ЖаңалықтарЭкономика

Кәсіпкерлер субсидияны қайтсе ала алады?

Брифинг

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы журналистерге брифинг өткізді.

«Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен жиында басқарма басшысы «Даму»  қоры және екінші деңгейлі банктермен бірлескен жұмыстардың оң нәтиже бергенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны — 60,6 мың. Бұл, өткен жылғымен салыстырғанда, 4,5 пайызға көп. Ал бұл салада бүгінде 130 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр.

— Шағын және орта бизнес құрылымдармен өндірілген өнім, тауарлар мен қызмет көрсетулер көлемі 457,9 миллиард теңгені құрады. Бұл бойынша да ілгерілеу бар, ол 14 пайызға артып отыр.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 2016 жылдың қорытындысы бойынша 316 жоба қолдауға ие болды. Бұл, 2015 жылмен салыстырғанда, 34 пайызға өсті, — деп атап өткен Анар Даржанова бағдарламаға қатысу жөнінен көшбасшылардың қатарында Хромтау, Мұғалжар, Алға және Шалқар аудандарының барын тілге тиек етті.

Басқарма басшысы өз сөзінде, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Ақтөбе облысы субсидиялауға мақұлданған жобалар санынан еліміз бойынша II орынға ие болғанын, ал несиелерді кепілдендіру бойынша көш бастағанын келтірді. Бұл, сөзсіз, жоғары көрсеткіш. «Көп жағдайда кәсіпкерлер бізге көмек көрсетілмейді деп жатады. Бұл — қате түсінік. «Даму» арқылы жеңілдетілген несиені алуға болады. Ол үшін құрылған арнайы комиссия да бар. Тек мынаны түсіну керек: олардың ұсынған жобасы экономикалық жағынан тиімді болуы керек. Негізінен, кәсіпкерлер көбіне-көп субсидияны көліктік қызмет көрсету, тамақ өнеркәсібі салалары бойынша алады. Біз өз тарапымыздан ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтіндерге айрықша көңіл бөлеміз. Өйткені оның болашағы зор. Осы орайда былтыр 157 кәсіпкердің субсидия алғанын айта кету керек», — деді Анар Даржанова.

Сонымен қатар, басқосу барысында облыс әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арасында қабылданған меморандум аясында ауылдық жерлердегі жас кәсіпкерлерді шағын несиелеу бойынша өңірлік «Кең Дала-2» және «Жас Старт-2» бағдарламаларының іске асатыны, бұл мақсатта 1 миллиард теңгенің қарастырылғаны белгілі болды. Бұл тұста «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша ауылдық кәсіпкерлерге жылдық 8,5 пайызбен 30 миллион теңгеге дейін 5 жылға шағын несиелер салалық шектеулерсіз берілсе, «Жас Старт-2» бағдарламасына 29 жасты қоса алғанға дейінгі облыс орталығының және ауылдың жас кәсіпкерлері қатыса алады.

Брифингте «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін биыл 1,3 миллиард теңгенің бөлінгені де баян етілді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button