Басты жаңалықтарЭкономика

Құрылыс индустриясын қалай дамытамыз?

Кеңес

Елбасы таяуда облыс әкімімен кездесу кезінде еліміздің ішкі жалпы өніміне қосатын облыстың экономикалық үлесін арттыруды тапсырған болатын. Бұл міндетті шешуде өнеркәсіп пен құрылыс саласы шешуші рөл атқаратыны белгілі. Осымен байланысты кеше облыстық әкімдікте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Ақтөбе облысындағы құрылыс индустриясының дамуы туралы мәселе қараған кеңес өтті.

— Өткен жылы құрылыс саласына салынған инвестицияның көлемі 200 миллиардтан астам теңге болатын болса, биыл одан кем дегенде 30 пайызға көбейту жөнінде болжам бар. Биылғы жылы облыстың бюджеті өткен жылдың бюджетімен салыстырғанда 15 пайызға, алдыңғы жылмен  салыстырғанда 30 пайызға көбейді. Ал республикадан келіп жатқан қаржыларды есептейтін болсақ, Ұлттық қордан, республикалық бюджеттен, жергілікті бюджеттен, жалпы құрылыс, коммуналдық сала, жол, ауыл шаруашылығы 170 миллиард теңге қаржыны құрайды. Бұған қосымша биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынып жатқан нысандарға жұмсалатын қаржы 28 миллиард теңге шамасында болмақ. Сонда құрылыс бағытына ең кем дегенде 200-250 миллиард теңгенің жұмысы жасалады деп күтілуде. Осынша көлемдегі жұмысқа көп құрылыс материалдары керек. Бұл жердегі біздің басты мақсат — осы құрылыс жұмыстарын өзіміздің жергілікті кәсіпорындардың  қамтамасыз етуі болу керек. Біздегі болжамымыз бойынша өзімізді құрылыс материалдарымен ең кем дегенде 70 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Алайда, өкінішке қарай, біз де әрбір құрылыс кәсіпорындарымен тікелей жеке жұмыс жүргізіп отырғанымыз жоқ. Содан да біздегі көптеген кәсіпорындардың жүктемесі 30-40 пайыздың айналасында болып келеді. Осыдан келіп, әлі де болса, 30-40 пайыз құрылыс материалдарын сырттан, шетелдерден алып келуге мәжбүр болып жүрміз, — деп бастады облыстың құрылыс индустриясы саласына қатысты кәсіпорындар басшылары, мамандары алдындағы әңгімесін облыс басшысы.

Жергілікті жерлердегі жүргізілетін құрылыстарға шетелдерден әкелінетін материалдарды кемітудің жолдары жеткілікті екенін айта келіп Бердібек Сапарбаев индустриялдық аймақтағы кәсіпорындардың осы мәселені шешуге келгенде белсенділік таныта алмай отырғанын сынға алды. Бар кәсіпорындардың мүмкіндіктері  толық пайдаланылып отырған жоқ. Бұған қоса, сырттан келетін құрылыс тауарларын алмастыратын зауыттар салуға байланысты ұсыныстар аз.

— Биылғы жылы құрылыс саласында қалай жұмыс жасаймыз? Біздің тараптан қандай қолдау-көмек керек? Құрылыс кәсіпорындары сырттан келетін материалдарды, тауарларды қайтіп азайтпақ? — деп мәселені ширата түсті облыс басшысы.

Облыстық индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ерлан Назаровтың құрылыс индустриясының даму саласының өткен жылғы қорытындыларын және үстіміздегі жылғы міндеттерін қозғаған баяндамасында аймақ басшысы қойып отырған міндеттерді шешудің бірқатар нақты дәлелдері айтылды.

— Өткен жылы құрылыс-монтаж жұмыстарына салынған инвестиция 203 миллиард теңге болды. Бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. Құрылыс-монтаж жұмыстарына салынған инвестицияның 48 миллиард теңгесі бюджет қаржысы болса, 155 миллиард теңге жеке қаржы көздерінен. Ақтөбе облысы құрылыс индустриясын дамытуда зор әлеуетке ие екенін көпшілік жақсы біледі. Өткен жылы құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 20 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 70 пайызға жуығын өзіміздің ішкі қажеттілік құрылыс материалдары қамтамасыз етсе, қалған 30 пайызы сырттан келетін тауарлардан тұрады, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жоғарыда айтылған  30 пайыз тауар негізінен Ресейден, Қытайдан, Германиядан, Польшадан, Беларуссиядан жеткізіледі. Жасалған талдау сырттан әкелінетін құрылыс тауарларының тең жартысы 2 мың шақырым аймаққа орналасқан  Еуразиялық экономикалық қауымдастық елдерінен алынатынын көрсеткен. Сырттан келетін құрылыс тауарларын азайту мақсатында аймақтан әлемнің жетекші өндірісшілерінің қатысуымен зауыттар ашу мәселесі қарастырылуда. Олар линолеум және ламинат шығаратын кәсіпорындар болмақ. Құрылыс материалдарының қалған импорттық тауарларын жабу мақсатында аймақта бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын болады.

Кеңесте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергеновтің де хабарламасы тыңдалды. Сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Махамбет Сәнжановтан, өзге де жиынға қатысқан құрылыс салатын және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың басшыларынан алдағы құрылыс науқанына дайындық барысы, соның ішінде әлеуметтік құрылыстар салуға жекелей қосып отырған үлестері сұралды.

Елбасының, облыс басшының қойып отырған бірінші талабы — құрылыс жұмыстарында қазақстандық мазмұн — жергілікті материалдар мейлінше мол пайдаланылып, импорттық тауарлар ығыстырылуға тиіс. Бұл жерде, аймақ басшысының айрықша ескерткеніндей, жергілікті құрылыс материалын пайдалану тек мақсат болмай, олардың аса сапалы болуына назар аударылуға тиіс. Әйтпесе, кей жағдайда алдан шығып жүргеніндей, жергілікті сапасыз материалдарды пайдалану жалпы құрылыстың  сапасына әсер етуі мүмкін. Бірсыпыра құрылыс компаниялары мұны қазірдің өзінде алға тартуда.

Облыс басшысының кеңесте атап көрсеткеніндей, аймақта құрылыс индустриясын табысты жүргізуге, өркендетуге мүмкіндік мол. Құрылысқа қажетті материалдар да,   қазба байлықтары да жеткілікті. Түрлі құрылыс материалдарын: оның ішінде кіріпіштің түрлерін, қиыршық тастар мен құмның неше алуанын өндіретін кәсіпорындар баршылық. Бірақ солардың беретін өніміне нақты есеп жетісе бермейді. Бұл үшін құрылыс кәсіпорындарының барлығында қатаң есеп, толық қуатында жұмыс істеуіне бақылау болуға тиіс. Жергілікті өнімдер аймақтағы құрылыс саласын толық қамтамасыз етіп, артылғаны сыртқы рынокқа шығарылуға тиіс. Облыс әкімінің сынында айтылғандай, көптеген кәсіпорындардың басшылары  жұмыстарын бұлай тиімді ұйымдастыра алып отырған жоқ. Кеңестің барысында бірқатар құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың басшылары ескерту естіді.

Аймақ басшысы құрылыс индустриясын дамытуға байланысты осы саланы бақылайтын мемлекеттік орындардың, басқармалардың басшыларына құрылыс науқаны қызатын кезге дейін алдын ала дереу шаралар алып, жедел жүзеге асыруға нақты тапсырмалар берді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button