық округтері ғана үлес қоспаған.

Осы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ақсақал Тәуіп» ЖШС 15 млн 500 мың теңге несие алып, 80 сиыр сатып алған. Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша ең көп ірі қара алған да осы серіктестік екен. Бұдан соң, Аманкөл ауылдық округінен «Арсен-2015» шаруа қожалығы — 40,  осы округтің «Барсай» шаруа қожалығы 45 сиыр сатып алған. Ал «Мақсат», «Мұқасан» шаруа қожалықтары осы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша әрқайсысы 60-тан ірі қара алған.

Бөлім басшысының мәлімдеуінше, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша аудан өткен жылы 800  қой сатып алуы керек екен. Жыл ішінде 1090 қой сатып алынған немесе тапсырма 136,3 пайыз орындалған. Бұл бағдарламаның орындалуына төрт шаруашылық қатысыпты. Ең көп қой сатып алған «Тәуіп» ауылдық округінен «Қазбек» шаруа қожалығы, содан кейін «Маймақ» шаруа қожалығы екен.

Жылқы түлігін көбейтудің бір жолы — «Құлан» бағдарламасы. Ол бойынша ауданның өткен жылғы тапсырмасы 110 бие сатып алу болатын. Жыл ішінде 114 бие сатып алынған. Сөйтіп, белгіленген меже 103,6 пайызға орындалған. Жылқы шаруашылығын дамытып, осы түліктің санын көбейтуге ауданның 8 шаруа қожалықтары, оның ішінде тек Ырғыз ауылдық округінен 3 шаруашылық қатысты. Бұдан соң жылқы түлігін көп сатып алған Аманкөл ауылдық округінен 2 шаруашылық болды. Мәселен, «Дәулет» шаруа қожалығы 30 бас бие, 4 асыл тұқымды айғыр, «Жомарт» шаруа қожалығы 20 бие, 2 асылтұқымды айғыр, «Ұлпан» шаруа қожалығы 20 бие, 3 асылтұқымды айғыр алды.

Ырғыздықтар мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыстарды үстіміздегі жылы да жалғастырмақ. Сонымен бірге, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған

дәстүрлі емес шаруашылықтар бойынша да жасалып жатқан жұмыстар бар. Тәуіп ауылдық округінде «Қазбек» шаруа қожалығы 50  бөдене өсіріп отыр. Биыл бұл аталған қожалық құс санын көбейтіп, кемі 150-ге жеткізбек.

Ал Ырғыз ауылдық округінде жеке кәсіпкер Нұрлан Тоқтаров қоян өсірумен шұғылданады. Оның да қазіргі көздеп отырған мақсаты — бағымындағы қоян санын көбейте түсу.  Өңірде бірыңғай құс өсіруге бейімделген, осы жолды ұстанған шаруашылықтар көріне бастады. Соның бірі — «Қолқанат» шаруа қожалығы. Қазір бұл шаруашылық жүз қаралы тауық асырап отыр. Алда оның санын кемі 200-ден асырмақ. Аудан орталығы маңайына орналасқан қожалық өз өнімін жергілікті сауда орындарына салады.

Кейінгі кездерде қосалқы шаруашылықтарды дамытуға жергілікті тұрғындардың ықыласы артып отыр. Мысалы, бұрын ауылдарда қоян, құс өсірушілер саусақпен санарлықтай аз болатын. Ал қазір бұған ықылас білдірушілер күн санап көбейіп келеді.  «Қызылжар» ауылдық округінде Ердібек Маханов қоян шаруашылығын қолға алды.

Алда осындай шаруа ұйымдастыруды ойластырып отырғандар да аз емес. Нұра ауылдық округінде «Абылай» шаруа қожалығының басшысы Қарқынбай Үйелбаев Ресейден өз қаржысына 500  қаз әкеліп өсірмек. Аманкөл ауылдық округінде «Асылжол» шаруа қожалығының төрайымы Ақкенже Отаралинаның 200 ешкісі бар. Көктем шыға ешкі сүтін сауып, сауда орындарына түсірмек.

Ал «Камал» ЖШС төрағасы Қуандық Сәтбаев түйеқұс өсірумен шұғылданбақ. Ол Аманкөл ауылдық округінен 15 шақырым жерде отыр. Қонысы, қора-қопсысы, барлық жағдайы бар. Серіктестіктің  малын бағуда. Соған қосымша түйеқұс өсірумен де айналысуды ойлайды. Қобда ауданында түйеқұс өсіріп отырған кәсіпкермен байланысып, осы мәселемен шұғылданып жүр.

Амантай Досекешовтің айтуына қарағанда, қосалқы шаруашылық жүргізуге талаптанып отырған азаматтардың ешқайсысы әзір мемлекеттен көмек сұрап отырған жоқ.  Егер несие қажет болса, олардың кез келгені құжаттарын түгел дұрыс ұсынып, алуларына болады. Агронесие кооперациясының Ырғыз аудандық серіктестігі кәсіпкерге 20 миллион теңгеге дейін несие бере алады. Тек ықылас білдірсе болды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Ырғыз ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button