Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбе облысында жастар мен ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін 1 миллиард теңге бөлінеді

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын түсіндіру мақсатындағы республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшелері өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сәрсенбі күні біздің облысқа жұмыс сапарымен келген «Бәйтерек» ұлттық басқарушы xолдингі» АҚ басқарма басшысы Ерболат Досаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Сондай-ақ, Ерболат Досаев Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын аралап көрді. Оның ішінде «Бәйтерек Девелопмент» АҚ құрылысын салып жатқан Батыс-2 шағын ауданындағы 180 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

Кәсіпкерлер бас қосқан жиында алдымен сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылдағы қиындықтарға қарамастан, облыстың өнеркәсіп өнімінің көлемі артқанын тілге тиек етті.

Мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне, мұнай бағасының түсіп кетуіне және басқа да қиындықтарға қарамастан былтыр біздің облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемінің көрсеткіші 100,2 пайызға (1,2 триллион теңге) жетті. Сөйтіп, біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндеттерді, тапсырмаларды орындай алдық. Яғни, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді төмендеткен жоқпыз, — деді өңір басшысы. Оның айтуынша, облыста  50,7 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар.  Бұл салада жалпы саны 130 мың адам немесе экономикалық белсенді тұрғындардың 29,6 пайызы жұмыс істейді. Ақтөбе қолайлы бизнес-орта құру бойынша елімізде екінші орын иеленеді. Кәсіпкерлерге қолдау, көмек көрсету, олардың істерінің ілгерілеуі үшін барынша жағдай жасалып жатыр. Кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жолы — шағын несие беру. Бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынды жүргізілуіне «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы — 2020», «Жұмыспен қамту —2020», «Агробизнес — 2020»  мемлекеттік бағдарламаларының септігі көп.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда да біздің облыста қарқыны жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жиында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы xолдингі» АҚ басқарма басшысы Ерболат Досаев сөз алды. Ол Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының бес басым бағытының бірі — кәсіпкерлікті дамытуға, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталғанын айтып, бұл мақсаттағы жүктелген міндеттер туралы әңгімеледі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі ретінде елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізуді міндеттеді. Осы тапсырманы орындау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіледі, — деді холдинг басшысы. Ол өз сөзінде кәсіпкерлік пен тұрғын үй құрылысын дамытуда Ақтөбенің әлеуеті зор екендігін тілге тиек етті.

Өңірдегі бизнесті дамыту мақсатында Ақтөбеде шағын несие беруді ынталандыруға және бизнес негіздерін оқытуға бағытталған жұмыстар қолға алынды.

Биыл «Бәйтерек» холдингіне еншілес ұйым «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және несиелерді кепілдендіру арқылы шағын және орта бизнес жобаларына қолдау көрсетілетін болады.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысының  әкімдігімен бірлесе отырып, жылдық 8,5 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша кәсіпкерлерді қаржыландыруға 1 миллиард теңге бөлінеді. Оның ішінде жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 300 миллион теңге, ауыл кәсіпкерлеріне көмек ретінде 700 миллион теңге берілетін болады, — деді Ерболат Досаев.

Жиын барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы xолдингі» АҚ басқарма басшысы Ерболат Досаевқа кәсіпкерлер түрлі сауалдар қойып, тұшымды жауап алды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button