Мәдениет

Сахнада – «Король Лир»

Досы мен қасын айыра алмай, екіжүзділікке сеніп, естіліктен жұрдай қыздарына ел тізгінін ұстатқан, ал еркелікті аярлыққа балап, шын тірек болатын адамын шетке қаққан король өмірінің қасіретін баяндайтын «Король Лир» трагедиясы Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрында сахналанды.

Спектакль премьерасы кеше, 25 ақпанда өтті. Ал бір күн бұрын спектакль облыстық мәдениет басқармасы жанындағы бірлескен көркемдік кеңес мүшелерінің талқысына ұсынылды.

Жалпы, бұдан төрт ғасыр бұрын жазылған Уильям Шекспирдің атақты шығармасын (аударма – Әбіш Кекілбаевтікі) сахналау ұзақ жылдар театрдың бас режиссері болған Мағзом Бақытжановтың көптен бергі арманы екенін ақтөбелік өнерсүйер қауым жақсы біледі. Бүгінде Бақытжанов – театр директоры, ал оның арманын шәкірті Қуандық Қасымов жүзеге асырып отыр.

Көркемдік кеңес мүшелері спектакльді жылы қабылдады. «Король Лир» облысымыздың мәдени өміріндегі үлкен табыс болмақ» деген ортақ пікір айтылды. Әсіресе, Мағзом Бақытжанов сомдаған Лир бейнесі аса тартымды шыққан.

Шығарма сюжетіне келсек, жасы келген шақта демалуды ойлаған Лир өз корольдығын үш қызына бөліп бермек болады. «Қай қызым мені көбірек жақсы көрсе, соның үлесі көбірек болмақ», – дейді король. Үлкен екі қыз – Гонерилия мен Регена – әкелерін «шексіз жақсы көретіндіктерін» дәлелдеу үшін бар «өнерлерін» салып бағады. Ал кіші қыз Корделия бүкіл сарай алдында: «Мен бұлай көлгірсуден бас тартамын», – деп мәлімдейді. Сөйтіп, ол үлестен құр қалады. Өз еркімен тақтан тайған король соңынан үлкен қыздарының іздегені  билік қана болғанын, ал өзін шынайы перзенттік сезіммен жақсы көріп, шексіз сыйлайтын жалғыз ғана Корделия екенін түсінеді. Бірақ өткен күннің қателігін түзетуге кеш еді. Ақыры, корольдың өзі де, көлгір қыздары мен жазықсыз Корделия да қазаға ұшырайды…

Спектакльде Лир қыздарының ролін А. Оразалина (Корделия), М. Мұзбаева (Гонерилия) және Т. Жандыбаева (Регена) ойнайды. Ал көпшілік сахнаға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Жастар сарайы жанындағы театр студиясына (жетекшісі О.Бәйсеңгір) қатысушы студенттер де ат салысып отыр.

– Қойылымға дайындықты өткен жылдың тамыз айынан бастадық. Басты сенгенім Мағзом аға болды. Ол сомдаған Лир тұлғасы менің өз бағалауымша, Ақтөбе театры үшін ғана емес, бүгінгі қазақ театр өнері үшін үлкен табыс. Ал жастарға да ризамын, – дейді қоюшы режиссер Қуандық Қасымов.

Тахауи Ахтанов атындағы драма театр сахнасына бұған дейін де үш қойылым алып шыққан Қуандық Қасымовты ақтөбелік көрермендер батыл шешімдерге бара білетін, өз қолтаңбасы бар режиссер ретінде танып отыр.

Оқырманның есіне сала кетейік, мәңгілік тақырыпқа – жақсылық пен жамандық күресі – арналған «Король Лир» ең алғаш рет 1606 жылдың 26 желтоқсанында сахналанды. Төрт ғасырдан астам уақыт бойы әлем театрлары репертуарынан түспей келе жатқан Шекспир трагедиясы енді ақтөбелік көрермендерге де ұсынылып отыр. Тахауи театры репертуарының «Король Лирмен» толығуының өзі үлкен жаңалық екені даусыз. Ал жаңа сатының, жаңа белестің басы бола ала ма  – алдағы күндерде өнерсүйер жұрт төрелегін айтар…

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button