Мәдениет

Ізгі жүрек

«Ең ізгі жүрек — мұң тәрбиелеген жүрек»

В.Ключевский.

Оны алғаш көрген сәтте-ақ, бұл менің өмірлік жарым болуға лайық жан деп түйген. Оның ішкі жан-дүниесіне де үңіліп қарамады. Оның сыртқы келбеті өзіне мұрат тұтқан тұлғаға ұқсайтын еді…

Жүрек тілі — үнсіз. Оны кездестіре қалса, көкірегінің сазсырнайы бір сырлы күйді ойнап тұрғандай болады. Әттең, қызға тән биязылығы мен тәкаппарлығы жібермейді. Әйтпесе, әлгі сырлы күйді, оңаша қалғанда қиялында талай рет тек соған арнап шерткен әсем сазды қазақтың қасиетті қара домбырасының қос шегіне салып, ғашықтық сезімін төгілтер еді. Иә, талай рет талпынды да. Бірақ батылы бармады. Осылайша оймен арпалысқан күндер өтіп жатты. Төсек тартқан сал аурудай, қатып, семіп алты ай жатқан қарашадағы қармен бірге оның да сезімі жұдырықтай жүрегіне тастай қатып алған-ды. Біреу оған табиғаттың көктемімен бірге сезімдердің тентегі — махаббаттың да көктемі келеді десе, сенбес еді. Бірақ дәл солай болды. Алмастың сол кеште шығарып салып тұрып айтқан, өзіне деген сезімін естіген сәтте, көкірегінде алты ай қыстаған сырлы күй сезім пернелерін еріксіз басып, тасыған толқындай сыртқа ақтарылып жатты…

***

—    Сен мені ешқашан түсінбейсің!

—    Сенің де мені түсініп тұрғаның шамалы.

—    Көзіңнен бір тамшы жас тамбайтын болады дегенсің… Сөзінің соңы күйгелектенген кезінде кеңірдегінде пайда болатын түйінге тұншығып, әрең естілді. Алмасқа келіншегінің күйі әсер етпегендей, әлдебір шаруасынан қалып бара жатқан кісіше, асығыс киінді де, есікті тарс еткізіп жауып, тысқа шығып кетті. Күндегісі осы.

Даңғарадай үйдің ішінде Маржанның булығып жылаған даусынан басқа дыбыс жоқ. Бірде қатты, бірде күбірлеп, «менің сонша не жазығым бар еді?!» дегенді қайталай береді. Кімге айтқаны белгісіз. Бәлкім, жан-дүниесінің арпалысын түсінбеген жарына, бәлкім, онымен бірге тұрған он жылдағы өмірі мен ойының арасындағы күрестің құрбаны болған тағдырына айтқан шағымы шығар.

— Уһ! — деген Маржан жүзін түгел шайып кеткен көз жасын сүртіп, орнынан

тұрды. Енді қайтпек, балалардың сабақтан келетін уақыты таяп қалды. Жуынып, бет-әлпетін ретке келтірмесе, Құралайы сондай сезімтал. «Ақылдым сол!» Балалары есіне түскенде жүзінде ыза табы қалмай, жадырап шыға келеді. Құралай мұның көңіл күйін айтқызбай ұғып тұрады. «Апатайым, саған не болды, кім ренжітті? Бастығың ұрысты ма?» деп сұрақтың астына алады-ай келіп. Сондай сәттерде онсыз да әрең шыдап тұрған бұл қайта жылап қоя береді. Көрсеткісі-ақ келмейді. Бірақ жылауық. Биылғы күзгі табиғат та жылауық. Сұрланып, демін ішіне тартып тұрады да, бір мезет көз жасын төгіп, төгіп алады. Күннің көзі бір ашылмай-ақ қойды. Алмаспен бас қосқан жылғы күз жайма-шуақ болды. Бірін-бірі көруге асығып, жұмыс уақытының бітуін тағатсыздана күтетін. Алмасты көрген сайын бір жасағандай күй кешіп, әркім өзінше түсінетін бақытпен беттескендей сезінетін  өзін. Оның әр сөзінен бақытын іздеп жүргендей әсер алатын.

«Адам дүниеде екі нәрседен адасуы мүмкін: мамандық және жар таңдаудан» дегенді әкесі жиі айтып отырушы еді. Бұл өзінше түйін жасайтын. Басқа, басқа… жар таңдаудан адаспауға тиістімін дейтін, сезім дүниесінде адасып қалсам, сезім алданғаннан кейін мағыналы өмір сүре алмаспын дейтін. Өмірде от басқандар да, жарасымды жұп құрып отасқандар да бар, осылардың қайсысында қаламын деп қорқатын. Алайда Алмасты кездестірген сәтте осы ойынан қалай айнып қалғанын өзі де білмейді. Оның жүрегінің төрінде не жатқанына бағдарлап қарап та жатпады. Тұңғыш рет жүрегі селт етті. Маржан ғашық еді.

… «Құралай, мен әкеңнен кетіп қалсам, кіммен қаласың?» деп осыдан бес жыл бұрын сұрағанда, оның жанары жасқа толып, «Қайдағыны айтпашы, маған екеуің де керексіңдер?» деген. Ол кезде Құралай бес жаста ғана болатын. Жүрегіне әлдекім өткір пышақ сұғып алғандай, өне бойы дір ете қалды. Баласынып еді, кесек жауап алды. Содан кейін бұл тақырыпта әңгіме қозғамады. Балаларының бақыты үшін бәріне төзуге тиіс екенін түсінді.

…Алғашында асты-үстіне түсіп өбектейтін жары уақыт  өте өзгере бастады. Қызғаныш, сенімсіздік… Ішінде мыс қазандай қайнап жатқан осы бір жағымсыз сезімнің жетегіне ерген Алмас Маржанға қол жұмсады. «Өзге жанды сүйесің» деп кінәлайды… Жүрекке мұң ұялады, көңілге сызат түсті…

Маржан Алмасты кешірді. Алмас Маржанның өзін кешіретінін білетін еді. Себебі, Маржанның жүрегі сүйеді, себебі, оның жүрегі ізгі еді.

Гүлназ ТӨЛЕБАЕВА,

Қандыағаш қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button