Мәдениет

Ақша бұлт

Ay, ақша бұлт, көгімде қалықтаған,

Ойыма ой қосқаның анық маған.

Оянды жүрегімде нәзік сезім,

Құндақтағы сәбидей шалықтаған.

Әрине, көрмей сені жүргенім жоқ.

Құлағымды нөсерге түргенмін көп.

Қара бұлттар жаңбыры сыбдырлаған

Қабағымның тұратын кірбіңі боп.

Беретін бір жылымық көңілге леп,

Аспанды айшықтаған өңіңді елеп.

Мен де атаймын өзіңді «Ақша бұлт» деп,

Болғаннан соң ерекше жөнің бөлек.

Қала алмаймын осынау сәтті елемей,

Елестейді теңіз де көк телегей.

Сол теңіздей аспаннан көрінесің,

Аялдаған айлақта ақ кемедей.

Атыңды ақша бұлт деп ел таратқан,

Жайсыздық болмаған соң сен тараптан.

Өзіңсіз көрінеді аспан төрі,

Күздегі көкше мұздай ерте қатқан.

Байқасам сезіміме байып тастап,

Орның бар жоғарыда лайықты, асқақ.

Кейде бір ұқсайсың-ау акқуға да,

Таранған қанаттарын жайып тастап.

Бөленіп күн нұрына керім, әсем,

Тұруыңның жоқ ешбір кемі десем.

Өзіңді жорта, жалаң мақтаушының,

Қасына қоса көрме мені де сен.

Аяз

Аяз тұр қаһарланып, күшке мініп,

Аралап қойын-қоныш ішке кіріп.

… Еске аламын шілдесін Ақбұлақтың,

Кәусарын алақанмен ішкен іліп.

Қашанда тиген жерін қарып кетер,

Әдетін баршаға ол қалыпты етер.

Айтпағаны белгілі әуелден-ақ,

«Қызыл шұнақ аяз» деп халық бекер.

Шымырлатар аязда борай суық,

Білмейді не екенін ол аяушылық.

«Мұндай күні, құдайым, сақта» – дейсің,

Кетуден елден ұзап, жаяу шығып.

Өссең де бұл далада күн өткізіп,

Шарпып өтер бетіңді түлеткізіп…

Қап, сайтан-ай, қарашы, міне, тағы,

Жіберді-ау құлағымды шым еткізіп.

«Келмейді сары аяздан тайсақтағым!»

Деп қалып, болды талай сан соққаным.

Ал бүгін түбіт қолғап кигеніммен,

Кеткені-ай удай ашып саусақтарым.

Аулада тұрмаса да аш құрсақ боп,

Мал тыпыршып, жылы орын аштырсақ деп.

Ал қазір шынында да, тфу, десең,

Түкірігің түседі тас бұршақ боп.

Даланы аязы көп жалаңдаған,

Жек көріп, жан-жағыма алаңдағам.

… Тек оларға жүрегім қосылмай тұр,

«Әрқашан да қымбат, — деп, — маған далам!»

Өтер күн

Жеңілі бар және бар зіл батпаны,

Бүгінгінің әуенін тыңдатқаны,

Аяқталып, мінекей, бара жатыр,

Көкжиекке еңкейіп күн батқалы.

Ауыл жаққа шұбырып із құлайтын,

Қыр үстіне кеш түскен қызылы айқын.

Күн еңкейіп барады, күн еңкейіп,

Күнделікті жолымен мызғымайтын.

Көкейімде жүрген бұл кептеліп үн,

Жымқырады жылдарды өтпелі күн.

Басқаларды білмеймін, ал өзіме,

Келген кезі – қуаныш, кеткені – мұң.

Солғын тартып күндізгі жүзі жарқын,

(Соңынан тоңазытар сызы бар түн).

Күн бірде көрінеді сияқтанып,

Домалап бара жатқан қызыл алтын.

Дейді ғой алтынның бар көшпелісі,

Айтты ма екен басынан кешкен кісі,

Саусағыңды қанатсаң тұра қалар,

Басқадай болмайды екен еш белгісі.

Мықтымын дегенді де бақ – талайлы,

Озып дәурен, уақыт та ноқталайды.

Саусағыңды мың жерден қанатсаң да,

Күн-алтын ешкімге де тоқтамайды.

Айдағы ақ боз үйлер

Аспанның ашықтығын пайдаланып,

Жанарым тоқталады Айға барып.

Со кезде елестейді ақ боз үйлер

Отырған төрін оның жайлап алып.

Адамзат зауқын ашар өріс екенін

Бүгінгі ұғымына өлшетемін.

Дегенмен, қиялыма алтын Айды

Саусағымды шошайтпай көрсетемін.

Көңілімнен құйған оның нұры кетпей,

Тамашалап тұрғаным қыбыр етпей —

Бір бейне көрінеді алтындатқан

Табақшаға салынған суреттей.

Бойына бар жақсылық жинап өскен…

Су алып келе жатқан иінағашпен

Ол қазақтың қызына ұқсамаса,

Қане, деп, қиялымды қинамас та ем.

Бола ма онда жиі боран-шашын

Доп басып айта алмаймын көп оншасын

Әйтеуір, келе жатыр желбіретіп

Қос етек көйлегі мен қолаң шашың.

Толқындай тынбай соғар жағалауды

Қиялым қойып бір сәт мазалауды,

Бары анық, дейді, қыздың бара жатқан

Жағында ақ боз үйлі қазақ ауылы!

Бекес СӘУІРБАЕВ,

Көкбұлақ ауылы.

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button